Еңбек • 23 Ақпан, 2023

Бар байлықтың басы – еңбек

497 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қай кәсіптің де басы бейнет, соңы береке ғой. Бірақ қазіргі қоғамда бизнесті бастай сала байлыққа күмп беріп түсіп кеткісі келетіндер көбейіп тұр. Әсіресе, осындай елеске еліткен жастар береке еңбекте екенін естен шығарып, алғашқы қиындықтан-ақ жігері құм болып жатады.

Бар байлықтың басы – еңбек

Кеңес үкіметі құлағанда көп адамның алдын бағдарлай алмай дағдарып қалғаны рас. Бүгінде Қазалыдағы іскер азаматтардың алдыңғы қатарынан көрініп жүрген Медеу Есқожаев ол кезде бала еді. Әкесі Бердібай қарапайым көлік жүргізушісі, анасы Ақжарқын балабақша қызметкері болатын. Бұл уақыттың бұрынғыдай «Үкімет асырайды» дейтін жағдайды көтермейтініне көптің көзі жетіп тұр. Бірақ алдағы бағытың қалай болатыны да белгісіз. Осындай алмағайып кезде ақыл тапқан үйдегі 6 баланың үлкені Мереке ағасы болды. «Кәсіп бастауға ең қолайлы уақыт осы. Еңбегіне жалынған адамның заманы келе жатыр» деді ол бір күні дастарқан басында. Үйдегі қалған 3 ұл мен 2 қыз осы аға ақылының айналасына ұйысты. Әуелгіде Қарақалпақ асып, күнбағыс майын тасыды. Аларманнан сатарман көп болып тұрған сол тұста осылайша базарға шықты. Дорбалап та, арбалап та тасыған бейнеттері ақталып, аз жылдың ішінде әжептәуір қор жинады. Кейінірек Қостанайдан ұн жеткізуге шықты. Бастапқыда көлікпен, сосын вагонмен тасыды. Кәсібің жүрсін десең, бейнеттен қашпа. Келген тауарды түсіріп, базарға шығаратын бозбала Медеу сол кезде осындай ой түйген. Ұн саудасын да 7-8 жылдай айналдырды. Алып-сатудың күні өтіп бара жатқанын алдымен аңғарған тағы сол Мереке ағасы болды. Аға ұйғарымымен бұлар енді өндіріске ойысты.

Әуелгіде күріш егетін шаруа­шылықтарға инвестор болды. Бірақ техникасы тапшы шаруашылықтар бір күнде банкрот болып, табыс тұрмақ салған ақшасын ала алмай қалған кездері көп еді.

– Сол кезде шаруашылық басында отырғандардың көпшілігінің істі жүргізуге сауаты жетпеді. Бір нәрсе алу үшін қолдағы техникасын саудалағандар көп болды. Осылайша бәрін аз жылда тауысып, қарызға батып қала берді, дейді «Агро-Өркен» ЖШС директоры Медеу Есқожаев.

Кейіннен Қожабақы ауылындағы тұралап қалған «Агро-Өркен» серіктес­тігінің жұмысын жүргізіп, күріш екті. Бір қызығы, аудан орталығында өскен ағайындылар бұған дейін күріш алқабын көрмегендер қатарынан болатын. Бірақ бойда білмекке талпыныс, үйренбекке ұмтылыс бар еді. Алғашқы 3-4 жылда өнім ойдағыдай болмады. Жер жібігеннен қара күзге дейін тыным таппай жүргендегі табыстары көңілден шыға қойған жоқ. Тағы да ағайындылар алқасы жиылып, егіндікті мал кірмейтіндей қоршау қажет деген шешім жасалды. Сол тұста 2000 гектарды қоршауға кіріскен бұлардың тірлігін құм санаған әпендінің әрекетіне балап, күле қарағандар көп болып еді. Отыз миллион теңгеге Ресейден ағаш, Шымкенттен сым алдырып егіндікті төртке бөліп қоршап шықты. Осыдан кейін ғана еңбектері қайтып, күздегі түсім көбейе бастап еді.

– Бұл осы салада кәсіппен айналыс­қандардың бәрі бастан кешкен кеп. Бәрінен қажып, қол сілтеп тастап кеткің келетін кезде «мұныма ертең маған сеніп отырған ел не дейді?» дегенді ойлағанда сілкініп шыға келесің. Біз де осылай тіктелдік. Кейін Мереке мен Мейрамбек ағаларым бөлек кетті де, бауы­рым Мерей екеуміз осы салада қалдық. Мен егінмен айналысамын, Мерей өңдеу жағына жауапты, дейді кәсіпкер.

Ел демекші, қазір «Агро-Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Барлы­ғы дерлік сол Қожабақы ауылы­ның тұрғындары. Ағайындылар елдің әлеуметтік жағдайына, ауылда жыл сайын өтетін іс-шараларға демеушілік танытып келеді. Күздегі егін-терімнен кейін еңбек озаттарына қаржылай сыйақы беріп, көлік мінгізіп жүрген санаулы серіктестіктің бірі – осы «Агро-Өркен». Осыдан 3 жыл бұрынғы пандемия карантині кезінде кәсіпкер жігіттер Қожабақы тұрғындарына 700 мың теңгенің азық-түлігін тегін таратып, мәдениет үйіне музыкалық аппаратура алып берді. Ауылдағылардың бақша егетін жерлерін серіктестік есебінен өңдеп, арық қазып, бақша суаратын суын жеткізіп береді. «Мектепке жол» акциясына орай жыл сайын №25, №97 мектептерге қайырымдылық жасап, оқушылардың қажетті оқу құралдарына, киім алуларына, олардың республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жарыс­тарға қатысуына қаржылай жәрдем етеді.

Жас кәсіпкер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілетіндігі жайлы пікіріне шын қуанған жанның бірі. Енді осы мәселені мектептен бастап оқытып, бала санасына сіңіре беру керек. Қазір бизнесмен десе жұрттың көз алдына ішкені алдында, ішпегені артында, нән көлігінен найқала түскен бай елестейтін болды. Бірақ соның сондай дәрежеге қалай жеткенін ойлап жатқан адам аз. Сонда «Байлықтың басы еңбек» деген бұрынғылар тәмсілі қайда қал­ды?! Мысалы, осы серіктестіктегі 150 адамның 10-ақ пайызы жастар. Бұлар жыл сайын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен жас маман келіп қала ма деген үмітпен әкімдікке тапсырыс береді. Табылса, айлығын дұрыстап беріп, алаңсыз жұмыс істеуіне бар жағдай жасар еді. Бірақ ондайлар шықпай тұр. Жоғары оқу орнын бітіргендердің біразы қаладағы бір мекеменің есігін күзеткен қарауылдықты қалағанына қайран қаламыз. Вахталық әдіспен қара жұмыс істеп жүргендердің де көбі осы ауыл тірлігін қомсынып кеткен дипломды мамандар ғой. Ауылдан қашқандарды заңмен қайтарудың амалын жасамаса, ертең елде еңбекке жарамды жан таба алмай қалуымыз да мүмкін.

– Қазір ауыл шаруашылығына көңіл бөлініп, қолдау жасалып жатыр. Бірақ ол бәріне бірдей тиімді емес. Көп шаруаны екі ортадағы делдал компаниялар діңкелетеді. Мысалы, Германиядан шығатын техниканы біз 3 есе қымбат бағасына аламыз. Әуелі 15 пайызын төлейсің, бұдан кейін «Қазагроқаржы» мен техника сататын фирма арасында сабылыс басталады. Төрт-бес айлап жүргенде субсидия ала алсаң, еңбегіңнің ақталғаны. Шетелде мұндай жұмыстарға шаруа алаңдамайды, бәрі Агробанк арқылы 10-15 минут арасында шешіліп жатады. Бізге де осындай арнайы қаржы институты ауадай қажет. Техникадан бастап, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқышқа қажетті несие сол банк арқылы берілсе, шаруа артық бейнеттен құтылар еді, дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер ауылға инвестор әкелу үшін пай үлесі мәселесін де жолға қою керек деп есептейді. Бұл талай іскер жігіттің осыдан еңбегі, еш тұзы сор болғанын көрген кейінге түйгені.

«Агро-Өркен» ЖШС былтыр 600 гектар күріштің әр гектарынан 50 центнерден өнім алып, агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген компания ретінде «Үздік шаруашылық» номинациясына ие болып, аудан әкімінің І дәрежелі дипломы­мен марапатталды. Осыдан оншақты жыл бұрын ашылған шағын күріш ақтау зауыты да тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

Көп ұзамай егіншінің тынымсыз тірлігі басталады. Бұл ырзығын жерден терген ел үшін ең бір жауапты кезең.

 

Қызылорда