Үкімет • 19 Қаңтар, 2023

Құлдыққа түскендер құтқарылады

221 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында Қазақстанда Мексика елшілігін ашу, Ауғанстан мәселесі, Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі дүниежүзілік форум секілді бірқатар мәселе баяндалды.

Құлдыққа түскендер құтқарылады

Саланың ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, биылғы 12 қаңтарда Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Сыртқы істер министрлігі алқасының отырысы өткен. Онда сыртқы сая­сат ве­домствоның 2022 жылғы қыз­метінің қорытындылары шығарылып, ағым­дағы сын-қатерлер мен алдағы кезеңге арналған жұмыс бағыты айқындалды.

«2023 жылғы 12-13 қаңтарда Мехико қаласында Мексиканың Сырт­қы істер министрі Марсело Эбрард­тың сол елде аккредиттелген дипломатиялық корпуспен 34-ші жыл сайынғы кездесуі өтті. Министр Марсело Эбрард өз сөзінде биылғы мақсаттар туралы айтып, 2023 жылы Мексика бес жаңа елшілік, оның ішінде Қазақстанда да елшілік ашатынын ресми түрде жариялады. Қазақстан Мексика үкіметінің шешімін құптайды және Мексиканың Астанада елшілігін ашуға қажетті көмек көрсетуге да­йын», деді А.Смадияров.

Сондай-ақ спикер 2023 жылғы 16 қаң­тарда Швейцарияның Давос қала­сында Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы отырысы басталғанын хабарлады. Айта кетерлігі, іс-шара 2023 жылғы 20 қаңтарға дейін жалғасады. Форумның тақырыбы – «Бөлінген әлемдегі ын­тымақтастық». Қазақстан тарапынан осы іс-шараға Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­тігінің төрағасы Әсет Ерғалиев қатысады.

«18-20 қаңтар аралығында XV Дүние­жүзілік азық-түлік және ауыл ша­руашылығы форумы мен «Жасыл апта-2023» халықаралық көрмесіне қа­тысу үшін министр Ербол Қара­шөкеев бастаған Ауыл шаруашылығы министрлігі деле­га­циясының Берлинге сапары жос­парланған. Халықара­­лық «Жасыл апта» – ауыл шаруашы­лығы, азық-түлік өндірісі және бау-бақ­ша сала­сындағы ең ірі халықара­лық көр­ме-жәрмеңке. Ол 1926 жыл­дан бері Берлинде жыл сайын өткізі­ліп келеді. Іс-шара аясында қазақ­стандық тарап халықаралық азық-түлік индустриясының озық техно­ло­гиялық әзірлемелерімен және өнім­дерімен танысады», деді А.Смадияров.

Сондай-ақ брифинг барысында шетелде құлдыққа түскен қазақ­стан­дықтар мәселесі де сөз болды. Кейінгі кезде «алтын үшбұрыш» деп ата­латын Оңтүстік-Шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Таи­ланд) қазақстандықтардың құлдыққа түсуі туралы ақпарат жиі тараған-ды.

«Алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар, көбінесе үшінші тарап – әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан азаматтарын Таиланд аумағында орналасқан ком­пания­ларға жұмысқа шақырады. Таиландқа келгеннен соң түрлі желеу айтылып, азаматтар алаяқтық жолмен Мьянма аумағына жеткізіледі. Оны кейін түсінген отандастары­мыз қайта елге оралуға ниет білдір­ген жағдайда, компания олардан 5-10 мың доллар төлеуді талап етеді. Осыған байланысты, мұндай соманың болма­уына орай, қазақстандықтар қытай­лық ком­панияларда жұмыс істеуге мәжбүр болады.

Мәлім болғандай, жәбірленушілер Еуропа мен Америка азаматтарынан алаяқтық жолымен ақша шығаруға машықтанған қылмыстық компанияларға көбінесе аудармашы болуға немесе клиенттермен жұмыс істеуге қабылданады. Жұмыстан бас тартқан жағдайда, азаматтарды басқа ұқсас қылмыстық компанияларға 5-7 мың долларға сатып жібереді. Бұған қоса, зорлық-зомбылықпен, психикалық қысым, тамақ бермеу секілді әдістермен қорқытады», деді А.Смадияров.

Осы орайда, Қазақстанның Таи­ланд және Вьетнамдағы елшілік­тері осы мәселені толық шешу мақ­сатында Таиландтың, Лаостың және Мьянманың құқық қорғау орган­дарымен және сыртқы саясат ведомст­­воларымен тұрақты бай­ланыс­та екенін айта кеткен жөн. Сон­дай-ақ бұл үдеріске Таиландтағы халық­аралық үкіметтік емес ұйымдар да жұмылдырылған.