Алхимик кітабы өзін іздеп өлке кезген жолаушыға таптырмас гид. Сантьяго қойшының белгісіз жаққа сапар шегуінің нәтижесінде пайда болған «Өз жолы» түсінігі қызықты оқиғалар арқылы сан-салалы бейнеленеді. Жазушының жеке өмір-тағдыры да сан қилы. Нашақорлыққа ұрыну, жындыханаға түсу, діни сектаға кіріп қара магиямен айналысу, отбасылық тауқымет сынды күрделі жайттар Коэльоның тәжірбиелік білімін арттырды. Шым-шытырық өмір ағыстарында суицид жайлы ойларға шырмалғанымен, автордың өмірге құштарлығы арта түседі. Ол Ницшенің «жар жағалап құлап бара жатқан адамды қолынан тартып, аман алып қалу қажетсіз, оны әрі қарай итеяріп жібер, өйткені ол соған лайық» деген ойына қарсылық танытады. Бұл түйінді дербес сабақтай келіп: «жар жағалап құлауға айналған адамды бір емес, бірнеше рет кездестірсең де аман алып қал, бірақ оған әрі қарай қалай өмір сүруді үйретіп әуре болма, өзі сол санаға жетпей болмайды» дейді. Расында, кісі ақылы өзгеге ақыл болмайды. Жауған нөсерден кейбір жер көгарай шалғынға айналса, кейбір жер тақыр қалпын сақтар. Жазушы бірде: «мен өзімді соңына жетіп болмайтын жолмен кетіп бара жатқан зиярат етушімін деп суреттер едім» деген-тін.
«Алхимикте» жан-жақты құбылыстардан түйілген, ақылда қордаланған философиялық түйіндер көптеп кезігеді. Шынайылығынан ба екен, әлде көңіл пернесін тап басатын ішкі ағындарға ілесе кететіндігінен бе, әрбірі ойға қона кетеді. Серпін, күш береді. «Өз тағдырының жүзеге асуына қол жеткізу – адамның бірден-бір міндеті. Барлық адамдар жас кезінде-ақ өз тағдырын біледі... Бірақ уақыт өте келе жасырын бір күш сол тағдырының жүзеге асуы мүмкін еместігін дәлелдей бастайды. Бұл күш адамға жақсылық тілемейтіндей көрінеді, дегенмен, шын мәнінде, ол адамға өз тағдырын қалай жүзеге асыруға болатынын көрсетіп тұрады. Ол, осыған адамның рухы мен жігерін дайындайды. Бұл ғаламшарда бір ұлы ақиқат бар: егер сен шынымен бір нәрсені қаласаң, оған жетесің, өйткені мұндай қалау Әлемнің көкірегінде пайда болады. Нақ осы – сенің жерде не үшін жүргеніңді білдіреді». Жазушы сөзі қашан да ғайыпқа сенуге, біздің санамыздан тыс кеңістік барын дәлелдеуге күш салады. Осының бәрі кітаби тіл емес, шын сенім мен күрестен туған тәмсіл екені сезіліп тұрады. «Ең қараңғы кез таң атуға жақындағанда болады» дейді жазушы. Құдай тағаланың жолы үздіксіз алмасып отыратынын, ешқашан үміт үзуге болмайтынын ескертеді. Қалың қардың астында қылтиып шығар бәйшешек гүлдің өмірі бар. «Бар құпия қазіргі сәтте. Оған лайықты көңіл бөлсең – оны жақсартасың. Оны жақсартсаң – болашақты да жақсарта аласың. Сондықтан болашағым жақсы болсын деген адам нақ бүгінгі сәтін қолдан жіберіп алмасын. Әрбір күн – мәңгіліктің бір бөлшегін құрайды».
Коэльо кітаптарының әлемнің 155 елінде таралып, 56 тілде 70 миллион данамен таралуының сыры – ішкі өмір процестерінен құйылған пәлсапалардың қоюлығында болса керек. Кабуснамада айтылғандай, тума ақыл мен кәсіби ақыл қосылса ғана кісіге даналық бітеді. Жазушы қиялын көзбен көріп, көзін қияндарға суарып, 40 жасында тұңғыш шығармасын жазыпты. Әлемді кезіп, жаңа адамдармен сырласып, замандастарының діңіне үңіліпті. Діни түсініктердің қайшылығы жөнінде жалғыз ауыз сөзбен шешімтал пікір өрбітіп: «Барлық дін жарыққа ұмтылады, оны қараңғыға сүйрелеп, өз пайдасына жұмсағысы келетіндер – саясатшылар» депті.
Шығарма соңында Сантьяго таныс ағаш түбіне, алхимик қалдырған алтынға жетеді. Мұнда бір жылдары өзі қой баққан шаңдауыт жолын еске алады. Ағаш түбінен алтын мен жауһарға толы сандықшаны қазып, қуанышқа батады. Сантьяго «кім өз жолына ерсе, өмір соған жомарттық танытады» деген ойға бекиді. Қазынасының оннан бір бөлігін ескі сығанға апаруды көздейді. Соңыра сүйіктісіне оралуға мүмкіндік алады. Алхимик – даналық ойлар жемісімен нығыздалған кәрзеңке іспетті. Мәселен, «жер бетінде әрбір адам қандай іспен айналысқанына қарамастан әлемнің тарихында басты рөл ойнайды», «адамның төңірегіндегі адамдар өзгеріп тұрмаса, олар адамның бүкіл болмысына еніп кетеді», «қойлармен бірге жүрген адам онша жалғызсырамайды», «бар құпия қазіргі сәтте».