Аймақтар • 12 Ақпан, 2023

Жұмысшыны жабырқатқан жалақы

1011 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еңбек дауының басты себебі жұмысшыларға жалақы төлеудегі алалаудан туындайды. Атырау облысында еңбекақыны мерзі­мінде бермей, жұмысшыларын жабырқататын кәсіпорындар аз емес.

Жұмысшыны жабырқатқан жалақы

Облыстық мемлекеттік еңбек инспекция басқармасының бас­шысы Игілік Әубәкіровтің мәліме­тінше, жалақыны мерзімінде төле­меу дерегі жыл сайын тіркеліп отыр. Мәселен, 2021 жылы 83 кәсіп­орынның 1 388 қызметкерге 469,3 млн теңге жалақы қарызы болған. Жыл соңына дейін 80 кәсіпорында жұмыс істейтін 1 212 қызметкерге төленуге тиіс 447,8 млн теңге жалақы берешегі өтелген. Былтыр еңбек қауіпсіздігінің сақ­талуын қамтамасыз ету үшін 12 кәсіпорынға «Сенім» сертифика­ты берілді. Басқарманың арала­суымен 122 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде өндірістік кеңестер құрылған.

– Мұндай істі қолға алудағы мақсатымыз – еңбек дауының алдын алу, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы орайда «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы кә­сіп­одақтар орталығымен бірге «Ең­бек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, кәсіптік аурулардың профилактикасы» деп аталатын жос­парды жасақтадық. Сол жоспарда зиянды жұмыс орындарын азайту қарастырылған. Осыған орай 245 өндірістік нысанның жұмысы тексеріліп, арнайы аттестациядан өткізілді. Қазір облыс аумағында 30 кәсіпорынмен «Нөлдік жарақат. Vizion Zero» меморандумына қол қойылды. Ал 6 ірі кәсіп­орын «Ха­лықтық бақылау» жобасымен жұмыс істейді, – дейді И.Әубәкіров.

Басқарма тарапынан осындай қадағалау жасалғанымен, былтыр да жалақы төлеуді кешік­тіріп, жұмысшылар алдында қа­рыз­ға батқан кәсіпорындар азай­маған. Облыстық мемлекеттік ең­бек инспекциясы басқармасы ақпа­раттық талдау бөлімінің бас­шысы Самал Үбіғалиеваның мәлі­метінше, былтырғы жеті айда 1002 азаматтан шағым түскен. Басқармаға жолданған шағымның 907-сі қаралып, 146 кәсіпорынға тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексерудің қорытындысымен ең­бек заңнамасын бұзудың 224 дерегі анықталған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары заңсыздықты жою туралы 96 нұсқама беріп, Еңбек кодексінің талаптарын бұзғандарға 182 әкімшілік хаттама толтырған. Сөйтіп, 399 жұмысшының еңбек құқығы қорғалып, мемлекет пайдасына 22,7 млн теңге айыппұл өндірілді. Ал жалақы берешегі бар 17 мекемеде жұмыс істейтін 181 жұмысшыға 37,2 млн теңге жала­қысы толықтай өндірілген.

Еңбек дауларын шешу мақса­тында қабылданған тиісті іс-ша­ра­лардың нәтижесінде жұмыс жағ­дайымен байланысты 23, оның ішінде 14 кәсіпорында еңбекақыны көтеру мәселесі шешімін тапқан. Жыл соңына дейін 26 кәсіпорында жұмыс істейтін 337 жұмысшының 59,4 млн теңге жалақы берешегі өтел­ген.

– Былтыр шетелдік жұмыс күшін тартқан 61 кәсіпорында жос­­пар­дан тыс тексеру жүргізілді. Нәти­жесінде 23 Қазақстан жұ­мыс­­шысының еңбекақысы төмен­детілгені, 33 шетелдік маманның берілген рұқсатқа сәйкес келмей­тін лауазымды атқарғаны анық­талды. Бұған 59 шетелдіктің бі­лік­тілігі атқаратын лауазымына сәйкес емесі дәлелденді. Сон­дай-ақ қазақстандық және шет­елдік жұмыс күші санының ара қа­тынасына қатысты 72, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің сақ­талмауына байланысты 33, халықты жұмыспен қамту заңна­масын бұзған 14 дерек тіркелді, – дейді И.Әубәкіров.

Оның айтуынша, облыста еңбек жанжалдары орын алуы ықтимал 25 кәсіпорында тиісті шаралар қолданылып, 18 кәсіпорында бұл мәселе жұмысшылардың пайдасына шешілген. Ал 7 кәсіпорынға қатысты тиісті жұмыстар әлі де атқарылып жатыр. Еңбек жанжалдарын болдырмау, оның ішінде жалақыны көтеру, мерзімінен кешіктірмеу, міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу, өндірістік жара­қаттардың алдын алу мәсе­лелері 12 мәрте өңірлік үшжақты комиссия отырысында қаралған.

Ал сенбі, 11 ақпанда Теңіз кен орнындағы жұмысшылар бірреттік сыйақыға қатысты түсінік беруді талап етті. Атырау облысының әкімі мен «Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметтері сол күні Те­ңіз кен орнының үшінші буын зауыты жобасының 42-учаскесіне тар­тылған «Senimdi Kurylys» ЖШС-ның 200 қызметкері жина­лып, наразылық танытқанын жоққа шығармады. Жұмысшылар 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін жұ­мысқа қабылданған қызмет­кер­лерге бір реттік сыйақы төлеу­дің мән-жайын білгісі келеді.

Кен орнындағы жағдайға байланысты Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жетек­шілік ететін арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында «Теңізшевройл» ЖШС өкіл­дері, «Senimdi Kurylys» ЖШС бас­шы­лығы мен жұмысшылары, Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инс­пек­циясы басқармасының қыз­меткерлері бар.

«Теңізшевройл» ЖШС баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, мердігер компаниялардың жала­қы­сы 8,4 пайызға өспеген қызмет­керлері 500 мың теңге бонус алады. Жалақысы көтерілген жұмыс­шыларға төленетін бонус көлемі – 300 мың теңге. Осылайша, бонусқа ие барлық жұмысшыға төлем теңдігі сақталады. Мұндай бонус тек бір рет төленеді.

Жыл сайын кен орнында жазатайым оқиға тіркеледі. Мәселен, былтырғы шілдеде үшінші буын зауытының 42-учаскесінде жүргі­зілген гидротест кезінде атмо-с­фе­ралық газы бар құбырдың фла­­нецті қосындысы үзілген. Со­ның салдарынан жарылыс бо­лып, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмды. Оның бірі – атал­ған учаскедегі жобаны іс­ке асыруға тартылған «Senimdi Kurylys» ЖШС-ның 1985 жыл­ғы жұмысшысы. Кейін кен орнын­дағы медициналық клиникада «Агропром техника» ЖШС жұ­мысшысы жантәсілім етті. Үш адам жарақат алды. Биыл 8 ақпанда Теңіз кен орнының өндірістік аумағынан тыс жерде «West Dala» компаниясына тиесілі вакуум цис­тернасы жарылды. Соның салдарынан 30 жастағы жұмысшы оқиға орнында мерт болды. Тағы бір жұмысшы – 29 жастағы ер адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.

Өндіріс орнында жан түршік­тіретін осындай жазатайым оқиға­лар тіркелгенімен, еліміздің әр өңірінен жұмысқа келуге ниеттілер толастар емес. Бұған бос жұмыс орындарының көптігі мен жоғары жалақы төленетіні себеп болуы мүмкін. Өйткені HeadHunter онлайн платформасының дерегіне қарағанда, еліміздегі бос жұмыс орындарының шамамен 4%-ы немесе 20 мыңнан астамы вахталық жұмыспен байланысты екен. Мәсе­лен, Атырау облысында вахтамен істейтін қызметкерлерге сұра­ныс артып отыр. Бұл өңірдегі вакан­сияның үлесі 16%.

Вахтамен істейтін жұмысшыға ұсынылатын ең жоғары жалақының рейтингінде Атыраудағы мұнай-газ саласының жобалау инженері көш бастап тұр. Бос жұмыс орнын ұсынған компания білікті инже­нерге айына 1 млн 600 мың теңгеден асатын жалақы төлеуді ұсынған. Ал Теңіз кен орнындағы жобаға мердігерлікке тартылған кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі, қауіпсіздік техникасы және қор­шаған ортаны қорғау жөніндегі менеджердің айлық жалақысы 1 млн 500 мың теңгеден асады.

Алайда қарапайым еңбек ада­мының көңіліне қаяу түсіретін жалақының төмендігі энергетика мен теміржол саласында да бар. Былтырғы тамызда «АтырауЖарық» АҚ-ның Жылы­ой ауд­анындағы 80-ге жуық қызмет­кері екі күн жұмысқа шықпай қалды. Олардың басты талабының бірі – жалақыны екі есе көтеру. Мұны энергетиктер алаңсыз жұ­мыс істеудің басты тетігі санайды.

«Қазақстан теміржолы» АҚ-ға қарасты Мақат аудан­дық бөлім­шесіндегі теміржол­шы­лар­дың алып жүрген жала­қысына көңілі тол­майды. Сол себептен, жел­тоқ­санда теміржолшылар ком­пания басшысының атына үндеу жолдап, еңбекақыны есептеу жүйе­­сін өзгертуді сұрады. Сөй­тіп, жала­қыға қатысты бірнеше ұсы­­нысын білдірді. Біріншіден, жала­қыны 100 пайызға көтеруді, екін­шіден, айлық, тоқсандық сый­ақы төлеуді, үшіншіден, кәсіби мерекеде бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы беру жөнінде ұжымдық келісімшартқа өзгеріс енгізуді талап етті.

 

Атырау облысы