Еліміздің білім мен тәрбие саласында біраз жылдан бері жемісті жүзеге асырылып жатқан «Өркендеу» бағдарламасы ұлттық құндылықтарға негізделіп, «Ата мектебі», «Әже мектебі», «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Аға мектебі», «Жеңге мектебі» атты тәрбие мектептеріне жіктелген. Бұл – орта білім жүйесіне көмектесетін, көп жағдайда тынысын ашатын мектеп пен қоғам арасындағы алтын көпір.
Ел үкіметі 2021 жылы 12 қазанда «Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасын бекіткені мәлім. «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы осы құжатты басшылыққа алып, мектеп жасындағы балаларды елдік және әлемдік құндылықтар негізінде жетілдіруге жұмылып келеді. Білім мен тәрбие – егіз. Астана қаласының №40, №51, №52, №54, №56, № 64, № 67, №68, №79 мектептері, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Қ.Орымбетов атындағы орта мектебі, Алматы қаласының Қ.А.Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназиясы, М.Әуезов атындағы №128 мектеп 1-11 сыныптары оқу мен тоқуды қатар алып жүр. Яғни «Өркендеудің» тәжірибе мен білік алаңы.
Қазақ қазақ болғалы әр отбасында ата, әже, әке, ана, аға, жеңге ұл-қызды ұлттық рухта тәрбиелеп жетілдірді. «Өркендеу» ұлттық тәрбие мектептері ұлтымызға тән осы тектілік тәрбиесін тәуелсіздік мұратына сай жалғастырып келеді.
Біз 1-11 сыныптарға арнап ауыз әдебиетінің үлгілерін, Ұлы дала даналары ілімдерін, хандар мен билер әділдігін, батырлардың ерліктерін, Алаш арыстарының өнегелі істерін, ғалымдардың жетістіктерін, ақын-жазушылардың отаншылдығын, ұлттың сөздік қорын, ата-тек шежіресін білім бағдарламаларына сай түсіндіріп оқытамыз.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Орта білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хаты, отбасы тәрбиесі бағытын одан әрі дамытуға қатысты ел үкіметінің 2022 жылы 24 қарашадағы «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» біздің ортақ жұмысымызға кең қолдау көрсетіп отыр. Сондай-ақ «Өркендеу» ұлттық тәрбие бағдарламасы «ұстаз – оқушы – ата-ана» үштігі бірлігін елдік тәрбие жаңашылдығы аясында атқарып жатыр.
Ата-ана мен отбасы мүшелері сәби дүниеге келгеннен бастап тәй-тәй басқан қадамын өмірмен, қоршаған ортамен, елдік мінез-құлық нормаларымен байланыстырады. Отбасының басты мақсаты – үлгілі бала тәрбиесі. Мектеп табалдырығын аттаған әр оқушының ата-анасы оқу орнымен тығыз байланыс орната отырып, ата-бабадан жеткен салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды өзі де мақсатты түрде меңгеріп, өмірде жүзеге асыруға міндетті.
«Өркендеу» бағдарламасы – Қазақстандағы әр баланың келешекте саналы азамат болып өсуіне шынайы тілеуқор. Жылдам өзгеріп жатқан кезеңде бағдарлама ұлттық қауіпсіздікті сақтауға, адам капиталын заман талабына сай дамытуға, білім жүйесіндегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешуге күш-жігер жұмсайды.
«Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасына сәйкес, еліміздің қарқынды дамуының басты шарты – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, отандық озық үрдістер мен өркениетті елдер тәжірибелерінің тоғысына негізделген білім, жетілдірілген басымдықтар мен қағидаттар, стратегиялық бағдарлар мен идеологиялық тұжырымдар екені даусыз.
Адам капиталын дамытудың басты бағыты – білім мен тәрбие арқылы ұлттық ділі берік жас ұрпақты өмір сүруге бейімдеу, бәсекелестік қабілетін қалыптастыру, зияткерлік әлеуетін жетілдіру.
Ұлттық педагогикадағы озық дәстүрлер мен өркениеттік инновацияларды тоғыстыра отырып, жас ұрпаққа терең, пайдалы білім беру, олардың бойында мемлекетшілдік рухты, прагматизмді дамыту, ұлттық сананы қалыптастыру – «Өркендеу» бағдарламасының ұлттық дүниетанымдық іргетасы. Дәстүрге сәйкес тәлімді ғылыми негізде ұғыну, оны ұлттық, түркілік, әлемдік ой өрісімен байланыстыра меңгерту – басым бағытымыз.
Әділетті қоғам мен мемлекет қалыптастыруда жаңа қағидаттарды орнықтыру білім мен тәрбиенің стратегиялық мақсаттарына сай болғаны жөн. Ұрпақ бойында ойлау мәдениетін, сөйлеу мәдениетін, еңбек мәдениетін, ақпаратты талдау мәдениетін қалыптастырып дамыту – бәріміздің асыл міндетіміз.
Осы ретте ұстаздарға құрмет көрсету, ата-ана мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ парыз. Ұстаз дәрістен тыс жағдайларда да шәкіртіне алаңдаушылық таныту арқылы кәсіби мақсаты мен деңгейін көрсетеді. Білім, ғылым, мәдениет, әдеп, тәрбие – шәкірттің ұстаздан үйренетін тәлімі болумен бірге ата-ана болуға даярлығының бастауы.
Қазіргі отандық білім қоғамдық сананы өзгертуге, атап айтқанда, барлық салада әділеттікті орнықтырып, мәдениет құрушы, интеграциялаушы қызмет арқылы бастауыштан бастап жалпы білім беретін деңгейге дейін адам сапасын арттыруға жұмылып отыр.
Тәрбие мен білім адамның рухани әлемін дамытып, үлкен өмірге әзірлейді. Рухани негіз ең алдымен адамның өзіне, сонан кейін қоғамға, қоршаған ортаға деген ұқыпты адал қатынасын, ізгі мүддесін қалыптастырады. Түбегейлі өзгерген адам мен қоғам ғана күмәнсіз жарқын болашаққа қол жеткізеді.
«Өркендеу» бағдарламасы тәрбие мен білімнің зайырлы, гуманистік, дамытушылық сипатын ұстана отырып, жас ұрпақтың елдік аясында еркін дамуына ықпал етеді.
Өз басым осы бағдарламаны талай жылдан бері ғалым-педагогтерді сыннан, мұғалім-тәрбиешілердің тәжірибесінен өткізіп жүрген автор-әріптестерім профессорлар Қ.Шалғынбаева, С.Қоңырбаева, Ф.Жұмабекова мен мектеп басшылығы өкілдері Р.Шойбекова, У.Байтасова, Л.Аппазова ханымдарға алғысымды айтамын. Сонымен бірге «Өркендеу» тәжірибесін республика деңгейінде батыл насихаттап жүрген Т.Жетпісбаева, Л.Ажыханова, Д.Құнафина, А.Ахмериден, Г.Естек, Б.Түбекбаева, А.Набиденова, А.Үсембаева, Г.Әділбекова, т.б. мұғалімдерге ризашылығымды білдіремін.
Бізге тәжірибелі де, жас та мұғалімдер ұсыныс беріп жатады. Оны бағдарлама-жобаны жетілдіру жұмыстарында пайдаланамыз. Бұл да – ұрпақ сабақтастығы аясындағы дамудың жолы.
Күлән Абзулдаева,
«Өркендеу» бағдарламасы
авторларының бірі,
жобаны үйлестіруші