Ауыл • 15 Ақпан, 2023

Байланыс аясынан тыс ауыл

892 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұялы телефон байланысы, интернет же­лісі – адам баласы үшін ауа мен судай қажет­тілікке айналды. Бірақ та оның игілігін көру еліміздің көптеген аймағында әлі күнге дейін күн тәртібінде тұрғаны шындық. Сондай өңір­лердің қатарында жаңадан құрылғанына жарты жылға жуықтаған Абай облысының аудандары да бар.

Байланыс аясынан тыс ауыл

Атап айтқанда, Аягөз ауданының Тарбағатай ауылының кәрі-жасы алыс-жақындағы тамыр-таныс, ағайын-туысымен тілдесу үшін әкімдік пен мәдениет үйі, кітапхана мінгесе орналасқан қос қабатты ғимаратқа келетіні күнделікті әдет болып кеткен. Әсіресе, Өскемен мен Семейдегі жоғары оқу орнында оқитын осы ауылдың студент жастары онлайн оқу тапсырмаларын орындауда қиналып жүр. Ауыл әкімі Ербол Ережепов заман талабына сәйкес байланыс түрін орнатуға барын салып жүргенімен, интернет ауыл халқының басты арманы болып тұрғанын айтады.

– Тарбағатай ауылдық округінің құрамында ауылдан өзге үш елді мекен бар. Алдымен тұрғын санын айтар болсақ, Ақшоқы ауылында – 44, Ортааралда 47 адам тұрады. Малтүгелде 180 адам бар. Осыларды ескере келсек, Тарбағатай ауылы бойынша жалпы 1 500 шамасында тұрғыны бар Аягөз ауданындағы ірі ауыл деп айтуға болады. Негізінен тіршілік көзі – мал ұстау, ірі шаруа қожалықтары да аз емес. Ауыл азаматтарының ынтымағына, халыққа ортақ іс болса, жұмыла кірісетініне еш күмән жоқ. Әр жылдың түлектері де ауыл үшін қажетті мәселелерді шешуге белсене үлес қосады. Дегенмен интернет байланысының нашарлығы бәрімізді толғантып отыр. 2007-2008 жылдары «Activ» компаниясы байланыс желісін орнатқан болатын. 2012-2013 жылдары халықтың өтінішіне байланысты «Beeline» жүйесі іске қосылды. Бірақ 2019 жылдан бастап, Тарбағатай аумағы тұрғындарын интернетпен толықтай қамтамасыз ету мақсатында «Қазақтелеком» АҚ бұрынғы «Activ» компаниясының желі тарту бағанын алып, орнына жаңадан өз бағанын орнатты. Сол арқылы «Tele2», «ALTEL» және «Activ» үшеуін қатар қойды. Міне, сол уақыттан бері интернет байланысының қызметі нашарлап кетті. Ауыл тұрғындары негізінен «Activ» номерін пайдаланатын. Қазір аталған байланыс түрінің операторы дұрыс жұмыс істемей, халыққа қиын тиіп отыр. Бұған қатысты аталған компания басшылығына жолдаған хаттарымызға әзірге жауап жоқ. Биыл ауылымыздың төңірегінде «Tele2» компаниясы үш желі бағанын орнатуды қолға алып отыр. Былтыр жыл соңында жай бастады. Істерін дұрыс аяқтайды деп үміттенеміз. Әзірге ауыл тұрғындары әкімдіктің WiFi желісіне келіп, байланысқа шығып отыр. Басқа амалдары жоқ, – дейді ауыл әкімі Е.Шәкерұлы.

Ауыл әкімі бекер айтпапты. Мәдениет үйі­нің жайымен танысу үшін үстіңгі қабатқа көтеріл­генімізде дәліздегі терезенің алдына кеп қармақ салып, балық аулап тұрғандай кейіптегі үш бозбалаға көзім түсті. Жөн сұрастырсақ, студенттер екен. Өскемендегі ШҚТУ-да оқитын Думан Әскержанов ауылға желтоқсан айында келіпті. Содан бері осы ғимараттың босағасынан аттау оның күнделікті әдетіне айналған. Өйткені студенттік есептік құжаттарды ұялы телефонның интернеті арқылы жолдап отырудың басқа жолы жоқ. Бір қызығы, ол бағдарламашы мамандығы бойынша білім алып жатыр екен. Алайда ауылға оралғысы келмейтінін, келешекте қалада қалғысы келетінін де жасырмады. «Бұл мәселе – тек біздің ауылдың емес, бүкіл Қазақстанның әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан ортақ проблемасы. Әзірге осылай байланысқа шыққанымызға да тәубе» дейміз, дейді ол.

 

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

 

Абай облысы,

Аягөз ауданы