Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Сол сияқты халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, «Қазақстанда жасалған» мамандандырылған дүкендерін ашу жоспарланып жатқан жайы бар. Бағдарламаға енгізуге ұсынылып отырған осы тектес басқа да амалдар супермаркеттеріміздегі шетелдік, сапасы күмәнді азық-түлік тауарларының, әсіресе, импортталатын тауарлардың басымдығын түпкілікті ретке келтіруді көздейді. Қысқасы, осы уақытқа дейін отандық өндіріс мәселесінің назардан тыс қалғаны сонша, оны жаңғырту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігі туындап отыр.
Үкіметтік жобаның түсіндірмесінде Президенттің отандық өнімді нарықта сөзсіз қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының дұрыс атқарылмай жатқаны атап өтілген. «Фермерлердің ірі сауда желілеріне бірігуіне, оның ішінде олардың құзыреттілігін арттыруға және мүдделерін құқықтық қорғауға қолдау көрсету тетіктері әзірленбеген. Отандық тауарларды сапалы әрі табиғи өнім ретінде сатып алуды насихаттау шаралары жоқ. Бөлшек сауда желілерінің отандық тауарларды сөрелердің көрнекті орындарына орналастыру міндетін, сондай-ақ сауда үстемесін реттеуді және делдалдар санын азайтуды көздейтін заңнамалық нормаларды қамтамасыз ету керек. Шекаралас аймақтардағы сауда желілерінде қазақстандық тауарларды ұлғайту шараларына ерекше назар аудару қажет», делінген бағдарлама жобасының ілеспе мәтінінде.
Алайда отандық өндірушілер қазірдің өзінде үкіметтегілердің осы мәселедегі көзқарасымен келісе бермейді. Мысалы, олар үстеме бағаны реттеуге үзілді-кесілді қарсы. Кәсіпкерлердің ойынша, бөлшек сауда желілері тарапынан тауарлардың бағасына қатысты келісімшарттарда «қызмет көрсету» деп аталатын, бірақ шын мәнінде ашық алым-салықтар болып табылатын ретробонустар, бонустар сияқты қосымша үстемелер болмауы керек. Мәселе сонда, бізде сауда үстемелерін реттеуге тырысқанымен, олар мардымсыз болғандықтан, мәселе туындамайды.
Өз кезегінде өндірушілер «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын қуана қарсы алғанымен, бірақ оны әзірлеу барысында өз мүдделерін белсенді түрде қорғайтыны көрініп отыр. Дегенмен бағдарламаны әзірлеушілер отандық өндірушілердің пікірін тек ескерген сыңай танытатынын да жасырмау қажет. Өйткені өндірушілерге бағдарламаға өз ұсыныстарын дайындау үшін жаңа жыл қарсаңында, мерекелік қарбалас алдында бар-жоғы екі күн берілген.
«Екі күнде ондаған түрлі өндірушілерден електен өткен ұсыныстарын жинау мүмкін емес. Сондықтан үкіметтегі бағдарламаны әзірлеушілерге құжатты асықпай, сапалы зерделеуге уақыт беріп, мүдделерімізді толығымен ескеруге шақырамыз. Әйтпесе, бағдарлама шын мәнінде іске аспайды. Біз басқа азық-түлік өндірушілер одақтарының өкілдерімен бірге «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының мәтінін дайындау жөніндегі барлық жұмыс тобына, сондай-ақ заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізумен айналысатын топтарға қатысқымыз келеді. Бағдарлама түптеп келгенде делдал компаниялардың емес, отандық өндірушінің мүддесін бірінші орынға қояды деп сенеміз», дейді Қазақстан Сүт одағының атқарушы директоры Владимир Кожевников.
Төтесінен айтқанда, азық-түлік нарығында тәртіп орнататын кез жетті. Дегенмен бұл мәселеге байыппен қарау керек. Бұл бағдарлама жұмыс істеуі үшін фермерлердің, өңдеушілердің пікірі мен мүддесін ескеру қажет. Өйткені бағдарлама солар үшін жасалады. Қазақстандық азық-түлік өндірушілері көптен бері айтып жүрген де сол: сауда желілері үшін ең бастысы – өнімнің сапасы емес, сатып алу бағасының төмендігі. Ірі супермаркеттер үшін тауарлардың Қазақстанда жасалғаны маңызды емес, олар үшін ең бастысы – максималды пайда табу үшін тауарларды барынша арзан бағада сатып алу. Қазақстандық азық-түлік өндірушілері барлық стандартқа сай сапалы тауар шығаруға ден қойып, отандық тауарларға басымдық беруге мемлекет көмектесетініне сенеді және олар өз өнімдерін сауда желілеріне арзан бағамен беруге дайын емес. Сонымен қатар ең төменгі бағаға ұмтылу үшін сауда желілері өздерінің «ЖСБ» белгісімен жеке сауда маркаларын шығарады. Өйткені сенімді өндірушілер өзін-өзі ақтамайтын мұндай бағамен өнімді жеткізгісі келмейді. Үнемделген шығынмен сапалы өнім шығару мүмкін емес. Осылайша, сауда желілері елдің арзан сапасыз тауарларға сұранысын қалыптастырады.
Сол сияқты сауда желілері айналамыздағы көрші елдерден төркіні белгісіз өнімдер іздейді және сапасы күмәнді, тіпті денсаулыққа қауіпті тауарларды шімірікпестен халыққа сатып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Нәтижесінде, бөлшек сауда желілері біздің елдегі ең төменгі азық-түлік стандарттарын құрайды. Мемлекеттің тарапынан бақылаусыз нарықтың өзін-өзі реттеуі бұл жерде жақсылыққа апармайды. Денсаулыққа пайдалы, МЕМСТ талаптарына сай тауарлардың орнына тұтынушылардың денсаулығына зиянды, табиғи емес ингредиенттері мен консерванттары жоғары төмен сортты өнімдерді тұтынуға мәжбүр. Мұның салдары мен зардабы зая кетпек емес. Аурудың түрі көбейіп, Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың емделуіне жұмсайтын қаражаттың көлемі жыл сайын артып келеді. Біз сауда желілерінің орасан пайдасын мемлекеттік бюджет есебінен аямай төлеп отырғанымызды түсінетін кез жетті. Ал сауда желілері нарықтық жолмен емес, монополиялық жолмен байып отыр.
Қазақстанның Ет өңдеу кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Юлия Нам: «Біз «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының қабылдануы отандық өндірістің дамуына серпін беретініне, тамақ өнеркәсібі үшін жақсы жағдай жасалып, нарықты арсыз бәсекеден қорғайтынына сенеміз», дейді.
Осы арада соңғы бір жылдың көлемінде ет, сүт өңдеушілер мен басқа да тамақ өнеркәсібіндегі ірі бірлестіктер тарапынан көптеген дөңгелек үстел мен конференция өткізіліп, онда қызу талқылаулар жүргізіліп жатқанына тоқтала кеткен жөн. Азық-түлік одақтары қалыптасқан жағдайдың отандық өнімдердің пайдасын көздемейтінін айтудай-ақ айтып жүр. Нақты айтқанда, Юлия Нам қазақстандық ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі қуатының жартысына да жетпейтінін, жыл өткен сайын даму және шетелдік өндірушілермен бәсекеге төтеп беру қиындап бара жатқанын алға тартып отыр.
Мәселен, осыдан 10-15 жыл бұрын ғана өндіріс толық қуатында жұмыс істеп тұрған. Қазір ресейлік және басқа да өндірушілер Қазақстанға тауарларды кедергісіз әкеле отырып, толық қуатында жұмыс істеп жатыр, бұл көршілеріміздің өз нарығын кез келген әдіспен қорғап жатқанын көрсетеді. Ал біздің өндірушілер өз өнімдерін экспортқа шығарған кезде бұл жағдайды «жақсы» сезінді. Сондай-ақ мемлекет реттемейтін сауда желілерінің ретро-бонустарды беруі және басқа да міндеттеп көрсеткен қызметтер проблемасы да үлкен ауырпалық тудырады. Мұның бәрі қордалана келе отандық өндірістің дамуына кедергі келтіреді, бұл тізбек бизнес өкілдерінің шеңберінде шектеліп қалмайды, әлеуметтік сипаттағы проблемаларды да туындатады.
Қалай десек те, салалық мамандар алаңдаушылық танытып отырған осынау ахуал Үкімет деңгейінде бағдарлама әзірлеп отырған құзырлы адамдардың құлағына жетуге тиіс. Өйткені ел экономикасын дамытатын да, екі қолға жұмыс тауып беретін де – отандық кәсіпорындар. Олардан түсетін салық мемлекет қоржынын толтырып, түрлі әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалатыны қаржылық сауаты орташа адамға да аян.
Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаеваның айтуынша, отандық өнімдер тек сауда желілері арқылы ғана сатылмайды. Бұған кез келген бөлшек сауда желілерімен бәсекеге түсе алатын сауда нүктелері, қайта өңдеушілер мен көлік қызметкерлерін біртұтас логистикалық жүйеге біріктіре алатын базарлар, жеке интернет-дүкендер мен «Үй жанындағы» форматындағы дүкендер де қатысуы керек. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасы дәл отандық өнімдерді Қазақстанда өндіру мен өткізуді тиімді етуге жол ашуы қажет. Жобасына көз жүгіртіп шықсаңыз, аталған бағдарламаның тағы бір міндеті – жергілікті шағын және орта бизнесті қолдауға тиіс. Жергілікті базарлар, «Үй жанындағы» форматындағы шағын дүкендер жеке шаруа қожалықтарының шағын көлемде өндірген өнімдерін сатуы қарастырылған. Алайда оларды кейінгі жылдары елдің азық-түлік нарығында ерекше басым жағдайға ие болған бөлшек сауда желілері нарықтан ығыстырып бара жатыр.
«Ірі сауда желілері отандық тауарларды сатып алудан бас тартып, арзан импортқа басымдық беруіне байланысты отандық кәсіпорындар өнім көлемін қысқартуға мәжбүр. Ал өндірістің қысқаруы жұмыс орындарының қысқаруына, салық аударымдарының төмендеуіне әкеледі», дейді Қазақстан Сүт одағының төрағасы Владимир Кожевников.
Мұндай бәсекеге төтеп бере алмайтын кәсіпорындар штат қысқартуға мәжбүр, айналып келгенде мемлекеттік бюджетке төлем төлеуді азайтады. Тұтас алғанда, отандық азық-түлік өнімдерінің өндірісі барлық жерде қолдау көрсету мен салауатты тұтынушы патриотизмінің жүйелі стратегиясының жоқтығынан құлдырап отыр деуге негіз бар. Сонымен қатар еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі толық қорғалған дей алмаймыз. Өйткені егер азық-түліктің басым бөлігі импортталатын болса, онда бұл, әсіресе, күтпеген сыртқы факторлардың әсерінен жеткізілуі күрт тоқтауы әбден мүмкін қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда аса қауіпті. Оған қоса кез келген уақытта бағаның негізсіз қымбаттауы әдеттегі құбылысқа айналмақ.
Қалай болғанда да, азық-түлік сияқты стратегиялық саланы бақылаусыз нарыққа қалдыруға болмайтыны айдан анық. Бөлшек сауда желілері қожайындарының мүддесіне жұмыс істейтіні баршаға белгілі. Сауда, өндіруші және тұтынушы мүдделерін теңестірмей, түйткіл өздігінен тарқатылмайды. Сондықтан бүкіл әлемде отандық азық-түлік өндірісі мәселесі қатаң реттеледі. Ал сауда желілері жеке бизнес екені даусыз. Бірақ олардың саясаты отандық азық-түлік өндірісінің азаю мен құлдырауға әкелетін болса, онда мемлекет бұл үдеріске араласып, жағдайды реттеуі керек.
Қорыта айтқанда, өндірушілеріміз жоғарыдағы мәселелердің бәрі «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының аясында мемлекеттік құзырлы мекемелер мен бизнес-қауымдастықтарда пайда болатын жаңа құқықтық құралдардың көмегімен жолға қойылатынына үміт артады.
«Мұндай бағдарламалардың мысалы көп. Мәселен, кеңінен танымал швейцариялық «Swiss made» жобасы нарықтың барлық деңгейінде, оның ішінде муниципалитеттер деңгейінде сауда саласында отандық тауарлардың басымдығын қамтамасыз етіп отырады. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің өз экономикасын қолдауға және нарық субъектілері арасындағы қарым-қатынасты үйлестіруге бағытталған салауатты протекционизм», дейді Қазақстанның Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Жібек Әжібаева.
АЛМАТЫ