Әйел әлемі • 07 Наурыз, 2023

Қыз Жібек – сұлулық пен әсемдік нышаны

760 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың рухани көне мұраларының бірі – «Қыз Жібек» лиро-эпостық жырында қаймағы бұзылмаған қазақ қоғамының сипаты анық көрінеді. Жырда ел бірлігін сақтау мен туған жерді қорғау ісінің маңыздылығын негізгі ұстын ете отырып, адамгершілік, махаббат, адалдық, тазалық, сұлулық тақырыптары кеңінен қозғалған. Мұнда Қыз Жібектің бейнесі, іс-қимылы арқылы сұлулық пен әсемдіктің табиғатын жүрек көзімен көресің, қазақ қызына тән ұяңдық пен өрлікті, нәзіктік мен қайсарлықты жан дүниеңмен сезінесің.

Қыз Жібек – сұлулық пен әсемдік нышаны

Қазақ қызы, қазақ әйелі қандай болу керек дегенде, Құдайға шүкір үлгі-өнеге ретінде ұсынатын, мақтанып айтатын тұлғаларымыз өте көп. Әріге бармай-ақ бері­ден сөз етсек, Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Қар­қа­бат ана, Қызай ана, Ұлпан, Зере, Ұлжан және тағы басқа да аналарымыздың өмір жолы, қал­дырған өнегесі ұлтымыздың қашанда мақтанышы, рухани бай­лығы. Осы орайда лиро-эпос­тық жырдың кейіпкері ре­тінде танылған Қыз Жібекті де халқымыздың мақтанышы, сұ­лулықтың, тазалықтың, әсем­дік­тің, қайсарлықтың нышаны деп санаймыз.

Жырда:

«Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулеті.

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті.

Үш қызы бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай,

Кебісінің өкшесі

Бұхардың гауһар тасындай.

Ақ маңдайы жалтылдап,

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын шашбау шашында-ай»,

деп сипатталған Қыз Жібектің болмыс-бітімі, дидары, кескін-келбетінен қазақтың сұлу қыз­дары­­ның жиынтық бейнесін көргендей боласың.

Көзінің сипаты нұр қызының шырағындай, бой нұсқасы бек­тер мінер пырақтай, ақтығы нау­рыз­дың ақша қарындай, бетінің қызылы ақ тауықтың қанындай Қыз Жібектің сұлулығынан ішкі жан дүниесінің де көркемдігі сезіледі. Мұндайды қазақ «ақылы­на көркі сай» деген.

«...Екі беттің ажары

Жазғы түскен сағымдай.

Білегінің шырайы

Ай балтаның сабындай...

...Оймақ ауыз, құмар көз

Іздеген ерге табылды-ай.

Өткірлігін байқасаң

Ұсталар соққан кетпендей,

Нұр тұқымын еккендей.

Екі ауыз сөз сөйлескен

Мұратына жеткендей.

Тірісі түгіл Жібектің

Өлігіне адам қайрылып,

Бетінен келіп өпкендей...», деген жыр шумақтары Қыз Жі­бек­­тің тән сұлулығы мен жан тазалығын жүрекке қапысыз жет­кізеді. Осындағы «Өткірлігін байқасаң, Ұсталар соққан кет­пендей, Нұр тұқымын еккендей», деген жолдардан, шын мәнінде, Қыз Жібектің бойындағы на­мы­сы, ожданы, өткір мінезі мен­ басқа да асыл қасиеттері оның­ сұлулығының бағасын арт­­ты­рып тұрғандай. Ал «Екі ауыз­ сөз сөйлескен, Мұратына жет­кен­дей», деген жолдарда Қыз Жі­бектің биік болмысынан хабар береді. Өйткені сөйлесе білу де өнер. Аузыңнан шыққан сөз сенің ішкі әлеміңнің, жан сарайыңның қандай екенінен хабар береді.

Жырдағы Қыз Жібектің бейне­сінен, іс-әрекетінен, сөзінен, та­ным-түсінігінен, өмірге деген көз­қарасынан ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниеге деген ұғымын түйсіге білесің, мәлімет аласың.

Тағы бір айта кетер жайт, Қыз Жібектің сипатталуынан бұрынғы қазақтың әйелге берген бағасын, құрметін әрі оның қоғамдағы лайықты орнын білесің. Қазақ әйелінің тазалығын, махаббатқа деген адалдығын түсінесің. Қыз Жі­бектің пешенесіне жазыл­ғанға мойынсынуынан мұсыл­ман­шылық жолмен тағдырына иман келтірер қазақ әйеліне тән төзімділік пен Құдайға деген се­німінің беріктігін түйсігесің.

Қыз Жібек бүгінгі қазақ қоға­мы­на, қазақ қызына үлгі ре­тін­де ұсынар тұлға. Өйткені ол – адам­гершіліктің, сыйластықтың, ар-намыстың, ерліктің, сыршыл әрі тұрақты махаббаттың үлгісі.

Қорыта айтқанда, ұлтымыз сұ­лулық пен әсемдікті айрықша ба­ғалап, ардақтай білген жұрт. Бұған дәлел ретінде халқымыздың Қыз Жібек сынды рухани ескерт­кішті қалыптап, оны мәңгі құла­мастай етіп жарқырата мәде­ниеті­міздің төріне қоя білгенін айтар едік.

Қыз Жібек – қазақ аруының кемел бейнесі.