Балғанат Еркінбайқызы еңбек жолын өзінің кіндік қаны тамған Ұзынкөл ауданына қарасты Итсары ауылынан бастады. Содан бері қарайғы уақытының көбі мектеп қабырғасында, сыныпта, оқушылардың ортасында өтті.
«Өзімді мектептен тыс, оқушыларымсыз, басқа салада елестете алмаймын. Өйткені өмірімнің бар мәнін осы ұстаздық қызметтен таптым. Балаларға мектеп сендердің екінші үйлерің деп жиі айтып отырамыз ғой, сол сияқты бұл білім ордасы менің де екінші үйім болып кетті. Мұғалімнің жұмысы, әрине, оңай емес. Қанша қиын болса да, жаның осы жолды қалап тұрған соң, аяғына дейін жүріп өтесің. Кейінгі жылдары мемлекет мұғалімдерге көп қолдау көрсетіп жатыр. Еңбекақымыз өсті, әлеуметтік жағдайымыз жақсарды. Мұның бәрі мұғалім мамандығының мәртебесін өсіріп, ұстаздың жауапкершілігі мен абыройының артуына ықпал етіп жатқанын сезініп жатырмыз. Қазір мектепке жас мамандар көптеп келіп жатыр. Соған қуанамыз», дейді тәжірибелі ұстаз.
Бұрынғы бала мен қазіргі баланы салыстыруға болмайды. Қазіргі мектеп қабырғасында оқып жүрген шәкірттердің көбі ашық, белгілі бір дәрежеде қалыптасқан, өзіндік пікірі бар, талапшыл әрі ізденімпаз болып келеді. Сондықтан ұстаздың білім мен тәжірибені ұштастыра отырып, баланың бойындағы бар қабілетті тиімді арнаға бағыттай білгені маңызды. Әр мұғалімнің көкейінде оқушым жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, кісілігі мол азамат болып қалыптасса екен деген арман тұрады.
Сырбай Мәуленов атындағы білім ордасында бүгінде 400-ге жуық бала оқиды. Көбі қабілетті, дарынды, ой-өрісі кең, алдына қойған мақсаты айқын. Барлығы да қазірден белгілі бір саланың мықты маманы болып, жетістікке жетуді армандайды. Бұл, әрине, көңіл қуантады, себебі алдына биік мақсат қоя білген жастар ертең елімізді де биік белестерге жетелейтін жасампаз азамат болып шығатыны сөзсіз.
Ал мұғалім мамандығы үздіксіз ізденісті талап ететіні белгілі. Ізденісті тоқтатқан мұғалім тоқырайды. Бұл оқу сапасы мен тәрбие жұмысына, түптеп келгенде баланың болашағына кері әсер ететіні анық.
«Біз үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Біздің басқа саладағы мамандардан ерекшелігіміз – бір орында тұрып қалсақ, балаларға терең білім, сапалы тәрбие бере алмаймыз. Сондықтан ұстаздардың ұстазы Әл-Фараби айтқандай, «Балаларға үйретіп жүріп, өзіміз де үйренеміз, оқимыз». Мұғалімнің бүкіл өмірі оқумен, ізденіспен өтеді», дейді ол.
Баланың көңіл күйі көбіне көзінде тұрады ғой. Кейде шәкірттер сыныпқа күлімдеп кіріп, «Апай!» деп құшақтап, бауырыңа тығылып жатады. Мұндайда Балғанат Еркінбайқызы да тебіреніп, шәкіртінің маңдайынан сипап, жылы сөзімен демеп, қиындығы мол мұғалімдік жұмыстың бір сәт бақытын сезінеді.
Тәжірибелі ұстаздың алдынан өткен шәкірттердің алды бүгінде түрлі салада жемісті еңбек етіп, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Ұстаздары оларды жиі есіне алып, кейінгі жастарға үлгі етіп отырады. Балғанат апайының үлгілі шәкірттерінің бірі – Думан Хайролла былтыр тарихтан өткен республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, жүлделі екінші орынды жеңіп алыпты. Таяуда облыстық білім жарысының жеңімпазы атанған талапты жас қазір республикалық олимпиадаға дайындалып жатыр.
«Ғылыми жетекшім – өзімнің сүйікті ұстазым Балғанат апай. Бүгінге дейін республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өткен көптеген білім байқауында топ жардым. Осы жетістіктерге Балғанат Еркінбайқызының маған артқан үміті мен ұстаздық қамқорлығы жетеледі деп білемін. Мектебіміздің директоры Данагүл Жаппасбайқызы да осы білім ошағындағы дарынды балалардың қабілетін ұштауға, түрлі ғылыми байқауда жақсы нәтиже көрсетуіне жағдай жасап отырады. Сабағымызға жиі кіріп, білім сапасын бақылайды. Жақсы оқыған оқушыларға үнемі қолдау көрсетеді. Таяуда Балғанат апай екеумізге Алғыс хат тапсырып, мерейімізді бір өсіріп тастады. Егер мұғалім өн бойына өз мамандығы мен шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз. Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады. Менің апайым осы талаптарға әбден лайық», дейді 11-сынып оқушысы Думан Хайролла.
Білікті маманның еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды. Сырбай Мәуленов атындағы гимназия мұғалімдерінің айтуынша, Балғанат Еркінбайқызы – жауапкершілігі өте жоғары мұғалім. Өзінен де, оқушыларынан да осыны талап етеді.
«Өзі әдістемелік бірлестікке жетекшілік етеді. Бүгінде педагог-зерттеуші ұстаздардың санатында. Осы санатқа сай ізденімпаз әрі өте табанды. Шәкірттері де түрлі білім байқауында үнемі жоғары деңгейден көрініп жүр. Біздің кәдімгідей бекітілген негізгі оқу мақсатымыз бар. Негізінен осы мақсатты ұсынамыз, одан ауытқуға болмайды. Бірақ сол қатып қалған оқу мақсатын балаға қызықты етіп, жалықтырмай, нақты жеткізеді. Күнделікті өтетін әрбір сабағына ашық сабақ өтетіндей аса жоғары дайындықпен келеді. Сондықтан сырттан шұғыл тексеріс келе қалса, бірден осы кісінің сабағына кіргіземіз. Себебі жас мұғалімдер бүгін дайындалмай келіп қалған шығар деп қорқақтаймыз ғой, ал Балғанат Еркінбайқызының әр сабағы жоғары деңгейде өтетінін жақсы білеміз. Әріптесіміздің осы қасиетін жаңа келіп жатқан жас мамандарға үлгі етіп отырамыз. Әрдайым, мейлі ол тарихшы, ағылшын тілінің мұғалімі немесе математик болсын, кез келген уақытта өзінен әдістемелік ақыл-кеңес сұрап келген жас мамандарға көмектесуге дайын тұрады. Осы қасиетін жоғары бағалаймыз», дейді әріптестері.
Таяуда ғана облыстағы тарих пәні мұғалімдерінің арасында «Педидия» деген сайыс өтті. Балғанат Еркінбайқызы бұл байқауда да биіктен көрініп, «Ең тәжірибелі маман» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
ҚОСТАНАЙ