Тарих • 23 Қаңтар, 2023

Қайталанбайтын дауыс

491 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымызда «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бар. Шынында да, ел арасында талайды талантымен тәнті еткен тарландар мен дүлдүлдер жетерлік. Сондай өрелі өнерпаздың бірі – дарынды әнші Сайлау Ордабаев. Бұл кісі ақтық демі үзілгенше туған жерінен ірге аудармай, сайын даладағы сағымдай шалқыған асқақ дауысымен Торғайды ғана емес, барлық қазақ жерін әнімен тербеп өтті.

Қайталанбайтын дауыс

Сайлау ағаны мен бала кү­німнен білемін. Өйткені біздің кішкентай күнімізде ауылға, әсіресе жаз кезінде облыстық «Шертер» фольклорлық-этно­графиялық ансамблі жиі ке­­ліп, концерт қоятын. Сонда шы­бықты ат қылып мініп жүрген біздер «ауылға концерт келді», деп үй арасына шапқылап қуа­натынбыз. Бір жағынан, ол кісі – жерлесіміз. Сондықтан ауыл­дастары оның әсем әнін ғана емес, қазақы кең пішілген болмысы мен ақкөңіл мінезін де жақсы көрді. Содан кешке концерт басталады. Шағын клубтың іші көрерменге лық толады. Сахнада «Шертердің» ше­берлері кезектесіп шығып, өнерлерін көрсетеді. Ал біз Сай­лау ағаны тағатсыздана кү­тіп отырамыз. Ол шыққан кез­де... Клубтың ішінен маса­ның да ызыңы естілмейді. Бәрі қалт тына қалады. Ағамыз кең құ­лашты дауысымен халық ән­де­рімен бірге, эстрадалық туын­­дыларды қатар орындап, ауыл­­дастарының ыстық ықы­ла­сына бөленеді. Әсіресе ол ақын Айсұлу Қадырбаеваның сө­зі­не жазылған, композитор Те­мір­әлі Бақтыгереевтің «Барып қайт, балам, ауылға» атты туын­ды­сын керемет орындаушы еді. Бұл ән­ді Тұңғышбай Жаманқұлов­тың орындауында теледидардан естігенбіз. Сонда да Сайлау аға өзгеше айтады. Мұңлы сазбен өрілген ән жан дүниеңді қозғап, өзге бір күй­ге бөлейді. Сол кезде ал­дыңғы қатарда­ғы ата-әже­леріміз көз­деріне жас алып, ке­шегі өзде­рінің қолында өскен бала­ның елге танылған әнші бол­ғанына риза болып, марқайып отыратын.

Жасы үлкендердің айтуынша, әншінің әкесі Ордабай ақса­қал соғыс жылдарында ұжым­шар басқарып, елдің алғысын алған азамат. Сонымен бірге ол кісі атбегі, сері мінезді адам бол­­ған. Содан да болар, оның балала­рының бәрі шетінен өнер­лі. Кез келген музыкалық ас­пап­та шебер ойнайды. Алайда со­лар­дың арасынан өнер жолын Сайлау аға ғана қуды. Оған да бір себеп бар. 1971 жылы жаңа­дан шаңырақ көтерген облыс­та «Торғай әуендері» атты аймақ­тық фестиваль ұйым­дас­­тырылады. Сонда Отан алдын­дағы азаматтық борышын ен­ді өтеп келген жиырма бір жас­тағы жігіт алғаш ән айтып,  бай­қаудың бас жүлдесін иеленеді. Сонымен бірге Алматыдағы рес­публикалық фестивальге жолдама алды. Торғай облысы­нан жалғыз өзі барған ол сол кездегі астанамыздың ең үлкен сарайында ән салып, Кәукен Кенжетаев, Бекен Жылысбаев секілді өнер тарландарының батасына ие болды. Олар талапты жастың табиғи дауысы зор екенін байқап, консерваторияға оқуға шақырады. Алайда сол жылдары Торғай облыстық пар­тия комитетінің үшінші хатшысы болып істеген, руханият жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков оған өнерге келуге бағыт сілтеп, 1972 жы­лы Арқалық қаласындағы Сер­әлі Қожамқұлов атындағы музы­калық драма театрына орналас­тырады.

Сайлау Ордабаевтың өнер­дегі жолы 1974 жылы бұрынғы Торғай облысы филармония­­сы жанынан құрылған «Шер­тер» фольклорлық-этнография­­лық ансамблімен тікелей байла­ныс­ты. Осы ансамбльдің құра­мында өнер көрсеткен оның даң­қы елге бірден жайылды. Бұл өнер ордасы да Өзағаңның ықпалымен құрылған.

«Шертерді» халық жақсы көрді. Қазірде фольклорлық ансамбльдер жетерлік, бірақ олардан тарсыл-гүрсіл дыбыстар мен металдың үні құлақ жара­ды. «Шертерде» ондай бөгде ды­быс болған емес. Таза музыка­лық аспаптардың үні естілетін. Өнер­паздар ұрмалы аспапта­ғы ыр­ғақты ұстап, сүйемелдеп оты­ратын. Ансамбльдің репер­туары да бай болды. Оны Өзбек­әлі ағаның өзі қадағалады. Әсі­ресе ол кісі халық ән-күйі мен жергілікті өңірге арналған туын­дыларды айтуға мән бер­ді. Кейін ансамбль белгілі әнші Сайлау Ордабаев, композитор Қалибек Деріпсалдин, күй­ші Әбжан Сәрсенбаевпен то­лық­ты. Ауылдарды жиі аралай­мыз. Ел адамдары бізді құрақ ұшып қарсы алып, жаны қал­май күтеді. Ән-күйімізді ұйып тыңдайды. Осылай «Шер­тер­дің» аты Торғайға ғана емес, Қазақстанға танылды», деп еді бір сұхбатында осы ансам­бль­дің мүшесі, биші Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген әртісі Тойған Ізім.

Әйгілі әнші «Шертер» ан­сам­блімен бірге Қазақстанда ғана емес, Үндістан, Иран, Жа­пония, Вьетнам, Филиппин, Корея, Ресей және тағы басқа мем­лекеттерде гастрольдік са­парда болып, ұлттық ән өне­рінің мерейін асырды. 1980 жылы Мәскеуде өткен Бү­кіл дүниежүзілік жастар фес­ти­валіне қатысып, дипло­мант атанды. 2004 жылы Қоста­най облыстық меценаттар клу­бы­ның «Қазына» сыйлығын иелен­ді. Ағамыз өмірінің соң­ғы жылдарында қатты науқастанып, сахнадан қол үзіп қалса да, өзі­нен кейінгі шыққан жастарға қамқор болды. Ардақты азамат 2007 жылы өмірден озды.

Жақында әлеуметтік желі­ге бір жерлесіміз Сайлау Орда­баев орындаған «Торғайды аң­сау» атты әнін жүктепті. Бұл туын­ды қай жылдары шық­қа­нын нақты білмеймін. Бі­рақ осы шығарманың музыка­сын ұзақ жылдар бұрынғы Тор­ғай облысының Мәдениет басқармасын басқарған, өзі де сан қырлы өнерлі азамат Жұмағали Өмірбеков жазыпты. Осы әнді тыңдап отырып, туған жерін шексіз сүйген біртуар әншінің қайталанбас дауысын естіп, көңілімді мұң басты.