Тарих • 18 Қаңтар, 2023

Созақ – қазақтың алғашқы астанасы

3187 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Созақ – Қазақ хандығының алғашқы астанасы деген сөзді бастамас бұрын, Қазақ хандығының өз алдына жеке мемлекет болып, Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан алғашқы дәуірінен бірер сөз айтуға тура келіп тұр. Себебі орта ғасырлық Созақ қаласы тарихының бір парасы – Қазақ хандығының құрылуының алғашқы дәуірімен тікелей байланысты. Ал Қазақ хандығының алғаш құрылған уақыты жөнінде тарихшылардың пікірі әртүрлі. А.П.Чулошников «Очерки по историй казак-киргизского народа» атты еңбегінде Қазақ хандығы XV-XVI ғасыр шеңберінде құрылды десе, тарихшы-ғалым С.К.Ибрагимов «К историй Казахстана» еңбегінде Қазақ мемлекеті XVI ғасырдың 30-40 жылдарында қалыптасты дейді. Орта ғасырлар тарихының маманы, тарихшы ғалымдар Т.И.Султанов және С.Г.Кляшторный «Казахстан, Летопись трех тысячелетий» еңбегінің «О первом Казахском государстве» бөлімінде: «Қазақ хандығы бір мезгілде жүзеге асатын акты емес», – дей келіп: «Қазақ хандығы XV ғасырдың 70 жылдарында құрылды», дейді. Ал археолог-ғалым Мадияр Елеуов «Шу өңірі: Аңыз бен тарих» (Алматы, «Қазақ университеті», 1996) атты ғылыми еңбегінде: «Қазақ хандығы Шу өңірінде қой жылы құрылды», дейді. Қазақша жыл санаудың 12 жылда 1 рет қайталанып келетінін ескерсек, М.Елеуов жазған қой жылы 1456 жылғы, одан кейін келетін қой жылы 1468 жылға тура келеді екен.

Созақ – қазақтың алғашқы астанасы

Қазақ хандығының қашан, қай жерде құрылғандығы жөнінде нақты дерек беретін, 1554-56 жылдары жазылған ортағасырлық тарихи еңбек Мұхаммед-Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде»: «Сол уақытта Дешті қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарды көп мазалап, Жәнібек хан мен Керей хан одан Моғолстанға қашып кетті. Есен-Бұға хан оларды шын ықыласымен қарсы алып, Моғолстанның батыс шебін құрайтын Шу және Қозыбасы алқабын берді. Олар бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілхайыр хан өлген соң, өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды. Оның қол астындағылардың үлкен бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Сөйтіп олардың төңірегіне жиналғандардың саны екі жүз мың адамға жетті. Олар енді өзбектер-қазақтар (өзбек-қазақ) деп аталатын болды. Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан басталады, бәрін де бір Алла біледі»,– деп жазды. Мұхаммед-Хайдар Дулати жазған Хижраның 870 жылы біздің жыл санауымыздың 1465-66 жылдарына тура келеді екен.

Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды деген «Тарих-и Рашидидегі» дерекке С.Г.Кляшторный, Т.И.Сұлтанов, С.Ибрагимов секілді ғалымдар сенімсіздік көрсетіп, күдікпен қараса, орыс тарихшысы В.В.Вельяминов-Зернов «Исследование о Касимовских царях и цареевичах» деген еңбегінде «Тарих-и Рашидидегі» Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі тарихи мағлұматтарға қалтықсыз сенуді ұсынған. Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі әртүрлі пікірлерді талдап саралай келе, «Тарих-и Рашидидегі» дерек дұрыс-ау,– деген ойға келіп тірелеміз. Себебі «Тарих-и Рашиди» авторы М.Х.Дулати Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр ханнан бөліне көшу себептері мен Қазақ хандығының құрылған уақытын анық көрсетеді. Басқа бірде-бір тарихшы, бұлай нақты көрсете алмаған. Бұл – бір.

Екіншіден, Әбілхайыр ханның жеке тарихшы-шежіреші «Тарих – Абулхайыр-наменің» авторының жазуы бойынша, Әбілхайыр хан 1468 жылы қайтыс болған. Бұл нақты тарихи дерек. Себебі оны Әбілхайыр ханның жеке шежіреші-тарихшысы жазып отыр. Ал енді кейбір зерттеушілеріміз жазып жүргендей, Қазақ хандығы 1456 жылы құрылған болса, онда Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр хандығынан жобамен, ең кем дегенде 1455-56 жылдар арасында бөлінген болып шығады. 1456 жыл мен Әбілхайыр хан қайтыс болған 1468 жылдың арасы тура он екі жыл. Билік үшін болатын саяси күресте, он екі жыл тым ұзақ уақыт. Әбілхайыр хан тақ таласындағы өзінің ежелгі ата жауы, Ұрыс хан ұрпағы Керей мен Жәнібек сұлтандардың күш жинауына соншалық көп уақыт бермесе керек.

Үшіншіден, тарихшы Мадияр Елеуовтің Қазақ хандығы қой жылы құрылды деген дерегі бойынша, он екі жылда бір рет келетін қой жылының бірінші айналымы 1456 жылға, ал екінші айналымы 1468 жылға келетінін айтып өттік. 1456 жылғы қой жылында Қазақ хандығының құрылуы логикалық қисынды жүйеге келмейтінін айттық. Ал енді 1468 жылғы қой жылында Қазақ хандығының құрылуы мүмкін емес. Себебі «Тарих – Абулхайыр-наменің» жазуы бойынша Әбілхайыр хан 1468 жылы қайтыс болған. Ал М.Х.Дулати өз еңбегінде: «...Олар (автор бұл жерде Керей мен Жәнібек сұлтандарды айтып отыр) бұл жақта жақсы жайғасып алған кезде, Әбілхайыр хан өлген соң, Өзбек ұлысы бұзылып сала берді: онда үлкен-үлкен шатақтар басталды»,– дейді. Автордың жазуы бойынша, Керей мен Жәнібек Шу өңіріндегі Қозыбасыға жайғасып алғаннан кейін Әбілхайыр хан қайтыс болған. Демек Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілхайыр ханның көзі тірісінде одан бөліне көшкен. Біздің бұл болжамымызды М. Х. Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» расқа шығарады. Десек те мына жайтты естен шығармаған жөн. Ол: Мұхаммед-Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінен» жиырма-отыз жыл бұрын ортағасырлық тарихшылар жазған ғылыми еңбектер Камал ад-дин Әли Бинайдың «Таварих-и гузида-ий нусрат-нама», «Шайбани-наме», Шадидің «Фатх-наме», Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-ий Бухара»(Бухара қонағының жазбалары) еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуы жөнінде нақты тарихи датаны айтпаса да, ол еңбектерде Жәнібек пен Керей хандардың аттары аталып, «Тарих-и Рашидиде» келтірілгендей, Қазақ хандығының басқа жерде емес, батыс Жетісуда, яғни Шу мен Талас алқаптарында іргесі қаланғаны туралы мағлұматты тікелей немесе жанама түрде растайды.

Қалай десек те, ғұлама-ғалым Әлкей Марғұланның өзі «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» деп мойындаған ортағасырлық ғалым Мұхаммед-Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты әлемге әйгілі еңбегінде жазылған: «Қазақ сұлтандарының билігі сегіз жүз жетпісінші жылдардан (қазіргі жыл санауымыз бойынша 1465-66 жылдар) басталады»,– деген пікірді негізгі дереккөзі ретінде ресми мойындаған «Қазақстан тарихы» ғылымы: «1465-1466 жылдары Әбілхайыр хандығынан бөлінген Керей мен Жәнібек сұлтандар Жетісудың батысындағы Қозыбасы мен Шу деген өңірге келіп қоныстанды. Олардың саны екі жүз мың адамға жеткен. Қоныс аударып келгендер, 1465-66 жылдары жасы үлкен Керейді ақ киізге отырғызып хан сайлап, Қазақ хандығын құрды»,– деп жазса – (С.Жолдасбеков. «Қазақстан тарихы» оқулық. Алматы, «Мектеп», 2010), «Осы уақыт – хижраның 870 жылы – біздің жыл санауымыздың 1465-66 жылдары, Қазақ хандығының құрылған уақыты ретінде алынған»,– деп дәйектейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты «Қазақстан тарихы» бес томдық кітабының ІІ томында («Қазақстан тарихы». Бес томдық, ІІ том, «Атамұра», 2010).

Сонымен 2010 жылы «Мектеп» бас­пасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығы мен 2010 жылы «Атамұра» бас­пасынан шыққан «Қазақстан тарихы» бес томдығындағы дерекке сүйене отырып айтарымыз: Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі түрлі ғылыми еңбектердегі қилы тарихи деректерді салыстыра зерттеген Ғылым академиясының Тарих және этнология инс­титуты мен Археология институты бірігіп айқындаған, «Қазақ хандығы 1465-66 жылдары құрылды» деген М.Х.Дулатидың «Тарих-и Рашидиіндегі» дерек ресми түрде қабылдануы керек.

Батыс Жетісудағы Моғолстан ханы Есен-Бұға берген Қозыбасы мен Шу өңіріне қоныстанып, жайлауы Орталық Қазақстандағы Ұлытау өңірі, қыстауы Оңтүстік Қазақстандағы Көкшенің құмы мен Мойынқұм болған, жаңа құрылған Қазақ хандығының алдында мынадай міндеттер тұрды:

  1. Көшпенді шаруашылықтың мал жайылымдарын пайдалануда Дешті Қыпшақ даласындағы бұрыннан қалыптасқан тәртіпті қалпына келтіру.
  2. Қазақ тайпаларының басын қосып, Қазақтың этникалық аумағын біріктіру. Керей мен Жәнібек сұлтандарға қарасты көшпенді тайпалардың «Қазақ елі» деп атала бастауы да осы тұс. «Қазақ» этнонимінің пайда болуы, Қазақ хандығының құры­луымен тұспа-тұс келді десек, біржақты үстірт кетіп адасамыз. Себебі Тіл ғылымы еңбектерінде дәлелденгендей «еркін», «ер», «тәуелсіз», «ерікті адамдар» деген мағына беретін «қазақ» сөзі, Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дәуірде қолданыста болғаны белгілі.
  3. Керуен жолының үстіндегі, Түркістан өлкесінің қалалары Сығанақ, Сауран, Созақ, Отырар, Йассы секілді стратегиялық маңызға ие үлкен қалаларды Қазақ хандығының қарамағына қарату еді. Күн тәртібінде тұрған осы аталған мәселелердің ішіндегі ең өзекті де маңыздысы осы үшінші мәселе болатын.

Иә, Түркістан өлкесінің қалаларын өзіне қарату, жаңа құрылған Қазақ хандығының алдында тұрған кезек күттірмейтін ең өзекті мәселе болғаны анық. Себебі бүкіл шығыс Дешті Қыпшақты (шығыс Дешті Қыпшақ – Қаратаудан басталып, Сырдарияның төменгі ағысы мен Аралдан солтүстікке қарай көсіліп жатқан далалы кеңістік) өзіне қаратқысы келген Қазақ хандығына, Сырдария бойындағы малға жайлы қыстық жайылымдар мен Түркістан қалаларын өзіне қаратпай, бүкіл шығыс Дешті Қыпшаққа билік жүргізу мүмкін емес еді. Оның үстіне, Қазақ хандығындағы мал шаруашылығымен айналысатын көшпенді тайпалардың күнделікті тұрмыс қажетін өтеу үшін де, сауда, әр түрлі кәсіпшілік өнер дамыған керуен жолындағы Түркістан өлкесіндегі қалалар өте қажет болатын.

Түркістан өлкесінің қалалары дегенде, Түркістан аймағы туралы түсінік бере кету жөн. Түркістан аймағы, бұл – орта ғасырлық тарихи-географиялық термин. Сол кездегі «Түркістан аймағы» – Сырдария өзенінің орта ағысынан бастап, оңтүстігі – Шыршық пен Бадам өзенінің су айырығы, оңтүстік-шығысы – Шымкент маңындағы Сайрам қаласы, солтүстік-шығысы – Сырдарияның солтүстік жағалауын бойлай созылып жатқан Қаратау жотасының екі қапталы. Қаратау жотасының солтүстігінен түстікке қарай «Дешті Қыпшақ» даласы басталатын.

Ортағасырлық тарихшы Ибн Рузбихан Исфаханидың «Михман – наме-ий Бухара» (Бұхара қонағының жазбалары) атты еңбегінде: «Түркістан өлкесінде отыз бекініс бар. Олардың ең ірілері Сырдарияның оң жағалауы мен оның салалары бойындағы Йассы (Түркістан) Отырар, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Иқан мен оның сол жағалауындағы Аркөк, Үзкент, Аққорған, Қожан, Қаратаудың теріскей бетіндегі Созақ, Құмкент қалалары», деп көрсетеді.

Тарихи энциклопедиялық деректер бойынша: Созақ қаласы Х ғасырда пайда болып, XVIII ғасырға дейін өмір сүрген. (Қазақ энциклопедиясы. Алматы, 2005ж.)

Кіші Жібек жолы бойында Х ғасырда пайда болған Созақ қаласы, Әбілхайыр хндығы тұсында да Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысына кірген. Олай дейтін себебіміз: «Сол кезеңде (әңгіме Әбілхайыр хандығы жөнінде) оңтүстік Қазақстан мен Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ секілді қалалар мен майда бекіністер Керей мен Жәнібек сұлтандардың қарамағында болса керек», деп Қазақ хандығы құрылғанға дейін де, Қаратаудың солтүстік қапталындағы Созақ қаласы Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысына қарағандығын «Қазақстан тарихы» ғылымы атап көрсетеді. (Қазақстан тарихы. Бес томдық, ІІ том. Алматы, «Атамұра», 2010) Ұрыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлысына қараған Созақ қаласы, кейіннен Қазақ хандығы құрылғаннан кейін оның құрамына бірден кірген секілді.

Шығыс Дешті Қыпшаққа билік етуді мақсат еткен Қазақ хандығы, 1468 жылы Әбілхайыр хан өлген соң, Әбілхайыр хандығының әлсіреген тұсын ұтымды пайдаланып, Қаратаудың солтүстік қапталындағы Созақ қаласы мен біршама майда бекіністерді өздеріне қаратып алады. Қазақ хандығының алғашқы дәуіріндегі осы кезең туралы «Қазақстан тарихы»: «1470 жылдың қысына қарай Қазақ әміршілері Түркістанда (бұл жерде Түркістан аймағы туралы айтылып отыр) едәуір ілгері бас­ты. Жәнібек ханның үлкен ұлы Махмуд сұлтан Қаратау етегіндегі Созақты алды. Басқа бір ұлы Еренші сұлтан Сауранды иеленді. Қаратаудың оңтүстігіндегі қазақтардың іс-қимылының жандануы Мұхаммед Шайбаниды Мауранахрға, Темір ұрпақтарының қол астына шұғыл түрде кетуге мәжбүр етеді», – дей келе: «Сыр өңіріне жасалған алғашқы шабуылдың нәтижесінде Қазақ әміршілері өздеріне Сауран мен Созақты бекітіп алды», – деп атап көрсетеді. (Қазақстан тарихы. Бес томдық, ІІ том. Алматы, «Атамұра», 2010)

Түркістан аймағындағы қалалар үшін болған соғыста, Қазақ хандығының серпімді қимылдары, Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбаниді Бұхараға қашып кетуге мәжбүр етеді. Екі жылдан соң Темір ұрпақтарынан әскери көмек алған Мұхаммед Шайбани Түркістан өлкесіндегі Аркөк, Сығанақ секілді қалаларды жаулайды. Сығанаққа арқа тіреп, өз ықпалын күшейткісі келген Мұхаммед Шайбани, Қаратаудың солтүстігіндегі Созақ қаласын басып алуға аттанады. Орта ғасырлық тарихи еңбек «Таварих-и гузида-ий нусрат-намада», Созақ қаласы үшін болған Мұхаммед Шайбани мен Қазақ әскері арасындағы дәл осы шайқас туралы: «Мұхаммед Шайбани мен Қазақ әскерлерінің арасындағы шайқас, Қаратау тауының Соғұнлық асуында өтті. Шайқаста Жәнібек ханның ұлы, Созақ қаласының әміршісі Махмуд сұлтан қаза тапса да, Мұхаммед Шайбани жеңіліске ұшырады», деп жазады. Бұл тарихи еңбек­тегі «Соғұнлық» асуы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Созақ ауылдық әкімшілігі территориясына қарасты «Суындық» асуы екенін оқушы қауымының біле кеткенін жөн деп есептейміз.

Созақ қаласы үшін Суындық асуында өткен осы шайқас туралы Мұхаммед Шайбанидың жеке тарихшы-шежірешісі Камал ад-дин Әли Бинай өзінің «Шайбани-наме» атты орта ғасырлық еңбегінде, Мұхаммед Шайбани ханды қанша жерден көтеріп мақтағанымен, Шайбани хан Созақты басып алды деп жаза алмай: «Созақ бекінісін алуға Шайбани хан әрекет жасамады. Ол көп олжа түсіріп, Сығанаққа қайтып оралды», деп тарихи оқиғаны бұрмалап жазғанын тарихшы ғалымдар бірауыздан атап өтеді.

Бұл жерде «Шайбани-наманың» авторы Әли-Бинайдың тарихи шындықты бұрмалап: «Созақ бекінісін алуға Шайбани хан әрекет жасамады»,деген сөзі маңызды емес, маңыздысы: «Шайбани хан Сығанаққа қайта оралды», деген сөзі. Себебі бұл сөз – сол кезеңде Шайбани ханның Сығанақ қаласын мекен еткеніне толық дәлел. Соңғы кезде көптеген тарихшы ғалымдар Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Сығанақ, – деген пікірді жиі қайталап жүр. Ал біздің ойымызша Қазақ хандығының алғашқы астанасы Сығанақ емес – Созақ.

Осы ойымызды ғылыми деректер бойын­ша жүйелеп көрейікші...

Біріншіден, орта ғасырлық тарихи еңбектер «Таварих-и гузиде-ий нусрат-наме» мен Камал ад-дин Әли-Бинай жазған «Шайбани-намеде» Жәнібек ханның кезінде де, Жәнібектен соң хан болған Бұрындық ханның тұсында да, Созақ қаласын Жәнібек ханның баласы Махмуд сұлтан билегенін бір ауыздан қосыла жазады. Екіншіден, осы мақаламызда айтып өткеніміздей, Ұлттық ғылым академиясының Тарих және Этнология институты мен Археология институты бірігіп отырып жазып, жарыққа шығарған бес томдық «Қазақстан тарихы» атты еліміздің ең басты «тарих оқулығының» ІІ томында: «1470 жылы Жәнібек ханның үлкен ұлы Махмуд сұлтан Созақты басып алды», деп атап көрсетеді.

Демек Қаратаудың солтүстік қапта­лында орналасқан Созақ қаласы 1470 жылдан бастап Қазақ хандығына қараған. Махмуд сұлтан Созақ қаласын өзіне қаратып алған оқиғадан екі жыл өткен соң, жобамен 1472-73 жылдары Созақ қаласы үшін болған Суындық асуындағы шайқаста, Мұхаммед Шайбани хан Қазақ әскерлерінен жеңіліп, Сығанақ қаласына қайтып кеткендігін орта ғасырлық тарихи еңбектер «Таварих гузида-ий нусрат-нама» мен Камал ад-дин Әли-Бинайдың «Шайбани-намасы» бірауыздан атап өтеді.

Сонда тарихымыздың осы кезеңінде, Қазақ хандығының қас жауы Мұхаммед Шайбани хан мекен етіп жатқан Сығанақ қаласы, қалайша Қазақ хандығының алғашқы астанасы болады? Созақ қаласы Қазақ хандығының иелігіне өтіп, Жәнібек ханның үлкен ұлы Махмуд сұлтан Созақ қаласына әмірлік жүргізген тұста, атасынан мұраға қалған хандықты қалпына келтіргісі келген Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан мекен еткен Сығанақ қаласы Қазақ хандығына мүлдем бағынбайтын. Бұл – «Қазақстан тарихы» ғылымының әліпбиінен хабардар әрбір мектеп оқушысына белгілі жәйт.

Ойымызды қорытындылай келе, жоғарыда келтірілген орта ғасырлық тарихи еңбектер мен «Қазақстан тарихы» бес томдығының ІІ томындағы ғылыми деректерге сүйене отырып айтпағымыз: Қазақ хандығының алғашқы астанасы Сығанақ емес – Созақ. Бұл – анық.

Енді Қазақстанның көне шахары Созақ қаласы туралы бірер сөз. Тарихшы ғалымдарымыз Ә.Марғұлан, К.Байпақов, Л.Б.Ерзакович, К.Ақышев, А.Н.Бернштам секілді белгілі тарихшы-ғалымдардың археологиялық зерттеу жұмыстары бойынша жазылған ғылыми енбектердегі деректерге қарағанда, Созақ қаласы Қаратаудың солтүстігіндегі керуен жолының бойында, Х ғасырларда пайда болған. Орта ғасырлық тарихи еңбектердегі дерек көздерінің барлығында дерлік, Созақ қаласының аты аталады. Солардың бірі, Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-ий Бухара» (Бұхара қонағының жазбалары) еңбегінде: «Түркістан аймағында отыз қала бар, cоның бірі – Созақ қаласы», деп атап жазады.

Созақ қаласының тарихы XIV-XVI ғасырлардағы Қазақстан территория­сындағы «Ақ Орда», «Әбілхайыр хандығы», «Қазақ хандығы», Секілді мемлекеттердің тарихымен ғана емес, ұлтымыздың бірігіп, қалыптасу тарихымен де тығыз байланысты. Қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, кейін күшейіп, Дешті-Қыпшақ пен Сыр бойындағы қалаларды түгел өздеріне қаратқанға дейінгі уақытта, яғни 1465 жыл мен 1510 жылдар арасын­дағы жарты ғасырға жуық уақыт Қазақ хандығы­ның тірек қаласы – Созақ шаһары болған­дығын орта ғасырлық тарихи дерек көзде­ріне сүйенген «Қазақстан тарихы» бес томдығының ІІ томы атап көрсетеді. Сондақтан да болу керек, Ғұлама ғалым, Ә.Х.Марғұлан өзінің «Көне Қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» еңбегінде: «Қаратаудың солтүстік бөктерінде, қазіргі Созақ кентінің жанында сол аттас қала бар. Ол қазақ жерін бірлестірудің бастапқы кезеңінде, Қазақ хандарының тірегі болған», деген сөзін­де сырға толы, терең тарихи ой жатыр.

Орта ғасырлық тарихқа орта ғасырлық көзқараспен қарау керек, сонда ғана біздің тарихи танымымыз тереңдей түседі. Отырықшы мәдениет пен көшпенді мәдениетті қатар ұстанған сол кездегі Қазақ мемлекеті үшін «астана» деген түсінік те, тіптен сол «астана» деген сөздің өзі де күнделікті қолданыста болмауы бек мүмкін. Бірақ тұрғылықты халқы бар, мешіті мен діни оқу орындары, көшпенді тайпалардың күнделікті тұрмыс қажеттігін өтейтін шағын кәсіпорындары мен сауда орталықтары бар, жаз жайлауға шығатын Қазақ хандарының алты ай қыста орнығып отырып мемлекет мәселелерін шешетін, тірек қалалары болғандығы айдан анық. Бұл – қажеттіліктен туған тарихи жағдай болатын. Сондықтан да Қазақ хандығының алғашқы дәуірінде, Созақ қаласының Қазақ мемлекетінің тірек қаласы болғандығы ақиқат дүние! Бірақ сол тірек қала «астана» деп аталды ма, «орталық қала» деп аталды ма, ол маңызды емес. Маңыздысы, Қазақтың ұлттық мемлекеті – Қазақ хандығы құрылып, өмір сүруін бас­тады. Ең маңыздысы осы.

«Баталы елдің баласы аталы сөзге тоқтаған» дегендей, академик Ә.Х.Мар­ғұлан­ның: «Созақ – қазақ же­рін бірлес­тірудің бастапқы кезеңінде хан­дардың тірегі болған» деген сөзін негізге ала отырып: «Созақ – Қазақ хандығының алғашқы тірек қаласы, астанасы» деген тоқтамға бірауыздан келетін уақыт келді. Мемлекет болған жерде оның астанасы болады. Бұл – тарихи ақиқат. Ал тарих – ғылым, ұлтымыздың идеологиясы һәм тәрбие құралы.

 

Нұрғали Махан,

өлкетанушы-ұстаз

Созақ ауданы, Таукент кенті