Бүгінде Әділетті Қазақстан құруға, оң өзгеріс жасауға септігі тиіп, үні жетер деген үміткерді таңдап, сайлауға қызығушылық басым. Оны дауыс беруге бет алған азаматтар қарасынан айқын аңғаруға болады.
– Біз болашағымыздың жарқын, жағдайымыздың жақсы боларына сенеміз. Көпбалалы аналардың, жалпы қазақстандық әйелдердің әлеуметтік тұрмысын жақсартып, зейнетке шығуын төмендетіп, баспанамен қамтамасыз етілуіне өзгерістер жасалатын шығар. Себебі, кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларында осындай уәделер көп айтылды. Бүгін депутат боп сайланатын азаматтардың уәделері орындалар болса шынымен де халықтың жағдайы жақсарары сөзсіз. Мен соған сендім, өзім қалаған кандидатқа дауысымды бердім, – дейді Талғар қаласындағы №3 орта мектепте орналасқан №837 сайлау учаскесіне барып, таңдауын жасаған 12 баланың анасы Гүлнәз Нұрділдәқызы.
Еліміздің айбынын асырып, мәртебесін көтеру жолында қызмет етер халық қалаулыларына таңдау жасалатын саяси маңызы зор сәтті қалт жібермей, өз үлесін қосуды азаматтық парыз санаған сайлаушылар таңнан кешке дейін өз сайлау учаскелеріне барып, дауыс беруді жалғастырды.
Сайлауға Қонаев гарнизонына қарасты әскери бөлімдерде қызметі мен борышын атқарып жүрген 5 мыңнан астам жауынгер де қатысты. Офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері тұрғылықты жері бойынша сайлау учаскелерінде дауыс берді. Бір мезгілде бірнеше әскери бөлімнің мерзімді әскери қызметшілері үшін десанттық-шабуылдаушы бригаданың аумағында сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Олардың қатарында бірінші рет дауыс бергендер де бар. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Данил Иваницкий.
«Биыл сайлауға алғаш рет қатыстым. Мен мақтанышпен дауысымды қуатты, тұрақты, гүлденген ел үшін, болашаққа сенім үшін бердім. Сайланатын депутаттар мемлекетіміздің одан әрі дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосатынына сенімдімін», дейді жауынгер.
Ұлбосын ИСАБЕК,
журналист
Алматы облысы