Руханият • 26 Ақпан, 2023

Бейбарыс сұлтан есімі ұлықталды

599 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дала тарихы – мыңжылдық шежірені ішіне бүккен тылсым тарих, тұғырлы жылнама. Қойнауы кеніш, алабы айқасқа ескерткішке толған ұлы даланың ашылмаған жады, айтылмаған сөзі орасан. Бейбарыс сұлтан есімі – сол құдіретті ұлағаттың тасқа таңбаланған бір көрінісі.

Бейбарыс сұлтан есімі ұлықталды

Аңызға айналған кемеңгер би­леуші, жаужүрек батыр Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Л.Н.Гумилев атын­дағы Еура­зия ұлттық университетінде «Бей­­барыс сұлтан және оның Түр­кі тарихындағы орны» тақы­рыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараны Л.Н.Гуми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің ректоры Ерлан Сыдықов жүр­гізіп отырды.

Бірінші кезекте Парламент Сена­­тының төрағасы Мәулен Әшім­­баевтың арнайы құттықтау сөзі оқылды.

– Құрметті конференцияға қатысу­шылар! Дешті Қыпшақ даласынан шы­ғып, Мысырды билеген әйгілі бабамыз Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуы тарихымыз үшін маңызы зор оқиға. Бейбарыс сұлтан мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дара­ланған тұлға. Ол мешіт, медресселер салдыру арқылы елдің рухани үнімен бірге ғылым-білімді қатар игеруіне жол ашты. Мәмлүктер мемлекетін өркендету, Каирды гүлдендіру жолында айқын қолтаңбасын қалдырды. Бүгінге дейін жеткен Мысыр астанасындағы тарихи нысандар соның жарқын дәлелі. Даңқты бабамыз ержүрек көшбасшылығымен де тарихтың төрінен орын алды. Ол жаһанның дамуына ық­пал еткен ірі шайқастарда жеңіске жету арқылы әлемдік шежіреге есімін мәң­гілікке жазып кетті. Бейбарыс сұлтан тек қазақ халқы емес, тұтас Түркі дүниесі мақтан тұтатын та­ри­хи тұлға», – делінген Сенат төрағасының құттықтау сөзінде.

Мұнан соң Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз алып, әлқис­саны ЕҰУ универ­си­тетнің ұстаздарына алғыс айтудан бастап, баба жолына шолу жасады.

– Біз киелі Дешті қыпшақ дала­сын­да дүниеге келіп, мың мұ­ралы Мысыр жұртында даңқты қол­басшыға айналған, қуатты им­перияның әйгілі билеушісі болған Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына орай арнайы бас қосып отырмыз. Бұл мерейтойдың киіз туырлықты қазақ елімен қатар түбі бір түгел Түркі әлемі үшін де маңызы айрықша деп біле­мін. Өздеріңізге белгілі исі мұсылман жұрты Бейбарыс сұлтанның даңқты есімін көне Мысырдағы мәмлүк мемлекетінің теңдессіз билеушісі әрі оның қаһарман қор­ғаушысы ретінде ерекше ардақ тұ­тады. Жат елге жалшы болып айдалып құны сұраусыз құлдыққа сатылса да қан­дағы қайсар рухын жықпаған, жігері мұқалмаған батыр бабамыздың есімі өскелең ұрпақ үшін қашан да үлгі-өнеге болуға тиіс, – деді министр.

Сөз тізгінін алған Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркі даласының киесі мен оның адамзат тарихындағы орнын айшықтай келе, құнды ойлармен бөлісті.

– Еуразия апайтөсіндегі құлан жортса тұяғы тозатын, құла­дын ұшса қанаты талатын екі мұхит­тың арасындағы Еу­ра­зия кеңіс­тігіндегі ұлы тұлғаға ар­налған ұла­ғатты іс-шараның Еуразия ұлт­­тық университетінде басталуын өте тағылымды дүние деп білеміз. Біз де осы университетте қызмет атқардық. Қара шаңырақ ретінде білеміз, сондықтан осында сіздермен тағы да жолығып отырғаныма өте қуаныштымын. Сонымен қатар бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылық білдіреміз, шын мәнінде, мыңдаған жылдық әлем тарихынан Түркілер тарихын алып тастасақ, адамзат тарихынан ешнәрсе де қал­майды. Түркілер тек қана Еуразия ке­ңістігінде өркениеттерді жалғаушы, жасаушы, жеткізуші ғана емес, оны жетілдіруші. Көне заман тарихтарына үңілсек Қытай, Үнді, Иран, Мысыр және батыс елдерімен бірге иық тірескен түркі өркениетін кө­реміз. Былтыр ғана Өтүкен жерінде та­былған Елтеріс қағанның кешеніндегі төрт жазу соның айқын айғағы. Адамзат тарихында жазуды алғаш қолданған бір қолдың саусағымен санарлық ұлт болса, соның бірі біздің бабаларымыз. Олар тек жылқының жалындағы жа­уынгер жұрт қана емес, әрі ғылымды, өркениетті дамытқан болатын. Әлемдік өркениетке зор үлес қосқан сол бабаларымызбен мақтанбау мүмкін емес. Сондай тарихта қалған тұлғаның бірі ешқандай күмәнсіз – Бейбарыс, – деген Дархан Қуандықұлы одан әрі Бейбарыс сұлтан жөнінде тың деректерді баян етті.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тарихты білмеу – мәңгүрттік, адамдыққа жат қылық екенін алға тартты.

– Біз қазіргі студенттердің арасында Бейбарыс бабамызға қа­тысты кішігірім сауалнама жүргіздік. Олардан Бейбарыс жө­нінде не білетінін сұрадық. Сонда жастардың сексен пайыз білімі кеңес одағының ең соңғы жылдарында түсірілген «Бейбарыс сұлтан» деген кинодан алған білім екен. Біз тарихта қалған осындай бабаларымыздың өмірін нақты зерттеп, түсіндіре білуіміз керек. Парсыларда жақсы мақал бар: «Түркілер тарихты жасайды, соны көріп парсылар аңыз жазады, басқа елдер тыңдауға құмар» дейді. Дидро түркілер туралы «адамзат тарихында ең көп тарихтың ағымына әсер текен алпауыт империялар қалдырған түркілер болған, бірақ жазбаша мол деректер қалдырмаған жауынгер халық» деген екен. Сондықтан бабаларымызды біліп, түсініп, бір-бірімізді танып жүрейік, – деді министр.

Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Қай­рат Қайырбекұлы тарихи сана­ның берік болуы болашақ үшін маңызды екенін айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи ма­қаласында келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз деп сауал қойып, жас ұпақтың тарихи санасы айқын әрі берік болуына зор мән берді. Президентіміз тарихымыздың ақ­таңдақ беттері әлі күнге жан-жақты зерттелмегенін, ала-құла деректер және оның себеп салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастыратынына баса назар аударды. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі бүгінгі тарихқа айналып, ғасырлар сайын алыстап бара жатқанын сөз етіп, тиісті тарихи құжаттарды аса мұқият зер­делеу қажеттігін тапсырды. Сон­дай-ақ Президентіміз «әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттық жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді» деп нақыштап айтты, – деген ол сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына Мысырдағы дайындық барысына, бірқатар маңызды жайтқа тоқталды.

Бұдан соң Палестина мемле­кетінің Қазақстан Республика­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Монтасер Әбу Зейд сөз алып, Бейбарыс сұлтан жөнінде жүрекжарды лебізін білдерсе, Мысыр Араб Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Манал Елсайед Ехия Эль-Шиннави тарихи тұлғаның өмір-тарихы жайлы деректермен бөлісті.

вава

Осы күні алтын тарихқа алып ерліктерімен өшпес орнын бедерлеген бабамыз Бейбарыс сұл­тан­ның есіміне Астана қала­сында көше берілді. Ұрпақ жү­регіне ұлағатты есімді ойып жа­зуға бірден-бір дәнекер болар осы іс-шарада Мәдениет және спорт министр Асхат Оралов Мы­сырдың Каир қаласында Бей­барыс сұлтан атында арнайы мұражай, мешіт барын, ондағы жөндеу жұмыстары аяқталған соң елімізден арнайы делегация барып, Қазақстанның мәдениетін танытатын театрлық қойылым, галаконцерт ұсынатынын, еске алу шараларын ұйымдастыратынын айтты. Сонымен бірге Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанда, еліміздің барлық өңірлерінде Бей­барыс сұлтанға арналған нақты іс-шаралар өтетінін жеткізді.

Бейбарыс есімі – ұран, қуат, асқақ сенім мен күш. Ұлттық рух­ты көтерер бірден-бір ұстын – қа­һар­ман бабалар ерлігі. Түркі өркениетімен қоса Ислам тарихында көл-көсір із қалдырған Бейбарыс сұлтан даңқы ғасырлар көшіне дауылпаз даусындай жаңғырып жетері анық.