21 Маусым, 2014

Әлем театрларымен байланыс

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Аты аңызға айналған миландық театр­дың елордаға гастрольдік сапары аясында «Ла Скала» мен Неаполдағы «Сан Карло» театры басшылары мен «Астана Опера» театры арасында әріптес­тік жөніндегі меморандумға қол қойылмақ.  Үш музыкалық театрға қашанда достық пен шығармашылық әріптестік дәнекер екенін айта кеткен жөн. Кездесу барысында театр басшылары алдағы жұмыс жайын талқылауды жоспарлап отыр. Еске сала кетейік, астаналық театр итальяндық «Ла Скала» театрымен бірігіп биылғы жылдың мамыр айында Дж. Пуччинидің «Тоска» операсын қойған болатын, сондай-ақ, алдағы күзде қос өнер ордасы Дж. Вердидің «Аида» (қоюшы-режиссер – Франко Дзеффирелли, Италия) операсының тұсауын кеспек. Ежелгі «Сан Карло» опера театрының директоры Розанна Пуркиа ХХІ ғасыр ғаламаты – «Астана Опера» театры жайлы бұған дейін өзінің әріптестерінен көп естігенін атап өтті. «Жас театр­ды көріп, бірлескен әріптестігімізді талқылап қайту мен үшін үлкен құрмет» деді маман. Розанна Пуркиа өзара гастрольдік алмасулар ұйымдастыру­ды ұсынды, осылайша, неаполитандық труппа алда­ғы жылы Б. Эйфманның қойылымындағы В.Моцарт­тың «Реквием» балетінің тұсауын кесуді жоспарлап отыр, ал «Астана Опера» театрының труппасы бұған жауап ретінде «Сан Карло»-дағы «Күзгі билер-2015» фестиваліне қатысатынын мәлімдеді. Қос театрдың жоспарында  Г. Доницеттидің  «Lucia di Lammermoor» қойылымын бірігіп қою мәселесі тағы тұр. Қойылым өзінің жарқын жақтарымен жан баурайды деген сенім бар, онда халықаралық деңгейдегі каст өнер көрсетпек, қоюшы- режиссері – бірталай кинематографиялық марапаттардың иегері, «Оскар» сыйлығының «үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша номинанты Джианни Амелио, сценографы – Никола Рубертелли. «Егемен-ақпарат».