Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл мәселенің аса күрделі деңгейге жеткені сезіліп тұр. Соңғы кездері Солтүстік Қазақстан облысында есірткі айналымы айтарлықтай көбейіп барады. Жуырда сондай істің бірі сотқа өткізілді. Ол тамыз айында құрықталған 49 жастағы Ақмола облысы тұрғынының ісі. «Астана – Петропавл» бағытымен жүріп бара жатқан «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүксалғышынан Гретта атты қызметтік-іздестіру итінің көмегімен үш полимерлі қапқа салынған 50 килоға жуық марихуана табылған болатын. Бұл аса ірі есірткі айналымы деп есептеледі. Үйретілген ит көлік өтерде қатты үріп, белгі берген. Сот мұндай көлемдегі есірткі тасымалдаушыға 15 жылға дейін қамау жазасын беруі мүмкін. Есірткі тасымалдаушының еш жасырынбай, айылын жимай оны қаптап, жүксалғышқа салып алып тасығанына қарағанда әбден шектен шыққаны көрініп тұр. Егер итке кездеспесе ол өзінің жүгін «аман» алып өтер ме еді, кім білсін...
Жалпы, түрлі қылмыстарды құрықтауда Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің Кинология қызмет орталығының пайдасы зор болып тұр. Мұндағы қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен бір жылда 674 қылмыс ашылды. Орталыққа қарайтын 52 ит есірткі анықтауда ғана емес, жарылғыш заттарды іздеуге, із кесуге және тағы да басқа мақсаттарға жұмылдырылады. Бұл иттердің 18-і кинологиялық қызмет орталығының өзінде, 5-еуі Петропавл қалалық полиция басқармасында, қалғандары аудандық полиция бөлімдерінде. Олардың бәрі асыл тұқымды – немістің, бельгияның овчаркалары, сонымен бірге лабрадор, спаниель мен ротвейлер деген ақылды иттердің тұқымы.
Кинологиялық қызмет орталығының бастығы, полиция майоры Самат Төлебаевтың айтуынша, төрт аяқты көмекшілер өткен жылы 523 рет қолданылып, жоғарыда аталған 674 қылмысты ашуға жәрдем берген.
Есірткімен күрес қазір Президент айтқандай біршама қиындап кеткен. Оның үстіне қазір психотроптық белсенділігі жоғары жаңа түрлері шығып жатыр. Оларды интернет жүйесі арқылы сатушылар тез тарата алады. Ал бұл кеселмен қарсы күрес қызметтері тиімді шараларды қолдануды толық игере алмайды. Ол үшін бұл қызметтегілер интернеттің ұңғыл-шұңғылын ақтара білетін нағыз шебер болуы керек.
Облыстық полицияның Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Иван Терезидидің айтуына қарағанда, 2022 жылы облыста барлығы 241 есірткі қылмысы анықталған, оның ішінде 17-сі – есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау болса, 90-ы – өткізу фактісі. Заңсыз айналымнан 423 кило түрлі есірткі заттары, оның ішінде 3 кило 500 грамм синтетикалық есірткі тәркіленген. Бұл есірткінің қара базардағы құны жүздеген миллион теңгені құрайды. Статистикалық есепке қарағанда, қазір өңірде 499 нашақор тіркелген. 139 адамға қарсы қылмыстық іс қозғалса, оның 8-і шетелдік азамат.
Былтыр осы қызметтің мамандары Алматыдан және Астанадан Петропавлға синтетикалық есірткі тасымалданатын екі арнаның жолын кесті. Сонымен бірге Петропавл қаласының өзінде синтетикалық есірткі дайындайтын зертхананы әшкереледі. Оның иесі бар болғаны 22 жастағы жас жігіт. Алдымен интернет дүкен арқылы «спайс» атты синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан ол барған сайын ақшаға құнығып, есірткі жасаудың тәсілін қолға түсіріп, оны өздігінен жасап сатқан. Кездеспеген, танымайтын, көзі көрмеген адамдарға ақшасын аударған бойында полимерлік қалташаларға салынған есірткіні өздеріне белгілі жерлерге тастап кетіп отырған. Бұл жігіт ұсталып, қазір жазасын өтеп жатыр. Ал ұсталмағандары қанша екені белгісіз.
Қазақстанның есірткіге қарсы қолданылатын заңнамасы да күшейтілді. Қазір есірткі таратқан адамға жаза 10 жылдан басталып, 20 жылға дейін бас еркінен айыруға барады. Сонымен бірге интернетте есірткі жарнамалау және насихаттау жолдарына құрық салынды. Бұрын мұндайға әкімшілік жаза ғана беріліп, айыппұл салынса, қазір 3 жылдан 6 жылға дейін бас еркінен айыру жазасы беріледі. Сондықтан интернет дүкендер есірткі сатудың белгісі – граффиттиді қазір көрсетпейтін болды. Солтүстікқазақстандық пинкертондар граффиттиді есікке, жарнамалық тақтаға жапсырып кеткендерге қарсы волонтерлердің көмегін қолданып, жырту немесе үстін бояп тастау істерін қолға алды. Сонымен қатар облыста «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмен», «Транзит», «Қарасора» сияқты республикалық кең ауқымды жедел-профилактикалық шаралар барысында да есірткіні тасымалдауға, контрабандалық фактілерге, емдеу-профилактикалық медициналық мекемелерге, дәріханаларға тексерістер жүргізіліп, жұлынқұрттың жолын кесу шаралары жасалған.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының сақшылары жастар көп қолданатын Instagram, Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілерінде аккаунттар ашып, онда және Whats App арқылы есірткінің залалын, оған қарсы күрес шаралары, ұсталғандар, өкінгендер жайлы ақпараттар беріп тұрады. Бұл шаралар жастардың есірткіден тыйылуына аздап септігін тигізіп те келеді. Жыл бойы ЕҚҚІБ барлығы 55 мыңдай адам қатысқан 604 іс-шара өткізген. Әлеуметтік желілердегі насихаттарға сөздері өтімді журналистерді, суретшілерді, режиссерлерді қатыстыру да қолға алынған. Осындай талантты жандардың қатысуымен есірткіге қарсы түсіріліп, TikTok әлеуметтік желісіне жариялаған роликті 110 мың адам көрген. Өткен жылы 280 ақпараттық сюжет көрсетіліп, басылымдарға 180 материал жарияланған. Күрес белсенділігі осылай артып келеді. Бірақ жұлынқұрттың жаңа түрлерін әшкерелеу қиындап барады.
ПЕТРОПАВЛ