Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Кәрі де, жас та қалыс қалмады

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы 654 сайлау учаскесі таңғы жетіде ашылып, дауыс беру тәртіпке сай уақтылы басталды. Аймақта 700 мыңнан астам сайлаушы бар. Оның арасында, бірінші рет дауыс беруге келген жастың саны – 13 мыңға жуық.

Кәрі де, жас та қалыс қалмады

Аймақ  тұрғындары бұл сайлауда да белсенді болғанын айта кеткен жөн. 102 жастағы кейуананың сайлау учаскесіне келіп дауыс беруі – соның бір айғағы. Абай ауданының Құлай­ғыр ауылында №442 сайлау учаскесінде 102 жастағы тыл еңбеккері Сәбилә Орманбаева дауыс берді. Ғұмыр бойы са­уыншы боп еңбек еткен әже әр адам жасына қарамастан дауыс беруден қалмауға тиіс деген пікірде. «Себебі ел болашағы үшін бұл жауапты қадам», дейді әже.

Құдай қосқан қосағынан жастай жесір қалып, тоғыз баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, ер жеткізген қайратты жан осы күні 25 немере мен 6 шөбере сүйіп отыр.

– Жасына қарамастан әркім дауыс беруі керек деп санаймын. Елдің болашағы бізге байланысты. Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құруына тілектеспін, – дейді кейуана.

Некелерін қиып жатқан жас жұбайлар да бұл саяси оқи­ғаға салғырт қарамай се­нім арт­қан үміткерлеріне таң­дау жаса­ды. Жас жұбайлар Сер­ғазы Ра­хым­жан мен Марал Ербо­латова Қарағандының №62 сайлау учаскесінде дауыс берді.

– Бүгін бізге қос мереке қа­тар келген күн болды. Аза­мат­тық борышымызды өтеу үшін сайлау учаскесіне келдік. Өйткені бүгінгі саяси оқиға елі­міз, болашағымыз үшін ма­ңызды, – дейді жас жұбайлар.

Байқаушылар тарапынан да сайлауға шағым түскен жоқ. Олар да халықтың белсенділігін ерекше атап отыр.

– Сайлаушылар тарапынан еш шағым жоқ. Бірінші да­уыс бергендердің арасында аға буын өкілдері көп, жастар да аз емес, – деп атап өтті Қара­ғанды қаласының №31 сайлау учаскесінде кезекшілік ете­тін Қазақстан Халық пар­тия­сының байқаушысы Қайырлы Қазыкен.

 

Қарағанды облысы