Тұлға • 23 Ақпан, 2023

Тектінің тұяғы

515 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков баласы Бақытқа:
«Балам сені осы көп,
Айтып жүр ғой жақсы деп,
Мен өзім де ойламан,
Ақыл сенде тапшы деп.

Мен ұлғайған шығармын,
Сендегі өмір – жол әсем.
Ақындықты бір алдың,
Ақылымды көп ал, сен!,» – деп тебірене толғанып, жыр арнапты.

Тектінің тұяғы

Бұрын ауылда елдің атын шығарып, халықтың алдында жүрген азамат туралы әң­гіме бола қалса, жасы үлкен қариялар ақ сақалын тарамдап: «Е, оның әкесі жақсы адам еді. Ол сол жақсының жал­ғасы, асылдың сынығы ғой» деп сыртынан тәнті болып отырған сөздерін талай естіп едім. Осыны белгілі ақын, талантты аудармашы, режиссер, сценарист, қысқасы, ұлт руханияты мен мәдениетіне ауыз толтырып айтарлықтай еңбегі сіңген азамат Бақыт Ғафуұлы Қайырбековке қарата айтуға болады.

Шынында да, Бақыт ағамыз – бүкіл қазақ қадір тұтқан Ғафекең секілді тектінің тұяғы. Оның есімін «өмірі шаттыққа толы баянды, бақытты болсын!» деп әжесі қойыпты. Ақын осы әжесінің бауырында өсіп, қазақы тәрбиенің қайнарын қанып ішеді. Алғашқы өлеңін де әжесіне арнайды. Мектепте есеп сабағына жүйрік болса да, жаны әдебиетті жақсы көрді. Тіпті мемлекеттік емтиханда әдебиеттен еркін та­қы­рыпта тұтас поэма жазып, айды аспанға бір-ақ шығарады. Жасынан өлеңге жақын өрен орта мектепті аяқтағаннан кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының аудармашылар даярлайтын бөліміне түсіп, талай талант қанат қаққан ұядан білім алды. 1978 жылы «Күзгі сырласу» атты алғашқы кітабы басылды. Одан кейін «Өмір сүремін деп айт» атты екінші жыр жинағы шықты. Қысқасы, бүгінге дейін ақынның оннан аса жыр жинағы жарық көріп, ол әдебиет сыншылары мен оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. 1983 жылы КСРО Жазушылар одағына, кейін­нен Қазақстан Жазушылар одағына қабылданды. Сөйтіп, бір шаңырақта қос жүйрік поэзия аламанында құйғыта шапты. Ресей жазушысы Георгий Пряхин ол туралы жаз­ған мақаласында: «Бақыт шы­ғар­масын орысша жазса да, бірақ одан қазақы болмысы көрініп тұрады» деп жылы пікірін айтыпты.

Кейіпкеріміздің ерекше бір қыры – аудар­машылығы. Қос тілді шебер меңгерген қаламгер XV-XX ғасырлардағы жыраулар поэзиясынан бас­тап, Абдолла Жұмағалиев, Мұ­қағали Мақатаев, Оразақын Асқар, Есенғали Раушанов се­кілді ақындарды аударды. Әкесінің кең тынысты эпи­калық поэзиясын орыс тілді оқырмандарға мөлдіретіп жет­кізді. Әсіресе ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хан­дар шежіресі» атты тарихи еңбегін аудару екінің бірі­нің қолынан келмейді. Оған шеберлік қана емес, терең білім қажет. Осы қасиеттер бір бойына тоғысқан Бақыт ағамыз оны келістіріп аударып шықты. Сонымен қатар Қойшығара Салғара, Сайын Мұратбеков, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай, Әміржан Әлпейісов секілді жазушылардың проза­лық шығармаларын тамаша тәржімалады.

Бақыт Қайырбеков өт­кен ғасырдағы сек­сенінші жыл­дардың аяқ кезінде Мәскеудегі ВГИК жанындағы сценарий және режиссерлік жоғары курсын бітіріп келген соң отандық кино өндірісіне белсене атсалысты. Оны әріптестері деректі фильмді түсірудің шебері деп бағалайды. Бір өзі сценарий жазып әрі режиссерлікті де атқара береді. Оның түсірген деректі фильмдері Румыния, Қытай, Иран, Мажарстан, Германиядағы халықаралық кинофестивальдерде қатар­лас­тарынан қара үзіп келді. Ағамыздың алғашқы деректі фильмі әкесіне арналды. Ол «Мен саған сәбимін» деп атал­ды. Бұл туындыда Ғафу ата­мыздың туған жері – Торғайға барып, топырағына аунап, ауылдастарынан ортасында мәре-сәре күй кешкен сәттері шынайы бейнеленген. Бір ғажабы, осында ақын қоңыр дауысымен сөзін өзі жазған, Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнін орындағанда, оның жүзінен туған елінің мейіріміне қанып, мерейі асқан тұлғаның бейнесін көресіз. Бұдан бөлек, автор халқымыздың сан ғасыр бойы сақталып, бүгінге жеткен салт-дәстүрлері туралы түсірген «Ай толғанда» трип­­тихі мен «Сүндет» атты фильмдерінде көшпелілер ұр­па­ғының дүние есігін ашқаннан соңғы деміне дейінгі қолданған жоралғыларды көркем жет­кізген. Әсіресе, режиссердің «Әлемнің 9-шы территориясы» атты 100 сериядан тұратын деректі туындысы – туған елдің тарихы мен танымын тануға арналған соқталы дүние. Мұнда жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орын алатын мемлекетіміздің тарихы, табиғаты, онда тұратын халықтың тұрмыс-тіршілігі баян­далады. Сондай-ақ Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап түсірген «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильмін көріп отырып, тари­хымызға қатысты көптеген тың дерекке куә боласың. Мәсе­лен, аталған фильмнің бірінші бөлімінде қыпшақтар мен армяндар арасындағы қарым-қатынас сөз болса, екінші бөлімде Петр шіркеуінің кі­тап­ханасында сақталған «Ко­декс Куманикс» атты құн­ды кітап туралы айтылады. Оны Венеция кітапханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуі­рінің көрнекті ақыны Фран­ческа Петрарка сыйлаған. Со­нымен қатар Абай атамызға арнаған «Махаббат сәу­лесі», Құрманғазы жайында «Кісен ашқан», Әбіш Кекілбайұлы туралы «Ұлан-ғайыр» және Дінмұхамед Қонаев, Асанәлі Әшімов, Айман Мұсақожаева секілді жиырмаға жуық тұл­ғаларымыздың өнегелі өмір жолын кино тілімен суреттеді. Бір сөзбен айтқанда, талантты режиссер бүгінге дейін 80-нен аса деректі фильм түсірген. Ол «Қазақфильм» киностудия­сын басқарған жылдары, отандық кино өндірісі жаңа тыныс алып, сол кезде көрерменге жол тартқан бірқатар туынды ха­лық­аралық кинофестивальде топ жарды.

Қаламгердің айта берсе қыры көп. Былтыр «Астана Балет» театрында Б.Қайырбековтің либреттосына жазылған «Жібек жолы» балеті қойылды. Бұдан бұрын осы өнер ордасында «Әлем» және «Байбарыс сұлтан» балеттері, «Астана Опера» театрында «Дала дауысы» балеті, «Astana Musical» театрында «Астана – менің махаббатым» мюзиклі көрермендерге жол тартты. Осыдан біраз бұрын Алматыда «Notebook. Естеліктер күнделігі» атты фотокөр­месі өтті.

Бақыт ағамыз бір сұхба­тында: «Менің негізгі тақы­рыбым – біреу. Ол аңыздарды жинау, фольклорды зерттеу, оның не екенін түсінуге ты­рысу. Әдет-ғұрпымызда, салт-дәстүрімізде бір құпия жа­сы­рынғанын сеземін. Бұл айналысқан ісімнің бәріне нәр берді. Соның қайнар көзін таптым. Содан шабыт аламын» деп айтыпты. Бұл – бекер сөз емес. Оны автордың «Ұлттық салт-дәстүрлер. Қазақи этикет» кітабын оқығанда көзіңіз жетеді. Мұнда халқымыздың ғасырлардан жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері мен әдептілік ұстанымдары туралы тың деректерге қанық боласыз.

Мақаламыздың басында Ғафу Қайырбековтің баласы Бақытқа арнаған бір өлеңін келтіріп едік. Соның соңғы шумағы былай аяқталады:

«Білемін мен, нанамын,

Шаңырақты сақтайсың.

Ең асылы қарағым,

Кісілікті баққайсың».

Әке аманатына адал болған ұл кісілікті де кішілікті де сақ­тап, жетпістің жотасына шықты.