Қоғам • 19 Қаңтар, 2023

Алаяқтарға үкім шықты

230 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып, алты адамға үкім шықты. 2019 жылдың қарашасынан 2020 жылдың ақпанына дейін Алматы, Ақтөбе, Ақтау және Атырау қалаларында «Тиімді депозит» атты қаржылық пирамида құрып, жұрттан ірі көлемде қаржы жинаған Дархан Аймағамбетов 10 жылға, оның серіктестері – Мақсат Әбуғалиев, Тимур Қарасаев, Нұржан Берниязов, Алмат Тағанов, Марат Күржімбаев 8 және 7 жылға сотталды.

Алаяқтарға үкім шықты

«Тиімді депозит» пирамидасын құрушылар жаза мерзімін өтегеннен кейін де қаржылық не коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды. Сот үкімі бойынша сотталу­шылар зардап шеккендердің қара­жатын қайтарып беруге тиіс. Алаяқ­тардың әрекетінен зардап шеккен 764 адам 4 миллиард теңге қаржысынан айырылған. 840 томнан тұратын қыл­мыс­тық істе алаяқтардың қаржы пирамидасы әдісімен жұрттан қолма-қол ақша қабылдағаны, тіпті автокөліктер мен жеке адамдардың тұрғын үйлерін қымбатқа сатып беруге уәде еткені көрсетілген. Көп табыс табамыз деп ал­данған жұрт алаяқтардың кеңсесіне келіп, жеке көліктер мен тұрғын үйлерін саудаға шығаруға өз аттарынан сенімхат рәсімдеген. Ақыр аяғы сатылымға шыққан мүлік те жоқ, не қолдарына қаржысы да түспей сан соғып қалды. Тергеу кезінде алаяқтарға қатысты қаншама дәлел жиналса да, сот барысында айыпталғандар кінә­ла­рын мойындамады. Не тергеу кезінде, не сот үдерістерінде жұрттан жиналған 4 миллиард теңгенің қайда кеткендігі анықталмады.

«Тиімді депозит» ісімен бір кезде Ақтөбе қалалық №2 сотында «Центр Финанс» пирамидасын ұйымдастырған 31 жастағы Берік Тиминге қатысты сот жүріп жатыр. 2019 жылдың жел­тоқ­санынан 2020 жылдың ақпанына дейін екі жүз адам осы пирамидаға 1 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Екі жарым жыл бұрын Берік Тимин «Центр Финанс» серіктестігін сатып алып, жарғысында коммерциялық қызметпен айналысатынын көрсете отырып, қайта тіркеуден өткізеді. Содан кейін жоғары жалақыға қызметкерді жұмысқа алатындығы туралы жарнама береді. Жұрттан салым қабылдап, ай сайын 40 пайыздық мөлшерлемеде сыйақы беруге уәде еткен. Бұл жерде адамдардан қабылданатын ең тө­мен­гі салым мөлшері – 300 мың, ең жоғарғысы 2 миллион 100 мың теңге деп белгіленген. Берік Тимин де алаяқ әріптестері секілді жұрттың көлігін нарықтық бағадан 30 пайыз жоғары бағаға сатып беруге уәде етеді. Көлік иесімен келісімшарт жасасып, олар жылжымалы мүлігін саудалауға сеніп тапсырған. Алаяқ көлік иесінің қолына аз мөлшерде қаржы беріп, қалған соманы көлік сатылған соң беруге уәде еткен. Уақыт өте береді, уәде етілген қаржы қолына тимеген соң көлік иесі Берік Тиминнің кеңсесіне келгенде еш адамды таппайды, ешбірі телефон тұтқасын көтермейді. Зардап шеккендер өздерінің қалай алданғандарын баяндағанымен, сот үдерісінде алаяқ­тар өздерін айыпты деп сезінбеді. Берік Тиминнен алданған 200 ақтөбелік бір миллиард теңгені қайда жібергенін білгісі келсе де, бұл сұрақтың жауабы та­былмады.

Айта кету керек, Ақтөбеде бір жыл бұрын дәл осы уақытта бірнеше қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға ашық сот болып, оннан астам адам ұзақ мерзімге сотталып кеткен еді. Өкінішке қарай, қолындағы қаржысынан айы­рыл­ған, баспанасын не көлігін сатып беремін дегендерге оңбай алданған адам­дардың көптігіне қарамастан, қар­жы пирамидаларына сенетіндер саны әлі азаймай отыр.

 

Ақтөбе облысы