Аймақтар • 01 Наурыз, 2023

Жаңарған әуежай

130 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай облысындағы туризм саласын дамытуда айдынды Алакөлдің орны айрықша саналады. Өткен жылы көл жағалауына 2 млн-ға жуық адам келіп демалыпты. Сондықтан келушілерге қолайлы жағдай жасау жалғасын тауып жатыр. Оның үстіне Абай облысын әлеуметтік – экономикалық дамуына арналған кешенді жоспарда туризм саласын өркендетуге баса мән берілген болатын. Осы ретте Үржар ауданындағы әуежай туризмді дамыту мақсатында қайта жаңғыртылуда.

Жаңарған әуежай

Әуежайдың ұшып-қону жолағы 1 500 метрден 2 100 метрге дейін ұзартылса, ені 35 метрге дейін кеңейтілген. Бұл өз кезегінде Fokker, Bombardier, Embraer және басқа да осыған ұқсас топтардың ұшақ­тарын қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұзындығы 175 метр, ені 16 метр болатын 2 рульдеу жолының құрылысы жүргізілді.

Қазір әуежайда әуе кемелерін тәулік бойы қабылдауға қауқарлы болуы үшін ұшып-қону жолағына жарықтандыру қондырғылары мен бейнебақылау орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Алматы – Семей – Үржар бағыты бойынша рейстер тұрақты ұшып тұрады. Сонымен қатар әуежай терминалының ғимаратын қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттары да әзірлену үстінде. Үржар ауда­нының әкімі Нұржан Тоқсеитовтің айтуынша, биыл Үржар ауданында сағатына 100-150 жолаушыны қабылдай алатын жаңа әуежай ғимаратының құры­лысы басталады. « Екі әуе кемесі тұрақ­тайтын перрон бір уақытта екі ұшақты қабылдауға мүмкіндік береді. 5 қабатты бақылау мұнарасы жаңадан салынды. Қазір терминал сағатына 30-ға жуық адамды қабылдайтын болса, құрылыс аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш айтарлықтай артады. Алдағы мамыр айынан бастап Үржар – Астана бағытында әуе рейсін іске қосу жоспарланып отыр», дейді аудан әкімі Н.Тоқсеитов.

Айта кетейік, бұған дейін облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Алакөл жағалауындағы арбатқа абаттандыру, жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алакөл жазғы демалыс аймағында «Tourist info» ақпараттық орталығы бір терезе қағидасы аясында демалушыларға тегін ақпараттық және консультациялық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар Алакөл жағалауына жа­қын Қабанбай ауылында өрт сөндіру де­посы да салынатын болады.