Аймақтар • 10 Наурыз, 2023

Сарайшықтағы сапар орталығы

1873 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ортағасырлық Сарайшық қалашығы көне тарихтың көмбесіндей көрінеді. Өйткені жыл сайын құнды жәдігерлер табылатын тарихи мекеннің жұмбаққа толы сыры әлі толық ашылған жоқ.

Сарайшықтағы  сапар орталығы

Атырау облыстық құрылыс бас­қар­ма­сының басшысы Нұр­берген Құсайыновтың айтуынша, былтырдан бері мұнда сапар орталығының құрылысы жүріп жатыр. Оны өткен жыл­дың соңына дейін аяқтау көздел­ген екен. Алайда облыс әкімдігі Қазақ­станның өзге өңірлеріндегі осындай нысандардан өзгеше болуы үшін сапар орталығының сыртқы келбетіне өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасаған. Сол себептен, құрылыс жұмысының мерзімі ұзартылған.

– Қазір сапар орталығының құрылы­сы аяқталды деп айтуға болады. Енді жаңа нысанның іргелес аумағын абаттанды­ру үшін тас төсеу, көшет егу, сыртқы жарықтандыру, орын­дықтарды орнату секілді жұ­­мыстар атқарылып жатыр. Біз құрылыс нысанына қадаға­лау жүргізіп, алдымен сапасына назар аударып отыр­мыз. Мердігерге құры­лыс бойын­ша ескертулер жасалып, нәтижесінде қате­ліктер түзе­тілді, – дейді Нұр­берген Құсайынов.

Басқарма басшысының дерегіне сүйенсек, сапар ор­та­лығының құрылы­сына 780 млн теңге бөлінген. Осы кезге қаржының 90 пайызы иге­ріліпті. Енді қаржының 10 пайызы нысан толық тап­сы­рылғаннан кейін мерді­гер­ге аударылады.

Сапар орталығын ашу көз­деліп отыр. Орталықтағы жаңа музейде ал­ты экспозиция­лық зал мен көрме павильоны болады. Музей экспозицияларын орнату «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» ЖШС-ға жүктелген. Серіктестіктің да­му жөніндегі директоры Ри­нат Кутдусовтың айтуынша, «Са­райшық» сапар орталығы – Алтын Орда кезеңіне арналған еліміздегі бірегей нысан.

– Сарайшық – Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қала. Сапар орталығында моңғолға дейінгі, моңғол кезеңі, сондай-ақ Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығына арналған бірнеше экспозициялық аймақ болады. Бұл экспозицияларға бірқатар құнды дүниелер, оның ішінде Сарайшық қалашығының материалдық мұралары, дәл осы жерден әр кезеңде табылған жәдігерлер, Алтын Орда туы немесе бүгінде кейбір елдердің мемлекеттік елтаңбаларында көрініс тапқан қос басты бүркіт белгісі қойылады. Бұ­рын бұл белгі Сарайшықтан табылған еді. Қасым хан мен Бату ханның бейнелері алғаш рет осында көрсетіледі. Бұл тұлғалардың бейнелерін жасау үшін ғалымдармен бірлескен жұмыс атқарылды, – дейді Ринат Кутдусов.

Оның айтуынша, сапар орталы­ғында ғылыми негізде қайта жасалған Сарайшықтың бірегей макеті ұсыны­лады. Алтын Орда кезеңіндегі Сарай­шық­тың макетін жасауға ғалым­дар көмектескен. Ал бар­лық экспозицияның мульти­медиялық нұсқасы жасалған. Бұл сапар орталығына келетін қонақтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат алуға мүмкіндік береді.

 

Атырау облысы