25 Маусым, 2014

Артық шығын ауылда да бар

404 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауылда тұрсақ та Елбасы сөзіне құлақ түре жүретін әдеті­міз. Президенттің күнделікті талап-тапсырмаларына да зер сала қарап, соған орай айналадағы тіршілік тынысын да бір ауық бағамдап отырамыз. Елбасы тапсырмалары мен саясатын қолдап, оны әрдайым басшылыққа алып отыру ол барша Қазақстан аза­маттарының бірінші кезектегі басты міндеті болуға тиіс деп білеміз. Ұмытпасам, өткен жылы Пре­зи­дент кеңейтілген бір мәжіліс­те бірқатар облыс басшыларын орнынан тұрғызып, аумақта жүргізіліп жатқан құры­лыс жұмыстарының сапасы мен оған жұмсалып жатқан қаражат шығынына неге мұқият қарамайсыздар, сон­да оған кімнің жаны ашуы керек дегенді айтып, қатаң талап қой­ғаны бар. Сон­шалықты көп қаражат жұмсайтын шектен тыс алып құрылыс кімге керек дегендей де пікір білдірген еді. Иә, сол бір биік мінберден айтылған өзекті мәселенің мән-жайын алыс ауылдардағы біздер жақсы білеміз. Өйткені, оны күнделікті көріп-біліп жүрміз. Демек бұл тапсырмалардан Президенттің барлық жағдайды толық білетінін, хабардар екенін жазбай тануға болады. Қане, біз де ауылда атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының барысына көз жүгіртіп, бағамдаудан өткізіп көрейікші. Мысалы, өткен жылы ауда­нымыздың Екпінді, Кеңесодақ және Сарыбұлақ елді мекен­дерінен медпункттер салынып, пайдалануға берілді. Бұл енді алыстағы ауылдар үшін үлкен қуанышты жағдай. Мұның бәрі әрине, елді дамытып, қалайда халықтың денсаулығын жақсарту үшін жасалып жатқан Үкіметтің шексіз қамқорлығы екені белгілі. Бірақ, солай екен деп мемлекет қаржысын оңды-солды шаша беруге де болмайтынын естен шығармауымыз керек шығар. Бір мезгіл жанашырлықпен қарағанды жөн деп білеміз. Осы орайда атап айта кетуіміз керек, әлгі жоғарыда пайдалануға берілген медпункттердің әрқай­сысына кемі 33 миллион теңге, тіптен, кейбіріне одан да көп қаражат жұмсалған, әрине, облыстық бюжеттен. Енді осы құрылыстың көлемін ауылдың нақты жағдайымен салыстырып қарасаңыз артық кетіп жатқан тұстары көп-ақ. Мынаған қараңыз, Кеңесодақ ауылында бар болғаны 60-ақ үй тұрады, халқының саны 400-ге жетер-жетпес қана. Солай бола тұра бұл елді мекенге тұрғызылған медпункт 7 бөлмені құрайды. Әр бөлменің аты бар, есігіне дабырайтып жазып қойған. Бірақ, ішін ашып қарасаңыз, онда соншалықты бір қызу жүргізіліп жатқан жұмысты көре алмайсыз. Босқа тұр. Бұл сияқты халық саны аз ауылға ем қабылдау мен егу бөлмелері қос-қостан неге керек? Ауылдық аурухана болса бір сәрі, ал, медтірек үшін дабырадай екі бөлмеге келіп тұрған ешқандай да бір зәрулікті көре алмадық. Бізді тағы бір таңғалдырғаны, ол дәрі тарату бөлмесі болды. Акушер А. Жолдасованың айтуына қарағанда, айында-жылында демекші оқта-текте, онда да сұраныс түскен жағдайда ғана ауданнан келгендер осында отырып дәрі-дәрмек таратады-мыс. Бұл бір, екінші, бұл медпунктте күніне әрі кеткенде 4-5 науқасқа ғана егу жұмыстары жүргізіледі екен. Егу бөлмесіндегі қолданылған медициналық құралдарды залалсыздандыратын арнайы аппаратты бір жылдан бері әлі пайдаланған жоқпыз, сондай-ақ біздегі 4 мұздат­қыштың екеуі ғана істейді, дейді А.Жол­дасова. Ал, сол істеп тұр деген мұздатқыштардың ішінде ешнәрсе жоқ. Олай болса оның істегені не, істемегені не? Солай бола тұра олар қан­шама қара­жатқа алынған. Аку­шер бөлмесі қажетті құрал-жабдық­тармен толық қамтамасыз етіл­меген. Тек әйелдерді көретін үстел­дің қарақан басы ғана тұр. Бөлмедегі жарықшамдар болса салбырап, әне-міне түсіп кетердей. Медпункттің осындай жағ­дайына қарап, есіл ғана желге ұшқан мемлекеттің қаражаттары-ай деп қынжылмасқа амалың жоқ. Бұл мекемеде бар болғаны екі-ақ маман жұмыс істейді. Бірі фельд­шер, екіншісі орта буынды акушер. «Өкінішке орай мен халық санының жетіспеуіне байланыс­ты қысқартылып отырмын», деді Айгүл тағы да қынжыла сөйлеп. Әрине, бастапқы кезде дұрыс есеп, нақты жоспар болмағаннан соң осылай қысқартуға ұшы­рау заңдылық. Бірақ, кадр қысқарғанымен артық бөлмеге кеткен шығынның қайтып орнына келмесі анық қой. «Қуырдақтың көкесін, түйе сойғанда көресің» демекші, дәл осы Кеңесодақ сияқты 60 шақты ғана түтін тұратын Жұлдыз ауылында құдай-ау, қайсыбір жылы 9 бөлмелі әлгіндей медпункт тұрғызылған кезде «Ойбай-ау, алақандай ғана ауылға соншалықты қаражат жұмсап мынадай үлкен жайды салудың қажеті қанша еді, мемлекет қаражатының қайда кетіп жатқанын сұрайтын сонда жанашыр ешкімнің болмағаны ма?» деп ауыл тұрғындары алғаш қуанғанымен соңынан ауызын аша таң қалғаны есімізде. Осыншама бөлменің тек екі-үшеуін ғана қыстың күндері пеш жағып пайдаланғаны болмаса, қалғандары қараусыздықтан тозып барады, дейді сондағы мектеп директоры А.Ақбаев. Ал, Теректі аулының тұрғыны М.Аймұрзаев болса «Бізде де сол жаңадан салынған медпункттің ішінде онда қызмет істейтін маманға қарағанда бөл­ме саны көп. Ай­нал­дырған екі маманға 4 бөлмеден тиеді. Ал, біз сияқты шағын ауылға 3-4 бөлмеден артығы тіптен көптік етеді», дейді. Міне, ауылдағы құрылыс жұмыстары туралы айтқанда тек медпункттермен ғана шектеліп қалу мүмкін емес. Бала санына шаққанда анағұрлым үлкен аудандағы жаңадан салынған Л.Өтешов, М.Өтемісұлы мен Қайнар орта мектептеріндегі бос тұрған бөлмелерді көргенде ішің ашиды. Осындай артық-аспай, рәсуа тірліктерді көріп отырып «Мұншалықты асыра сілтеу сонда кімдердің пайдасына шешіліп отыр екен?» деген күдікті сауалдардың мазалайтыны да рас. Алғашқы жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу кезінде жер­гілікті жердің жағдайын толық зерделемегендіктің кесірі бұл.  Серікбай ТҰРЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданы.
Соңғы жаңалықтар