Бизнес • 25 Қаңтар, 2023

Бизнестің билікке базынасы

284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда бизнес-қауымдастық Алматыда «Qazaqstanda jasalğan» деп аталатын экономикалық ұлттық қозғалыс құрғанын хабарлады. Журналистер алдында ағынан жарылған топ түрлі қауымдастықтардан құралған. Олар ендігі жерде бизнестің мәслесін жеке-жеке қауымдастықта емес, экономикалық ұлттық қозғалыстың ортақ алаңында шешеміз деген үмітте.

Бизнестің билікке базынасы

Ұйымның экономикадағы қазақстан­дық тауар сегментіне басымдық беретіні, солардың қоғамдық деңгейдегі қорғау­шылары бола алатыны да жиында айтылды. Тез және оңтайлы шешімдер табуы үшін мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысын қалай құру керек деген сұраққа жауап беруге тырысып, жауап күтетінін айтты. 

Жаңадан пайда болған қауымдастықтың артында экономиканың түрлі секторларында жүрген жүз мың адам тұр. Жиын­ды ұйымдастырушылар атап өткен­дей, мем­лекеттік қызметкерлер мен заң шы­ғарушылардың экономиканың нақ­ты сек­торын дамытуға мүдделі болмауы және «шетелдік өндірушілер мен импорт­таушылардың мүддесіне басымдық беруі, кейбір ойын ережелерінің «көлеңкеге» қарай ойыса беруі экономикалық ұлттық қозғалыс құруға түрткі болған.

Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев­тің пікірінше, биліктің шешім қабылдау логикасын түсіндіру өте қиындап кеткен. Бюджет қаражатына отандық жиһаз­дарды сатып алуды шектеу жергілікті жиһаз дайындайтын секторға кері әсер етті. Қауымдастық өкілі айтып өткендей, ұлттық жиһаз өндірісінде дамуға мүмкіндік беретін факторлар да, оны қолдан тежеп тұрған бюрократиялық шешімдер де көп. Қазақстанда тіркелген компанияларды отандық жиһазға тапсырыс беруді міндеттеу арқылы да саланың күретамырына қан жүгіртуге болатын еді.

– Бірақ бізде – керісінше. Құрылыс пен отандық жиһаз секторы арасындағы технологиялық тізбек қалыптаспаған. Әлемдік тәжірибеде екі сектор бір-біріне дем-бере отырып дамитынын естен шығарып алдық. «Жайлы мектеп» мемлекеттік бағдарламасына жүздеген миллиард теңге бөлінді. Алайда біз, жиһаз жасаушылар сол мектепті жабдықтау үдерісіне араласа алмаймыз. Осындай шешімдердің кесірінен сала қазірдің өзінде 4 500-ге жуық жұмысшысынан айы­рылды, оның ішінде білікті мамандар да бар. Шенеуніктер импорттаушылардың мүддесін тікелей қорғайтын сияқты, – дейді Қанат Ибраев.

Қауымдастық басшысы айтып өткендей, осындай шектеулер бизнестің тынысын тарылтып тұр. Ойын ережелері өзгеріп, шектеулер де қырық құбылып тұрады. «Мен жиһаз бизнесімен айналысқан 12 жылдың ішінде 4 рет шектеулерге тап болдық, бір рет банкроттықтың да дәмін таттық. Біз проб­лемаларды өз мүмкіндігіміз арқылы да шешуге дайынбыз. Осы қозғалысты құру туралы шешімді мүмкіндігіміз шектеліп қалғандықтан қабылдап отырмыз», дейді кәсіпкер.

«Qaz Textile Industry» өзін өзі реттейтін жеңіл өнеркәсіп ұйымының төрайымы Гүлмира Уахитова ұлттық инвесторды қорғау мемлекеттің ең маңызды рөлі болуы тиіс екеніне тоқталып өтті. Қазақ­стан­дық компаниялар мемлекетпен, жер қойнауын пайдаланушылармен, жүйе құраушы кәсіпорындармен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасып, жеке және несиелік ақшаны қажетті құрылыс­тар­ды салуға инвестициялаған мысалдар көп. Бірақ ұзақ мерзімге жасалған келісім­шарттар себебі түсіндірілмей, біржақты бұзылады.

Аграрлық саладағы отандық маман­дардың бірі Кирилл Павлов шенеуніктердің ауыл шаруашылығы саласында қиындық­тар тудыруы мүмкін оғаш шешімдері туралы айтты. Бұған қазақстандық пиязды экспорттауға тыйым салу жақсы мысал бола алады. Сарапшының пайымдауынша, мұндай шешімдер жүйесін өзгертпейінше, іс алға баспайды. Агроөнеркәсіптік кешен – табиғи тәуекелдерден басқа, ережелер мен реттеу тетіктерінің тұрақтылығы жоқ, инвестициялық тәуекелдері жоғары сала. Сарапшы айтып өткендей, біздің елде аграрлық омбудсмен жетіспейді. Фермерлер мен шенеуніктер арасындағы дау-дамайдан тұтынушы зардап шегеді. Сарапшының пайымынша, пиязды экспорттауды шектеу туралы шешім ішкі нарықтың мүддесін қорғауға бағытталғаны анық. Қазақстандықтар 1 жылда 340 мың тонна пияз тұтынады. Бір ғана Жамбыл об­лы­сы өткен жылы 1 млн тонна пияз жинады.

– Статистика деректеріндегі мәлімет­тердің жүйесіздігі ауыл шаруашылығының тынысын тарылтатын шешім қабылдауға мәжбүр етіп отыр. Бір жылға деген қажет­тілік 340 мың тонна екенін айттым. Ал оның үстінде қалған 660 мың тонна пияз­ды қайда жіберу керектігін білмеймін. Бірақ ерте көктемде пияздың килосын 500 теңгеден сатып алатынымыз шындық. Үкімет бұл тұста пияз экспортын шектеу арқылы фермерлерді табысынан қағып отыр, – дейді Кирилл Павлов.

Кәсіпкер айтып өткендей, мемлекет пен бизнес бір-бірінсіз өмір сүріп, жұмыс істей алмайтын екі құрылым. Мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді, мемлекеттік бағ­дар­ламаларды екі құрылымның күш-жігерін біріктіру арқылы шешуге болады.

Қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорын­дары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысовтың айтуынша, қазақстандық бизнесмендер шенеуніктердің немқұрайды­лығына шыдамағандықтан осындай шешім қабылдады. Қозғалысты билікпен арадағы алтын көпірге айналады деп үміттеніп отыр. Жекешелендіру науқаны жаңа меншік иелерін қалыптастырды, шенеуніктер де, кәсіпкерлер де жаңаша өмір сүруді үйренді.

– Біз, бизнесмендер саясатқа аралас­қы­мыз келмейді. Депутаттар мен шенеу­ніктер қазақстандық кәсіпкерлер мен өндіруші­лердің дамуына кедергі жасай берсе, онда бізде басқа амал қалмайды. Өйткені тұйықталған түйінді тарқататын өзге жол көріп тұрған жоқпыз, – дейді А.Барысов.

Іс-шараға қатысушылар қазір экономика­да болып жатқан белгілі бір өзгерістер мен үдерістерге бизнес қауымдастығының реакциясын тыңдау ерекше маңызды деген ортақ пікірге келді. Бизнестің ақылға қонымды ұсыныстарын қолдау, қажетсіз кедергілер жасамай, ашық бизнес жүйесін құру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, қосымша тәуекелдер тудырмайтындай және бизнес ортаның нашарлауына қауіп төндірмейтіндей әртүрлі реттеуші бас­тамаларды мұқият бағалау маңызды. Осылай­ша, сарапшылық және ғылыми қоғам­дастық­тың пікірлері және мемлекеттік деңгейде қабылданған шешімдердің негі­зінде жатқан теңдестірілген тәуекелге негізделген көзқарас әртүрлі аймақтардағы тектоникалық өзгерістер кезеңінен сәтті өтудің және дамудың оң үрдісіне енудің кілті болады.

Жиында бизнесті қолдау тетіктерін жетілдіру, олардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланып, мемлекеттік сатып алу кезінде заңды бұзғандарға жазаны күшейту мәселесі де сөз болды.

 

АЛМАТЫ