Ел жанашырларына дауыс берейік
Енді санаулы күндерден кейін елімізде Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтеді. Бұл жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан айтарлықтай өзгешелігі бар. Ел халқының да жаңаруға ұмтылған Қазақ елінен осындай жаңа сипаттағы сайлау күткені күмәнсіз. Әрине, бұл жерде өзімізге де жаңаша талаппен қарап, таңдау жасайтын үміткеріміздің іскерлігін, елге деген жанашырлығын, басқа да адами қадір-қасиеттерін сараптай алуымыз да аса қажет.
Кеңестік кезеңдерде сайлаулар формальді түрде өтсе де, идеологтер оны мереке деңгейіне дейін көтере білді. Дәл қазір ондай талаптың жоқ екені де, оның қажет емес екені де белгілі. Бірақ ортамызда «сайлау тағдыры біз барып дауыс берсек те, бермесек те шешіліп қойылған» деген ескі көзқарастың шырмауынан шыға алмай жүргендер де баршылық екені жасырын емес. Әркім өзі тіркелген сайлау учаскесіне барып таңдауын жасамаса, осындай таптаурын көзқарастан айыға алмайтынымыз анық. Керісінше, әрбіріміз: «Жоқ, мен – Қазақстан Республикасының азаматымын. Сондықтан да қандай бір сайлауға болсын қатысып, елімнің жаңара, жақсара түсуіне өз үлесімді қосуым керек. Осы себепті менің өз үміткерімді таңдауым аса маңызды», деген үлкен бетбұрысты ұстанымда болуға тиістіміз.
Сайлауға ерекше таңдаумен бару да үлкен маңызға ие. Иә, біз Парламент Мәжілісіне, облыстық, аудандық мәслихаттарға үміткерлердің қай-қайсысына болса да дауыс беруге құқылымыз. Бірақ бұл жерде таңдай білу деген бар. Мұның маңызы өте жоғары. Олай болса, мен өзім бірінші кезекте адами ойлау жүйесі берік қалыптасқан, өз елін ерекше сүйетін, халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алатын және қамқор бола білетін жан-жақты қабілетті де іскер, сонымен бірге, жүрегі таза деп санайтын үміткеріме дауыс беретін боламын.
Сондай-ақ барша Қазақстан халқын да бір кісідей жұмыла өз сайлау учаскелеріне барып, өздері таңдаған кандидатқа дауыс беруге шақырамын.
Еркін ӘЛЖАНОВ,
педагог
Ақмола облысы,
Степняк қаласы
Көкірек көзіңді ашар құнды еңбек
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарайдың тарихи деректер аясында жазылған, көзі тірісінде баспаға әзірлеп кеткен «Адай тарихы» атты тарихи-зерттеу еңбегі ұлт руханиятына қосылған мол қазына болды деп есептеймін. Тарихи тұжырымдар мен дәйектерге сай жазылған құнды еңбектің кіріспесі Маңғыстау топырағының палеолит дәуіріндегі ошақтарына арналған.
Маныш мойнағы, Айдабол, Ақтайлақ, Қисықшыңырау мәдени ошақтары сынды тарихи атаулар көзге шалынады. Бұл топонимика ғылымына арқау болатын еңбек деп те топшылауға болады. Зерттеуші үнді-иран тайпаларының Маңғыстау топырағымен байланыстылығын баяндап, жыл санауымызға дейінгі XII ғасырда пайда болған арамей жазуларының Орхон жазуына ұқсас екендігін В.Томпсонның деректеріне сілтеме жасай отырып дәйектейді.
Ғалым топонимика ғылымына арқау болып жүрген тақырыптың бірі – Маңғыстау атауының шығу тарихына кеңірек тоқталады. Маңғыстау даласында зерттеу жұмыстарын жүргізген араб-парсы саяхатшылары Ибн Хордабек (865 ж.), Якуби (891 ж.), Ибн әл-Факих (903), Ибн Руста (903 - 913), Истахри (961), Макдиси (985) еңбектеріне сілтеме жасай отырып, автор «Маңғыстау өлкесін «Ада», яғни арал деген мағынаны білдіреді», деп жазады. Түбектің Маңғыстау аталуының алғашқы нұсқасы X ғасырдың соңғы ширегінде, дәлме-дәл айтсақ, 985 жылы Макдиси жазбаларында тұңғыш рет орын алғанын атап өтеді.
Әнес Төлендіұлы өз еңбегінде ел қорғау ісінде ерліктерімен көзге түскен, ел жадында сақталған Дауымшар мен Құдабай, Иса, Досан, Мыңбай батырлардың есімдерін де атап өтеді. Батырлардың есімдері өлеңмен ескерткіш қойған Қалнияз жыраудың жырлары арқылы жеткен деседі.
566 беттен тұратын көлемді еңбек әлі де зерделеуді қажет етеді. Осынау еңбектің құндылығына терең бойласақ, көп сұрақтың шешімі табылары анық.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының
мүшесі, тарих магистрі
АТЫРАУ
Ол жазықсыз жапа шеккен жан еді
Мен біздің ауылдың тұрғыны болған Сәлеке Иманғалиев туралы қысқаша мәлімет бере кеткенді жөн көрдім. Бала кезімізде басынан өткерген қиындықтары мен өмір тауқыметтері туралы айтқандарын тыңдап өстік. Жазықсыздан жазықсыз қанша адамның тағдыры тәлкекке түскенін есейе келе ұғындық қой. Сәлеке ақсақал солардың бірі еді.
Ол 1907 жылы дүниеге келген. Ата-анасы Қаратөбе ауданындағы бұрынғы Батпақкөл ауылын мекендеген кедей-шаруалар екен. Ол ағасы Ақкерей Қитаровтың қолында бастауыш білім алады. 1930-32 жылдары Оралда педагогикалық техникумда оқыған. Оны бітірісімен Ақтөбе облысының Ойыл ауданындағы Қызылжар мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі және мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарады.
1937 жылы Сырым Датовтың шөбересі, Өлеңті болысы Салық Омарұлының қызына үйленеді. Сәл кейін кедейлерді қолдамайсың, әлеуметтік қауіптілер қатарына жатасың, кеңеске қарсы үгіт жүргіздің деген жалған айыппен «халық жауы» атанып, 8 жылға сотталады. О жақта көрмегенді көргенімен, айдаудан 1946 жылдың басында аман-есен елге оралып, Октябрь сегіз жылдық, Қарақоға орта мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді.
1949-1953 жылдары Орал педагогикалық институтының филология факультетін сырттай оқып бітіріп, заңды түрде орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі атанады. 1958 жылдың 28 қантарында Қазақ КСР Оқу министрлігі «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапаттайды. Ал оның алдында, яғни 1955 жылдың 19 наурызында КСРО Жоғарғы сотының ұйғаруымен 1937 жылғы
6 желтоқсанда өзін «халық жауы» деп шешкен соттың үкімі заңсыз деп табылып, жазықсыз жапа шеккен жанның ақталғаны туралы КСРО Прокуратурасы өзінің №13\10\196195-40 хатын жариялайды.
С.Иманғалиев 1975 жылға дейін Қалдығайты кеңшарында қызмет істеп, содан кейін ғана толыққанды зейнет демалысына шығады. Ол 1991 жылдың 9 маусымында дүниеден өтті.
Рафхат ХАЛЕЛОВ,
фотожурналист
Батыс Қазақстан облысы