Пікір • 20 Наурыз, 2023

Ел өміріндегі елеулі кезең

137 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел өміріндегі үлкен оқиғаның бірі – Мәжіліс және мәслихаттардың сайлауы. Сол себептен, бұрынғыдан өзгеше болған бұл сайлаудың жауапкершілігі де, маңызы да зор.

Ел өміріндегі елеулі кезең

Ел өміріндегі үлкен оқиға­ның бірі – Мәжіліс және мәсли­хаттардың сайлауы. Сол себептен, бұрынғыдан өзгеше болған бұл сайлаудың жауап­кершілігі де, маңызы да зор.

Елімізде былтырғы референ­дум­нан кейін алғаш рет мажори­тарлық сайлау жүйесі енгізілді. Демек бұл сайлауды сол референ­думның жемісі, жаңарған, әділетті Қазақстан құруға бастайтын тың әрі демократиялық қадам ретінде бағалаған жөн.

Парламент Мәжілісі және мәсли­хаттар депутаттығына өзін өзі ұсы­нып, сайлауда бақ сынауға бел буған кандидаттар көбейді. Өзін өзі ұсынған кандидаттардың көбейгенінен елдегі демократиялық үрдістің жандана бастағанын байқауға болады. Сол себептен, саяси дода дүбіріне қосылған әр кандидаттың бағдарламасымен жіті танысып шықтым. Бәрі де сай­лауал­­ды бағдарламасына көптің кө­кейін­­дегі түйткілді мәселелерді арқау етті.

Сайлау учаскесінде тек мен ғана емес, барша жұрт сенетін, жауапты жұмыстар мен үлкен істердің басы-қасынан табылатын, қоғамда лайықты орны бар, өзінің емес, тұтас қоғамның қамын ойлап, болашағына бейжай қарамайтын кандидатқа дауыс бердім. Әділетті Қазақстанның келешегі жарқын болуы үшін серпінді істердің жүзеге асуына ұйытқы бола алатын қайратты, іскер, адал депутат қажет. Елдің сеніміне ие болған сондай депуттаттар ғана әділетті қоғамды құруға атсалысады. Осы тұрғыдан айтқанда, бұл сайлауда жігерлі, білікті, білімді кандидаттардың ғана жұлдызы жанды. Сол себептен, жаңадан сайланған депутаттар адалдықты басты темірқазық ретінде ұстануы қажет. Сонда ғана жаңаруға бет бұрған Қазақстанның болашағы сәулелі, қадамы еркін болады. Ең бастысы кандидаттарға сенім білдірген елдің үміті ақталады. Аға буынның өкілі ретінде келер ұрпақ үшін тәуелсіздіктің ырысы мен жемісі мол болғанын қалаймын.

 

Илья ЖАҚАНОВ,

Қазақстанның Еңбек Ері

 

Атырау облысы