Саясат • 27 Қаңтар, 2023

Мәжілістің міндеті Сенатқа жүктелді

219 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Отырыс барысында сенаторлар ант қабылдап, Сенат төрағасының орынбасары сайланды. Сондай-ақ тұрақты комитеттердің саны мен атауы, олардың төрағалары мен мүшелері бекітілді.

Мәжілістің міндеті Сенатқа жүктелді

Мәулен Әшімбаев жаңадан сайланған және тағайындалған әріптестерін құттықтап, алдағы жұмыстың басым бағыттарына тоқталып өтті.

«Мемлекет басшысы Сенат­тың алдында тұрған басты мін­деттерді белгілеп берді. Алды­мызда атқаратын жұмыс аз емес. Бұл ретте елімізде жүр­гі­зіліп жатқан реформаларды заң­на­малық тұрғыдан уақтылы қам­тамасыз ету аса маңызды», деп М.Әшімбаев депутаттардың жұ­мысына сәттілік тіледі.

Отырыс барысында сенаторлар белгіленген тәртіппен халыққа ант берді. Сенат спикерінің  ұсы­нуымен депутаттардың дауыс беруі нәтижесінде сенатор Жақып Асанов Палата төраға­сының орынбасары болып сайлан­ды. Сонымен қатар Сенат регла­ментіне сәйкес тұрақты коми­теттердің төрағалары мен мү­ше­лері, сондай-ақ олардың саны мен атаулары бекітілді.

Депутаттардың дауыс беру нәтижесі бойынша Андрей Лукин Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұдан бөлек, Сұлтанбек Мәкежанов – Қаржы және бюджет комитетінің төра­ғасы, Асқар Шәкіров – Халық­аралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы, Сүйіндік Алдашев – Эко­номикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, Нұртөре Жүсіп – Әлеу­меттік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, Әли Бектаев – Аграрлық мәселелер, та­биғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы ретінде бекітілді.

Осы күні М.Әшімбаевтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Онда депутаттар бірқатар заң жобасын қарап, мақұлдады. Жиынды ашқан Сенат төрағасы Мәжіліс мерзімінен бұрын таратылып, ол уақытша болмаған кезеңде Парламенттің заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдау қызметі толығымен Сенатқа жүктелетінін айтты.

«Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін, заң шығару үдерісі тоқтамауға тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген және аса маңызды мә­селелерді шешуге арналған заң жо­балары уақтылы қаралып, қа­был­дануы қажет», деді М.Әшім­баев.

Палата отырысында сена­тор­лар «2014 жылғы 23 желтоқ­­сандағы Еуразиялық экономи­калық одақ шеңберінде медици­на­лық бұйымдар (медици­налық мақ­саттағы бұйымдар мен ме­ди­­циналық техника) айналы­сының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келі­сімге өзгеріс енгізу туралы хат­таманы ратификациялау туралы» (10.06.2022 ж. қол қойыл­ған) және «2014 жылғы 23 жел­тоқсандағы Еуразиялық эконо­микалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (меди­ци­налық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айна­лысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» (30.12.2021 ж. қол қойылған) заң­дарды қарап, мақұлдады.

«Келісім 2016 жылғы 12 ақ­панда күшіне енген. Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі одақ шеңберінде меди­циналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағи­далары туралы келісімге өзгеріс ен­гізу туралы төрт хаттаманы ма­құл­дады. Бүгін депутаттар қа­­ра­уына соның бірінші және екін­­ші хат­тамасы ұсынылып отыр. Қал­ған екі хаттама мем­ле­кет­­ішілік келісу және қол қою кезеңінде.

Қаралып отырған бірінші хаттаманы ратификациялау бұрынғы ұлттық рәсім бойынша берілген мерзімсіз тіркеу куәліктері бар медициналық ұйымдарға Еура­зи­я­лық экономикалық одақ шеңберінде қайта тіркелмей Қазақ­стан аумағында еркін айналымда болуына мүмкіндік береді. Ұлттық заңнама бойынша 10 медициналық бұйым тіркелген. Оларды одақ шеңберінде қайта тіркеудің қажеті жоқ», деді заң жо­басы жөнінде баяндама жаса­ған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сала басшысының айтуынша, екінші хаттама ұлттық тіркеуді 2022 жылдың аяғына дейін ұзартуға және ұлттық заңнама бойынша жаңа медициналық бұйымдарды тіркеуге мүмкіндік берген. Алайда бұған тиісті мекемелер дайын болмағандықтан, оны 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін созу туралы төртінші хаттама әзірленіп жатыр.

«Бұл заңдар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы меди­циналық бұйымдар айналымына қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге арналған. Жаңа нормалар Еуразия­лық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді сапалы меди­ци­налық бұйымдармен жүйелі негізде қамтамасыз етуге қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сенаторлар жаңа редакциядағы «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлық активтер, ақпа­рат­тандыру және соттық әкім­ші­лендіру мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы», «Қазақ­стан Рес­публикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақ­стан Республикасының Кодек­сін (Салық кодексі) қол­данысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзге­­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұл­дады.

Аталған заңдар елімізде цифр­лық активтер мен цифрлық майнингті шығару және олардың айналымы жөніндегі қызметті одан әрі дамыту үшін құқықтық база қалыптастыруды көздейді. Айта кетейік, өткен аптада сенаторлар бұл заңдарды концеп­туалды түрде мақұлдап, олардың жекелеген баптарына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарымен Мәжіліске қайтарған еді.