PACEY байқауы бейбітшілік, климаттық қауіпсіздік және қарусыздану салаларына үлес қосқысы келетін белсенді жастардың инновациялық жобаларын қолдайды. Аружан Nazarbayev University бакалавриатын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша бітірген.
Ол бұл конкурсқа ерекше қажеттіліктері бар орыстілді балаларға арналған «Ертіс мектебі» жобасын ұсынды. Мұнда олар денсаулығы түзу балалармен бірге оқып, қоғаммен бітеқайнасып кете алады. Семейдегі мектептің ресми ашылуы осы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Деректерге сүйенсек, қалада нейропсихологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған 4 мыңнан астам бала тұрады. Олардың көпшілігі ядролық сынақ құрбандарының үшінші және төртінші ұрпағы болуы мүмкін.
– Жобаның идеясы – оқушылардың жеке қажеттіліктерін ескеретін төрт түрлі бағдарлама бойынша ерекше балаларды оқыту. Осы кезеңде команда бастауыш мектеп деңгейіне және 4 бағдарламаның қайсысы балаға сәйкес келетінін түсіну үшін психологиялық және физиологиялық тесттер өткізуге баса назар аударады. Жақын арада бассейнді қайта құруды, массаж кабинетін, ойын алаңын ұйымдастыруды және мектепті техникалық іске қосқанға дейін басқа да ұйымдастыру іс-шараларын аяқтау жоспарланып отыр. Ұзартылған топтарға, мектепке дайындыққа, жапон волейбол секциясына, классикалық бал биі, вокал және сурет үйірмелеріне қабылдау жарияланды, – дейді Аружан.
А.Ауданбекова балалардан бөлек ата-аналарға баланың табиғи талантын қалай дамытуды және оларды жоғары әлеуетке жетуге қалай ынталандыруға болатынын үйретуді жоспарлап отыр. Ол ата-аналарды баланың білім беру қажеттіліктерін ескеруге және оларды арнайы түзету мектептеріне беруден қорықпауға шақырады.
Лағыл АСҚАРОВА
АСТАНА