25 Маусым, 2014

Құнанбай Абайды сәлемдесуге жіберіп сынаған

1178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақ сәлемдесуге, амандасуға ерекше мән берген халық қой. Әр аймақтың өзінде сәлемдесу дәстүрі бар десе де болады. Мәселен, Абай елінің өзіндік сәлемдесу салты болған. Ұлы Абай өзіне амандасуға келген адамға, егер ол адам өзіне бір өтініш-тілекпен келсе, ең әуелі сұрағын қойғызбай, дұрыстап сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін қонақ қылып, өтініш-тілегін қайтар кезінде бір-ақ айтқызады екен. «Абай жолы» романын немесе басқа да әңгіме-естеліктерді оқып отырғанда Абайдың сәлемдесуге баруы, әкесімен, басқа да жақын-жуық адамдармен сәлемдесу салтын байқаймыз. Сол уақытта: «Бұл сәлемдесуге жарады ма екен, сөзі маңызды ма екен?» деген дүниелерге ерекше мән берілген. Мәселен, Құнанбай Абайдың жастығына, балалығына қарамастан, оны түрлі тапсырмалармен: «Сәлемдесіп, жағдайын біліп қайт», деп әр жерлерге  жіберіп отырған. Бүгінде осының бәрі қалып бара жатқан жоқ па? Ахат Құдайбердиевтің естелігінде әкесі Шәкәрімнің аталарына, Абайға арнайы барып сәлемдесуі туралы жазылған. Сәлемдесуге бару – жақынын жанына тарту, туысы, қандасы ретінде жанына жақындату деген дүние ғой. Ол жерде жақсы әңгіме шертіледі, ертегі айтылады. Осының барлығы сәлемнен басталған. Уақыттың тығыздығына саямыз ба, біз қазір аман-саулықты қысқа қайырамыз. «Сәлем», дейміз де ары қарай жүре береміз. Кейбір адамдар: «Мынау дұрыстап амандасуға да жарамады ма?», «Менсінбеді ме? «Неге мал-жаның аман ба демейді», деп  дұрыс сәлемдеспеген адамға өкпе-ренішін білдіріп жатады. Мал-жанның амандығы – елдің, ауылдың амандығы деген сөз. Қазақтың өмірі малмен тығыз байланысты ғой. Ішерге тамағы, киерге киімі дегендей. «Мал-жаның аман ба?» деген сөз бұл сіздің тағдырыңызға, айналаңызға немқұрайлы қарамайтындығыңызды көрсетеді. Мысалы, жат болып кетпесін деп балаларын сәлемдесуге жіберіп жатады. Қорыта айтқанда, қазақтың сәлемі, қазақтың қонақты қабылдауы – осының барлығы үлкен өнегесі, тәрбиесі бар дүние. Сондықтан мұны жалғастыруымыз керек, ерекше мән беруіміз қажет деп есептеймін. Арап ЕСПЕНБЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық заң факультетінің деканы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Семей.