Қылмыс • 12 Ақпан, 2023

Барымташыны басынан сипаған сот: Мал ұрлығына қатысты заң талабы неге орындалмайды?

294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Егеменнің» елдегі қосынына Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының бір топ тұрғыны хабарласып, арыз-армандарын айтты. Жұртты журналистерден көмек сұрауға жетелеген мәселе өте өткір екен. Өйткені аймақта мал ұрлығы өршіп, төрт түлікке арқа сүйеген ауылдағы ағайын ұры-қарыға жем болып жүр. Ал бұл жағдайдың алдын алуға жергілікті билік те, құқық қорғау органдары да қауқар таныта алмай отырған көрінеді.

Барымташыны басынан сипаған сот: Мал ұрлығына қатысты заң талабы неге орындалмайды?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әлқисса, Ұйғыр ауданы облыс орта­лығынан 250 шақырымнан астам қа­шықта жатыр. Бұл жақта 14 ауыл­дық округ бар. Елдің дені егін егіп, мал бағып күнелтеді. Маңдайы терле­ген адамның еңбегі өтелетіндей мүм­кіндік жеткілікті. Әсіресе төрт түлік­тің төлі көбейіп, қорға құт болып кі­ре­тін-ақ өңір. Өкінішке қарай, осы ай­мақ тұрғындарының оңға бастаған қа­да­мына мал басына қырғидай тиген ұры-қары оралғы болып отырғаны қын­жылтады. Ауыл тұрғындарын тың­дайық.

–Мен былтырдан бері қарай 1 бас бұзаулы сиыр, 1 бас бұқа, 8 бас жылқы, 1 бас айғыр ұрлаттым. Басқа уақ малды есепке алмай-ақ қойдым. Бұл оңай емес, ақ адал малымызды аузымыздан жырып ұры алып кеткені жа­нымызға батады. Ең өкініштісі, ұры­лар ұсталады, бірақ оларды шыға­рып жіберіп жатыр. Оларға ешқандай жаза қолданып жатқан жоқ. Біздің Қазақстанда ұрыны жазалайтын заң бар ма? Біз мал бағамыз ба, жоқ өстіп ұрыларды іздеп жүреміз бе? – дейді Сүмбе ауылының тұрғыны Алмас есімді қандасымыз.

Ауыл тұрғындарының есебі бо­йынша Сүмбе ауылының өзінен ғана бір жыл ішінде жетпіске жуық мал қолды болған. Жақында аймақта ма­лы жоғалған тұрғындар жиналып, аудандық соттың ғимараты алдына жиналған.

– Барлығымыздың тірлігіміз – мал шаруашылығы. Биыл үш сиырымды сойып тұрып ұрлап әкетті. Топ-тобымен айдап әкетіп жатыр. Әр үйден 7-8 малдан, тіпті 15 ірі қараға дейін жоғалтқандар бар. Ұрылардың жолын кесейік деп жиналып, бас көтеруге мәжбүр болдық. Оларға тиісті жазасын қолдансын, – дейді Ұйғыр ауданының тұрғыны Әсенжан Мырзақожа.

Бұл жерде аудандық полицияның іздестіру жұмысы мен тергеу ісіне қатысты жұртшылықтың қояр кінәсі жоқ. Оны ауыл адамдарының өздері де айтты. «Мен Қырғызсай ауылында тұрамын. Үйдің жанындағы қорада жемдеп отырған малдың іші­нен таңдап, төрт бұқаны ұрлап кетті. Обалы нешік, ұрыларды поли­ция тауып, қамауға алған. Бірақ ұза­май бостандыққа шықты. Өйткені аудан­дық сот шешімімен, кешірім бе­рі­ліп үйге шығарып жіберген», дейді ашын­ған тұрғынның бірі.

Өкінішке қарай, кейінгі кездегі есеп бойынша аудандағы жоғалған ірі қара саны 500 басқа жеткен кө­рінеді. Мұның барлығын ұрылар қолды қылған. Жалпы, мұндай қыл­мыстық істі ашуға қатысты әді­летсіздік те болып отыр. Мал ұр­лығынан басталған даудың соңы адам өліміне де ұласып, ушыққан. Тұрғындар 31 жастағы Ә.Тілахметов деген азаматтың өз-өзі­не қол жұмсап, қайтыс болғанын айтады. «2022 жылдың ақпан-наурыз айлардың бірінде ініме жала жауып, полиция «бір сиыр ұрладым» дегізіп қол қойдыртып алған. Содан сабылтып аудан орталығы Шонжыға шақыртып отырған. Осы биыл 29 қаңтарда інімді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді. Інім суицид жасайтын күні біреу қайта-қайта хабарласып мазасын ал­ған. Қазір бұл істен әділдік таппай жүр­міз», дейді марқұмның әпкесі Балауса Тілахметова.

– Мал ұрлығы бойынша қылмысты ашу жұмысы жүргізіліп жатыр. Қаңтардың 25 күні ұрлық жасаған үш адамды ұстадық. Үшеуі де мал ұр­ла­­ғандарын мойындады. Олар бір тұр­ғынның 13 бас ірі қарасы, екі тұр­ғынның екі ірі қарасын ұрла­ған. Біз 48 сағатқа ғана қамай аламыз. Екі ай қамауда ұстау туралы сотқа өтініш жібердік. Біздің бұл өтінішімізді аудандық прокуратура да қолдады. Бірақ сот біздің өтінішімізді қанағаттандырмады. Үш күнге ғана үй қамақ ретінде шешім шығарды. Егер сот солай шешім шығармағанда біз әлі талай тергеу жұмыстарын жүр­гізер едік. Ал өз-өзіне қол жұмсап қай­тыс болған жігітке қатысты нақты дәлел жоқ, қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол жұмсау» бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, – дейді мәселеге орай түсінік берген Ұйғыр аудандық полиция бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасары Тұражан Махамед.

Алайда аудандағы мал ұрлығына қатысты жағдай әлі де шиеленіскен қалпында қалып отыр. Бұл жерде біз бір ғана іс бойынша шығарылған шешімнің кесірінен мал ұрлаған адам­дардың жеңіл жазамен құтыл­ғанына тоқ­талып отырмыз.­ Ал ізі суып­ ашыл­­­­маған,­ ұс­талса­ да жазаланбаған ­­­­­­­қылмыскер қаншама?! Жоғарыдағы іске қатысты түсінік берген Алматы облыстық сотының өкілі былай дейді:

– Жәбірленуші өзіне келтірген шығынды толық өтеп берілгенше үй қамақ түріндегі бұлтартпай шарасын қолдануды сұрады. Г., К. және Т. есімді күдіктілер өздеріне тағылған айыппен келісетіндерін және өкінетіндерін айтып кешірім сұрады. Күдіктілердің тұрақты жұмысы бар, тұрғылықты жерлері бар, жәбірленушіге келтірген зиянды толық өтеп берген. Тергеуге кедергі келтірмейтінін және бұрын қылмыстық әрекет жасамағандарын айтып, үй қамақ түріндегі жаза қол­дануды сұрады. Сот қаулысымен Ұйғыр аудандық полициясының екі айға қамауда ұстау туралы өтініші қанағаттандырылмады, – делінген облыстық соттың баспасөз қызметі берген хабарламада.

Жалпы, бұған дейін Қылмыстық кодекске 188-1, яғни «Мал ұрлы­ғы» деген арнайы бап енгізілген бола­тын. Бұл бап бойынша қыл­мыс­тық жауаптылық пен жазаны белгі­лейтін жаңа талапқа сәйкес, «мал ұрлығы адамдар тобы емес, бір адам мал қораға немесе басқа да қой­ма­­ларға кірместен жәбірленушіге ай­тарлықтай залал келтірмей жаса­ған жағдайда сотталушының ауырлығы орташа қылмыс ретінде қаралып, мүлкі тәркіленуге тиіс» деген жаза тағайындалған еді. Шешімде 3 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiн­гi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына бес жылға дейінгі мерзімге бас бос­тан­дығын шектеу немесе бас бос­тандығын айыру жазасы қарас­ты­рыл­ған. Ал мал ұрлығын адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаса немесе ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Сондай-ақ мал ұрлығы бірнеше рет жасалса, сондай-ақ тұрғын үйдің мал қорасына, қашаға немесе өзге де қоймаларға кіру арқылы жасалған жағдайда да ол ауыр қылмыс деп танылады. Ол үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Бұдан бөлек, мал ұрлығын ұйымдасқан қылмыстық топ жасаса немесе аса ірі мөлшерде жасалса, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді деген заң талабы бар.

Алайда Ұйғыр ауданындағы мал ұрлығына қатысты болған жағдай аймақ­тардағы заң талабының сақтал­май­тындығын, оның ішінде Қыл­мыстық кодекстің 188-1 бабы, яғни «Мал ұрлығы» арнайы бабының аяқ асты болып отырғанын көрсетеді...

 

Алматы облысы