Қосымша білім беру ордасы аз уақыттың ішінде тамыры тереңге бойлайтын тарихтың негізін қалап үлгерді. Білім мекемесінің негізгі мақсаты – саналы, білімді, көзі ашық ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің беделін асқақтататын ұлт қалыптастыру. Үш жылдың ішінде өңірдегі білім мен тәрбиенің ошағына айналған «Bolashaq Saraiy»-ында қазіргі таңда спорт, медиа, шығармашылық, ғылыми-интеллектуалдық, ІТ бағыттары бойынша 3 мыңнан астам бала 120 түрлі үйірмеде өз таңдауы арқылы білім-қабілеттерін жетілдіру үстінде.
Шығармашылық бағытта оқушылар мен студенттер «Гүлдер», «Болашақ», «Тұмар», «Diamond» топтарында би өнерін, «Үлгілі вокал» үйірмесінде ән айтуды, «Фантазия» және «Экспрессия» топтарында сурет салуды, «Фом-флористика», «Золотая нить» сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерінде түрлі бұйым жасауды, «Үкілі домбыра», «Жетіген», «Қылқобыз», «Сазсырнай» үйірмелерінде аспаптарда ойнауды, «Маска» үйірмесінде сахна өнерін меңгеруді, «Мобилография» үйірмесінде фото мен бейнебаяндар түсіруді, «Жүргізушілер клубында» көлік жүргізуді үйренеді. Ғылыми-интеллектуалды бағытта «Жас ғалым», «Жас натуралист», «Химияның шағын академиясы», «Green industry», «Eco – water», «Planta Tech» және тағы басқа үйірмелерде биотехнология, экология, қоршаған ортаны қорғауға байланысты тақырыптар зерттеліп, заманауи зертханада Германия, Швеция елдерінен әкелінген құрылғылар арқылы теорияны тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік бар.
Қазіргі цифрлық дәуір кезеңінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен инженерлік техникалық бағытта болашақ мамандарды даярлау жүзеге асырылып, «Cybertron», «Lego Mindstorms», «Lego Club», «Lego WeDo», «Tesla club», «Lego kids», «Lego junior» үйірмелерінде роботтехника, «New generation», «Радиотехниктер клубы», «STEАM», «STEAM IOT» үйірмелерінде энергетика, электроника, автоматтандыру, «3D прототиптеу студиясы» үйірмесінде 3D модельдерді жасау, шығару және өңдеу, «Графикалық дизайн», «Компьютерлік дизайн», «WEB дизайн», «Иллюстратор» үйірмелерінде графикалық суреттерді салу, анимацияларды жасау, «Python», «Java Script», «Алгоритмдер», «Киберқауіпсіздік негіздері» үйірмелерінде бағдарламалау тілдері, киберқауіпсіздік негіздері үйретіледі. Өзектілігімен ерекше медиабағыттағы «Журналистика негіздері» үйірмесінде жас журналистер, «Көшбасшылар мектебінде» жас көшбасшылар, «Пікірсайыс» үйірмесінде сөз шеберлері, «Ақмолатану», «Мәдени-танымдық туризм» үйірмелерінде өлкетанушылар білім алып, болашақ фототілшілер мен бейнеоператорлар өз қабілеттерін «Фотон» үйірмесінде жетілдіре алады.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін керемет спорттық алаң ұйымдастырылған. Мұнда спорттың негізгі түрлері үйретіледі. Оқушылар доп ойындарымен, күрес түрлерімен, каратэ, дзюдо, теннис, шахмат, қазақтың ұлттық ойындары асық, тоғызқұмалақ, қазақша күреспен айналысып, суда жүзу үйірмесіне барады. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін балалар үшін психологиялық-педагогикалық қызмет көрсетіледі. Мұнда 118 бала білім алады. Балалар өздерін еркін сезінеді. Өйткені толыққанды білім алуға барлық жағдай қарастырылған және ерекше балалармен логопед, дефектолог, психолог, арт-терапевт мамандары жұмыс істейді.
Білім ордасын таңдап, қызығушылықтарын қанағаттандыру мақсатында үйірмеге қатысатын балалар саны жыл сайын көбейіп келеді. «Воlashaq saraiy» талантты да дарынды балаларды тәрбиелеуге айрықша үлес қосып отыр. Мақтануға тұрарлық жетістіктері де мол. Атап айтқанда, «Шебер қолдар» үйірмесінің оқушысы Темір Инаят «Алтын қазына» атты облыстық конкурста бірінші орын иеленді. Ши тоқу техникасымен жасалған «Қобыз үні» аталатын туындысымен тамсандырған жас жеңімпаз республикалық конкурска жолдама алды. Румынияда өткен асық ату, бес асық жарысынан «Асық ату» үйірмесінің тәрбиеленушісі Айлана Думан бірінші орынды иеленіп, Әлем кубогін жеңіп алды. Аталған жарысқа Қырғызстан, Түркия, Чехия, Молдова, Болгария мемлекеттерінен 32 спортшы қатысқан.
Ғылыми-зияткерлік, ІТ бағыттары бойынша да көптеген жетістік бар. Мәселен, инновациялық идеялардың облыстық байқауында Андрей Буторин бірінші орынды иеленді. Қарағанды қаласында өткен «Roboland 2022» халықаралық роботтехника жарысында Арман Мақышев, Андрей Буторин жеңімпаз атанды. Оқушылар мен студенттер және жас ғалымдар арасында «Aqmola POWER» инновациялық идеялар мен жобалардың аймақтық байқауында Әли Рүстемұлы, Талғат Мақсат, Қайрат Ерасыл өздерінің тың идеяларымен алдыңғы қатарға шығып, бірінші орын алды. Дүбірлі додаларда алғырлықтарымен алға суырылып, оза шабатын оқушылардың әр жеңісі – тәлімгерлер мен жетекшілер еңбегінің жемісі.
«Воlashaq saraiy»-ның басшысы Айнагүл Қыдырбайқызының айтуынша, үш жылдың ішінде мұндай толайым белесті бағындыру – ортақ жұмыстың арқасы. «Ел болашағы – білімді жастар. Әрбір мемлекеттің болашағы мектебінде шыңдалады. Мекемемізде әр оқушының білім-қабілеттері мен талантын шыңдауға үлкен мән беріледі. Боламын деген баланы қолдап, жол көрсетіп, мүмкіндік сыйлау – «Воlashaq saraiy»-ның басты мақсаты. Біз бірігіп асулар мен шыңдарды бағындырамыз», дейді ол.
Заманауи техникамен жабдықталған ғимаратта тың идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Экожобалар шеберханасының жетекшісі, техника ғылымдарының магистрі Тимур Камалов әлеуметтік маңызы зор, ерекше балаларды қоғамға бейімдеуге және оларды толыққанды өмірге ұйымдастыру мақсатында қайта өңделген пластиктен балаға қол протезін жасады. Әрине, бұл жобаға «Recycling club» үйірмесінің білім алушылары да атсалысты.
«Білімді болу деген сөз – белгісіз нәрсені ашу, қабілетіне ие болу деген сөз», деп әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, біздің білім беру қызметкерлерінің негізгі мақсаты – дайын білімді меңгерген оқушыларды оқытып қоймай, өмірге бейім, өз айналасында белгісіз қалған әр жағдайдан жаңалық ашуға жаны құмар жаңашыл, жан-жақты, дамыған тұлғаларды қалыптастыру. Балалардың білімі мен жыл бойы жеткен жетістіктерін бағалап, жылды қорытындылайтын және алға жігерлендіретін ерекше іс-шара «Болашақ премиясы» деп аталады. Ерекшеліктеріне қарай әр баланың дарынын бағалайтын дәстүрлі шараны білім алушылар тағатсыздана күтеді.
«Воlashaq saraiy» қызметкерлері арасында да спорт жарыстарын өткізу дәстүрге айналған. Жал сайын Наурыз мерекесіне орай «Bolashaq барысы» атты қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылады. Жетістікке толы жылдың тағы бір жемісі – оқушылардың «Caravan of Knowledge» қорының «Steam teen Research» республикалық гранттық бағдарламасына қатысып, 5 грант ұтып алуы. ІТ және ғылыми-интеллектуалды бағыттың білім алушылары өз жобаларымен додаға түсіп, қорғап шықты. Жобаларын жүзеге асыру жолында 125 мың теңге ақшалай грант иегерлері атанды. Шығармашылық бөлімінің «Воlashaq» би үйірмесінің оқушылары Өзбекстанда өткен «Nauryz fest» халықаралық конкурсында Гран-приге ие болғанын да айта кетейік.
Әр оқу жылы дәстүрлі шара – шығармашылық бөлімнің оқушылары ұйымдастырған есеп беру концертімен қорытындыланады. Ата-аналар үшін балаларының жетістігі мен еңбегінің жемісін көруден асқан қуаныш жоқ.
КӨКШЕТАУ