Халық • 09 Ақпан, 2023

Қазақ өнерінің Түркияға көмегі болсын

1196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ өнерінің Түркияға көмегі болсын

Табиғат апатынан зардап шеккен түрік ағайынға отандастарымыз барынша қолдау көрсетіп жатыр. Қайырымдылық акциялары қолға алынып, Қазақстан жұртшылығы қаржылай көмек жинауға белсенді кірісіп кетті. Рас, зілзаладан қиын­дық­қа ұшыраған бауырлас түрік халқының басына түскен ауыр жағдай ешкімді бейжай қалдырмады. Осы себептен өнер саласында жүрген барша азаматтарды «Қазақ өнерінің Түр­кияға көмегі» акциясына бір кісідей ат­салысуға шақырып, үндеу жария­лаймын.

Қадірлі, татулық пен тұрақты­лықтың тамыры тереңге жайылып, ырыс пен ынтымағы артқан қазақ жұрты!

Біз – ежелден бүкіл түркі халық­та­рының ата жұртымыз. Бауырлас елдер біздің же­рі­мізден әртүрлі себептермен көшіп, дүние жүзінің әр тарапына қоныс тепті. Қазақ халқы қара шаңырақта қал­ғандықтан, бүкіл түркі халық­та­рының тағдырына жауапты деуге толық негіз бар.

Мен – қолымнан келгенше ұлт өнері әлемдік деңгейде бағалансын деген ниетпен еңбектеніп жүрген қазақтың бір баласымын. Кәсібім де, нәсібім де – сурет салу. «Қайғыдан қан жұтып отырған түрік халқына қалай қол ұшын созамын?» деген ой келіп, бағалы суреттерімді аукцион­ға қоюды жөн деп таптым. Одан түскен қаражатты бауырлас халыққа аударуды көздеп отырмыз. Бұл ретте зергер, суретші, әнші, актер, ақын, жазушы сияқты мәдениет және өнер айдынында жүрген барша әріптестерімді ак­ция­ға белсенді атсалысып, үндеуді қолдауға шақырамын. Әрине, аукцион жұмысын ұйымдастыру оңай шаруа емес. Бұл іске қалталы кәсіпкерлерді тартып, нәтиже шығаруға болады деп сенемін. Жиналған қаражат арнайы ашылған қорға түсіп, зардап шеккен түрік ағайынға жіберіледі.

Түркияға мемлекеттік деңгейде көмек көрсетіліп жатқаны белгілі. «Көп түкірсе – көл» демекші, аз болса да қолдау көрсету маңызды. Мұндай ізгі амалдар артымыздан еріп келіп жатқан ұрпақты тәрбиелеудің бір үлгісі екенін ұмытпайық.

 

Ізгі ниетпен,

суретші Ерболат ТӨЛЕПБАЙ