Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақстанда мұндай жерлерге Қызылорда, Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарындағы күріш және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін егістік алқаптарын жатқызуға болады. Оның негізгі себептеріне топыраққа минералды тыңайтқыштарды есепсіз сіңіру, дренаж жүйесінің бұзылуы, ауыспалы егістіктерді өз деңгейінде қолданбау және суару режімін дұрыс сақтамау жатады. Әрине, тұзды топырақ ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге тиімсіз болатыны бесенеден белгілі. Өйткені сортаңға айналған егістік алқаптарында қарашірік мөлшерінің азаюы топырақ құнарының төмендеуіне, биологиялық белсенділігінің нашарлауына және сілтілігінің жоғарылауына әкеліп соғады.
Сондай-ақ тұзданған топырақтың тұздылығын жоюдың баршамызға белгілі дәстүрлі химиялық әдістері қазіргі таңда түрлі себептерге байланысты қолданылмай отыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында химиялық тыңайтқыштарды қолданудың пайдасымен қатар тигізетін кері әсерлері де болады. Күріш дәнін себер алдында жүргізілетін топырақты өңдеу әдістерінің көптігі (қыртысты жырту, көктемгі жырту, қопсыту, таптау, тырмалау және тағы басқалары) және минералды тыңайтқыштар мен химиялық заттарды шамадан тыс қолдану арқылы мол өнімге қол жеткізуге болады. Бірақ бұл уақытша ғана табыс. Керісінше топырақ құнарының негізгі бөлігі болып саналатын қарашіріктің тез ыдырауына, салдарынан топырақ құнарының күрт төмендеуіне тікелей әсер етеді.
Ел аумағында іргелес республикалардан бастау алатын Сырдария, Іле секілді ірі өзендердегі су деңгейі түрлі себептерге байланысты жылдан-жылға төмендеп келеді. Бұл күрішті суаруға арналған су көлемінің жыл сайын 30-40 пайызға төмендеуіне әкеліп соғады. Бұған қоса бұл сулар өнеркәсіптік және шаруашылық-тұрмыстық қалдықтармен ластанатынын да атап өткен жөн. Қазіргі таңда күріш дақылдарын өндіру құны өте жоғары, ал керісінше дәннің тауарлық сапасы бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан суды көп қажет ететін күріш дақылдарының көлемін барынша қысқартып, топырақтың құнарлылығын сақтауда күріштің ауыспалы егіс танаптарында мал азықтарына қажетті бұршақ тұқымдас дақылдарының көлемін (түйе жоңышқа, жоңышқа) 30-40 пайызға ұлғайту керек. Судың мөлшерін үнемдеу және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мақсатында осы өңірдің ауыл шаруашылығын ет және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға бағыттау маңызды.
Осылайша, топырақтың экологиялық жағдайын жақсартудың және екінші рет тұзданған топырақты қалпына келтірудің бірден бір тәсілі ретінде кешенді түрде тұзға төзімді өсімдіктерге фитомелиоранттарды қолдану әдісі бірінші орынға шығады. Келешегі зор мұндай фитомелиоранттарға жоңышқа мен түйежоңышқа жатады. Сондықтан бұл дақылдардың алқаптарын кеңейту және оларды күрішке ауыспалы егістік ретінде барынша пайдалану жемшөп базасының дамуына, мал азығындағы ақуыз тапшылығы мәселесін шешуге едәуір әсер етеді және мал шаруашылығының одан әрі дамуына зор үлесін тигізеді.
Қазіргі уақытта күріштің ауыспалы егісінде жоңышқа дақылының атқарар маңызы зор. Алайда оның кемшіліктері де аз емес. Атап айтқанда, жоңышқа суару кезінде түйежоңышқамен салыстырғанда судың мөлшерін екі есе көп қажет етеді. Сондай-ақ жоңышқаның өніп-өсуі төмен. Бұл жоңышқа тұқымының сыртқы қатты қабығына байланысты. Көбінесе жоңышқаның дәні себілген алқаптардың төрттен бірі өспей қалады. Себілген тұқымдардан тек 30-40 пайызы, ал кейбір аймақтарда 15-20 пайызы ғана өсіп-өніп шығады. Тұзды топырақ өсімдіктердің зат алмасу жағдайларына да кері әсерін тигізеді. Жоңышқа дақылы тұзға төзімсіз болғандықтан, өсімдік тұқымының өсіп-өнуі барынша төмендеп, өте сирек шығады. Салдарынан жоңышқаның өнімділігі айтарлықтай төмендейді.
Жоңышқа дақылының тағы бір кемшілігі зиянкес фитономустың ең сүйікті қорегі екендігі. Бұл зиянкестер, әсіресе құрғақшылық жылдары жоңышқа өсімдігіне едәуір зиян келтіреді. Яғни жапырақтарын тез зақымдап, тек сояу-сояу сабақтарын қалдырады. Бұл құбылыс, әсіресе жоңышқаның бірінші орымы кезінде байқалады, кей жағдайда алғашқы орымды толығымен жеп қояды. Жоғарыда келтірілген деректерді түйіндей келе, жоңышқа дақылының екінші рет тұздалған суармалы егістіктер үшін фитомелиорант ретінде болашағы жоқ екенін айта кеткен жөн.
Тұзға төзімді екінші фитомелиорант – малазықтық бұршақ тұқымдас өсімдігіне жататын түйежоңышқа дақылы. Бұл өсімдік топырақтың құрамындағы тұздарды тамырлары арқылы бойына сіңіріп, тұздың мөлшерін бірінші жылдың өзінде екі есеге, ал екінші жылында 70-80 пайызға дейін төмендетеді. Себебі аталған дақылдың сабағының бойы биік, тамыры нық әрі көлемі өте үлкен (20-25 т/га дейін) және тамыры топыраққа терең енеді де, топырақтағы микроорганизмдердің көмегімен органикалық заттар түзіліп, оның құнарының артуына мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде, топырақтың ең құнарлы бөлігі қарашірікке (гумус) айналуына тікелей әсер етеді. Гумус – бұл органикалық компоненттер (гумин және фульвоқышқылдары) мен бейорганикалық бөліктерден (гуматтар мен фульваттардың құрамына кіретін минералдар) тұратын үлкен қосылыс. Топырақты қоректік заттармен қамтамасыз ету функциясынан басқа, ауыр металдар мен радионуклидтердің тұздарын байланыстыратын биологиялық сүзгі ретінде де әрекет етеді. Сондай-ақ ол егістікте ылғалды сақтауға және топырақта су мен ауаның тепе-теңдігін орнатуға ықпалын тигізеді.
Сонымен қатар түйежоңышқа, әсіресе жасыл балаусасы азықтық құндылығы жоғары өнімді дақыл ретінде ерекше бағаланады. Ол суармалы егістіктерде бір вегетациялық кезеңде сортына байланысты 350-ден 800 ц/га дейін көк балауса береді. Алайда қазіргі уақытта түйежоңышқа дақылдарының көлемін ұлғайтуға кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Соның бірі – түйежоңышқаның тұқымдық дәнінің сыртқы қабығының қаттылығына байланысты шығымдылығының өте төмен болуы.
Тұқымдық дәннің өнімділігін арттыру үшін түрлі әдістер қарастырылған. Әсіресе өндірісте көбінесе арнайы машиналардың көмегімен дәннің сыртқы қатты қабығын бұзу үшін механикалық зақымдау (скарификация) әдісі жиі қолданылады. Аталған әдіс көп жағдайда дәннің қабығын ғана ыдыратып қоймай, сонымен қатар оның ішкі құрылысын да едәуір зақымдап, дәннің физиологиялық өніп-өсу үдерістеріне кері әсерін тигізеді. Салдарынан дәннің кейбір ауруларға тез шалдығуына жағдай жасайды. Олар топырақта шіріп өнбей қалады. Оған қоса бұл әдіс, яғни механикалық скарификация едәуір қосымша шығынды талап ететіні де анық.
Осы орайда Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдары аталған әдісті алмастыра алатын, тұқымдық дәннің шығымдылығын биологиялық жолмен арттыратын целлюлозолитикалық бактериялар негізінде жасалған тиімділігі жоғары отандық биопрепарат әзірлеп, өндірісте кеңінен пайдаланып отыр. Тұқымдық дәнді себу алдында аталған препаратпен өңдегенде, дәннің өніп шығуына едәуір кедергі келтіретін сыртқы қалың қатты целлюлоза қабығының ыдырауына ықпал етеді. Нәтижесінде, аталмыш дақылдың шығымдылығы 80-90 пайызға дейін артады. Аталған әдіс дәнді механикалық скарификациялау әдісін толығымен алмастырады.
Жоғарыда аталған мәселелер топырақты құнарландырудың химиялық жолдарына балама түрде агроэкожүйелерде үзіліссіз жүріп отыратын микробиологиялық үдерістерді реттеуге баса назар аудара отырып, құнары төмендеген топырақты биологиялық жолмен бастапқы қалпына келтірудің жаңа әдістерін іздестірудің өзекті екендігін көрсетіп отыр.
Экономикасы жақсы дамыған елдер қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында химиялық қоспаларды қолданудан бас тартып, табиғи биологиялық таза әдістерді толық пайдалануды ұсынып отыр. Биологиялық немесе органикалық егіншіліктің тағы да бір ерекшелігі – топыраққа табиғи органикалық заттарды ендіру және топырақтың құнарын арттыратын фитомелиоранттар егу арқылы топырақтың биологиялық белсенділігін арттыруға тікелей қатысты топырақ микроорганизмдерінің тыныс-тіршілігін қадағалап отыруға мүмкіндік тудырады.
Әдетте, өндірістік жағдайда күріштен жоғары өнім алу үшін топыраққа жыл сайын орта есеппен 250-350 кг/га азот және 150-200 кг/га фосфор минералды тыңайтқыштары беріледі. Бірақ оларды үздіксіз беру топырақтағы қарашірік мөлшерінің төмендеуіне әкеліп соғады. Қазіргі уақытта күріш алқаптарының топырақтарындағы қарашіріктің мөлшері шамамен 0,5-0,7 пайызды құрайды. Бұл ретте топырақ құнарлылығын қалпына келтірудің химиялық әдістерге балама жолдарының бірі – микроорганизмдер негізінде жасалған биологиялық препараттарды қолдану.
Біздің орталықта топырақты биологиялық азотпен қамтамасыз ететін атмосфералық ауадан азотты сіңіруші микроорганизмдер негізінде биопрепарат әзірленіп, өндіріске енгізілді. Табиғи жағдайда бұршақ дақылдары, атап айтқанда, түйежоңышқа бір вегетациялық кезеңде топырақта өздігінен гектарына шамамен 60-70 кг ғана биологиялық азотты жинақтайды, ал оның тұқымдарын биопрепаратпен өңдеген жағдайда 300-350 кг/га дейін артып, келесі егілетін басқа да дақылдардың азотқа деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырып, өнімділігін 30-40 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
Топыраққа фосфор минералды тыңайтқышын бергенде, оның 8-10 пайызын ғана өсімдіктер сіңіре алады, қалған 90-92 пайызы жыл сайын топырақта «қажетсіз» қор болып жинала береді. Табиғатта тек микроорганизмдер ғана фосфордың ерімейтін түрін еритін түріне, яғни өсімдіктерге қажетті формасына (Р2О5) айналдыру қабілетіне ие. Бұл үдерісті фосфатсіңіруші (фосфатмобилиздеуші) микроорганизмдер ғана жүзеге асырады. Ал орталық ғалымдары шығарған биопрепаратты қолданған жағдайда сол «қажетсіз» фосфор тыңайтқыштарын өсімдікке сіңімді түріне айналдырып, минералды тыңайтқыштар қолданбай-ақ, өсімдіктің жасыл массасының өнімділігі 20-30 пайызға артады. Осылайша, азот сіңіруші және фосфатмобилизациялаушы микроорганизмдер негізінде жасалған биологиялық препараттарды қолдану азот пен фосфор минералды тыңайтқыштарын толығымен алмастырады. Нәтижесінде, дақылдардың өнімділігі төмендемей, керісінше артады.
Химиялық тыңайтқыштар мен пестицидтерді қолданбай, органикалық жолмен алынған өнімдер қоршаған орта мен адамдар үшін пайдалы және қауіпсіз. Органикалық егіншілікке көшудің бірінші және негізгі міндеттері – химиялық тыңайтқыштар мен өсімдіктердің зиянкестермен күрес барысында қолданып жүрген химиялық препараттардан толығымен бас тарту.
Сонымен қатар түйежоңышқаны мал азығы ретінде тиімді пайдалану жөніндегі мәселе түбегейлі шешілмей, оның көлемін арттыру мүмкін емес. Алайда бұл дақылға тән, оның гүлдену кезеңінде қышқыл дәмді және жағымсыз иісті органикалық қосылыс – кумарин алкалоиды түзіліп, ауыл шаруашылығы түліктері оның көк балаусасын мал азығы ретінде жемей қояды. Сондықтан шаруа қожалықтары амалсыздан оны орып, тек пішен дайындауға мәжбүр. Бірақ кептіру барысында оның жапырақтары түсіп, тек сояу-сояу болып сабақтары ғана қалады. Оған қоса кепкен кезде құрамындағы коректік заттардың мөлшері азайып, дайындаған пішеннің де сапасы едәуір төмендейді. Сапалы мал азығын дайындаудың жалғыз жолы – сүрлем.
Бұдан бөлек мал өнімділігін көтерудің маңызды шарттарының бірі – малды азықтандырудың қыстық түрін жаздық түріне мүмкіндігінше жақындату. Сондықтан түйежоңышқаның көк балаусасын орып алғаннан кейін ылғалдылығын шамамен 55-60 пайызға дейін дегдітіп, арнайы траншеяға салып, нығыздап, ауа кірмейтіндей етіп бетін пленкамен жауып тастау қажет. Шамамен 30-45 күн өткен соң пайдалануға әбден болады. Осылайша дайындалған пішендеменің құрамында алмасу энергиясы, протеин, қант, каротин толығымен сақталып және сонымен бірге жоғары өнімді малдарды құнарлығы жоғары, сапалы мал азығымен қамтамасыз етеді.
Сүрлемді сүтқышқылды және пропионқышқылды бактериялар негізінде жасалған отандық бактериялық биопрепаратпен дайындаған жағдайда, кумариннің мөлшері күрт төмендеп, ауыл шаруашылығы малдарының ағзалары үшін пайдалы органикалық қышқылдар, оның ішінде сүт қышқылдары түзіліп, зиянды май қышқылдарының түзілуіне едәуір кедергі жасайды. Сапалы дайындалған пішендеме тұздалған көкөністердің иісіне ұқсас сәл қышқыл жағымды иісімен ерекшелінеді. Сонымен қатар осы дақылды сүрлеуге түйежоңышқаның алғашқы жылында бірінші және екінші орымын, екінші жылында бірінші орымын пайдаланған дұрыс. Содан кейінгі күзгі орымды тұқымдық дәнге қалдыру керек.
Топырақтың құнарлылығын, тұқымдық дәннің өсіп-өнуін, дақылдардың өнімдерін арттыру және жемшөп базасын нығайту бойынша толық технологиялық циклды жүзеге асыру мақсатында біздің орталықта жоғарыда аталған биопрепараттарды өндіріске кең ауқымды енгізу үшін өндірістік желі ұйымдастырылды. Бұл препараттарға барлық құқықтық құжаттар мен тауардың шығу тегі туралы сертификаттар алынған. Микроорганизмдер штаммдары, биопрепараттарды жасау технологиялары, тауар белгілері патенттермен қорғалған.
Осылайша, біз ұсынған биологиялық технологияларды қолдану, келесідей негізгі міндеттерді шешуге көмектеседі. Біріншіден, топырақтың тұздылығын барынша төмендету, қарашіріктің мөлшері мен оның құнарлылығын арттыру арқылы екінші рет тұзданған суармалы егістік жерлерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Екіншіден, топырақты таза биологиялық азот және фосфор тыңайтқыштарымен қоректендіруге жол ашады. Үшіншіден, түйежоңышқаның көк балаусасын сүрлеу арқылы мал шаруашылығын құнарлығы жоғары әрі сапалы мал азығымен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Жалпы алғанда, ұсынылған іс-шаралардың барлығы биологиялық немесе органикалық егіншілік стандарттарына сәйкес келеді – топыраққа енгізілетін химиялық препараттарды өте аз мөлшерде қолдана отырып, топырақтағы микроорганизмдердің мүмкіндігін кеңінен қолдану.
Ұзақмерзімді ғылыми зерттеулердің нәтижесінде, біздің орталықта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қажетті көптеген жаңа және болашағы зор әзірлемелер дайындалды. Бұл ғылыми жетістіктердің тікелей өндіріске шығуы әбден мүмкін.
Журналистер, блогерлер, экологтер, қоғам белсенділері табиғатта экологиялық жағдайлардың жыл сайын төмендеп жатқандығы туралы мәселелерді көтеріп жүр. Бірақ олар осы мәселелердің шешу тетіктерін нақты айта алмайды. Ал біздің орталық әзірлеген биологиялық технологиялар мен биопрепараттарды қолдану, топырақтың екінші рет тұздану проблемасын шешу арқылы бұршақ тұқымдас дақылдардың көлемін егіс алқаптарында ұлғайтып қана қоймай, Қазақстанның бірқатар өңірінде құнарлы мал азығы өндірісін дамытуға жаңа серпін береді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына айтарлықтай үлесін қосады.
Ұсынылып отырған технологиялар біздің климаттық жағдайларға бейімделген бірегей отандық биопрепараттар және өндіріске ірі көлемде енгізілген. Қазіргі уақытта біз ұсынған технологияның баламасы жоқ.
Амангелді САДАНОВ,
Микробиология және
вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры