Бүгінде аталған оқу орнының ғылыми өндіріспен сабақтастығы белсенді даму жолына түскен. Университет ғалымдары өндірушілермен бірлесіп, 3D принтер шығарудың инновациялық технологиясын қолдануға ниет танытып отыр. Өндіріс «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығының базасында құрылады.
– 3D принтерлерін шығару бастапқыда құрылыс және басқа салалар үшін керек. Болашақта «ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығының базасында 3D принтерді геополимер негізіндегі жаңа құрылыс материалдарын шығару үшін пайдаланып, одан әрі коммерцияландыру жобамыз да бар. Осы сегменттегі жаңа технологиялар қолданылатынын ескерсек, бұл өндіріс елімізде бірінші рет іске қосылады, – деп түсіндірді ұлттық университеттің инновацияларды дамыту департаментінің директоры Әсел Жексембаева.
Шығарылатын тауарға негізгі тапсырыс берушілер еліміздегі және шет мемлекеттердің технопарктері, білім беру мен ғылыми мекемелер және индустриялық кәсіпорындар болмақ. Өнімді экспорттау мүмкіндігі де бар.
– Қазір ел аумағында жеткізу және техникалық қолдау технологиясын әзірлейміз. Содан кейін сыртқы нарыққа шығуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде 3D принтерін сатып алуға дайын Өзбекстан және Қырғызстанмен байланыс орнаттық, – деді «SpaceLab» ЖШС директоры Арман Бекембаев.
Жобаға университет студенттері де қатысып, практикалық тәжірибелерін шыңдап, ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік алмақ.