АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің литрі 182-187 (өңірлерге байланысты) теңгеден 205 теңгеге дейін көтеріледі. Осылайша, бензиннің бұл түрі 11 пайызға қымбаттап отыр. Ал дизельдің литрі 295 теңгеден сатылады. Қазір бұл отынның бағасы өңірлерге байланысты 230-260 теңге аралығында сатылып жатыр. Орташа өсім – 20 пайыз.
«Егер қазір бағадағы айырманы (көрші елдермен – ред.) қысқартпайтын болсақ, онда жақын арада айтарлықтай отын тапшылығына ұшыраймыз. Мұндай тапшылық саланың келешектегі дамуына да кедергі келтіріп, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді», дейді Болат Ақшолақов.
Оның сөзінше, Қазақстан жанар-жағармай бағасы ең арзан елдер тізіміне кіреді. Мәселен, Ресейде дизель отынының орташа бағасы – 345 теңге, бізден 45 пайызға қымбат. Қырғызстанда литрі – 390, Өзбекстанда – 480 теңге.
«Бұған дейін тапшылық өндіріс көлемін арттыру есебінен ішінара өтеліп келді. Ал қазір мұнай өңдеу зауыттарымыз өз мүмкіндіктері шегінде жұмыс істеп тұр. Осылайша, еліміз өзінің ұлттық мүддесіне зиян келтіре отырып, арзан отынмен өзге мемлекеттердің экономикасын субсидиялап жатыр», деді ведомство басшысы.
Б.Ақшолақов елімізде бензин (70 пайызға) және дизель отыны (30 пайызға) өндірісі артқанын да айтып кетті.
«Үш мұнай өңдеу зауытының модернизациясынан кейін олардың өндіріс қуаттылығы 3 млн тоннаға артып, жылына 17 млн тоннаға жетті. Соңғы бес жылда бензин өндірісі 3-тен 5 млн тоннаға, дизель 4-тен 5,2 млн тоннаға көбейді. Былтыр рекордты деңгейде – 5,2 млн тонна дизель отынын өндіргенімізге қарамастан еліміздің бірқатар өңірінде тапшылық айтарлықтай сезілді. Қысқы дизель отынын есептемегеннің өзінде 350 мың тонна дизель тапшылығы туындады. Мемлекет бұл тапшылықты қымбат импорттық отынмен толтырды», деді Б.Ақшолақов.
Оның сөзінше, жанар-жағармай бағасының арзан болуы салаға инвестиция тарту мүмкіндігін азайтып, мұнай-газ саласының дамуын бәсеңдетеді. Геологиялық барлау жүргізу мен ресурстық базаны толтыру да қиындайды.
«Нарықтағы дизельге сұраныстың тұрақты өсу себебінің негізгі факторларының бірі – транзиттік көлік ағыны, бұдан басқа, Қазақстаннан шетелге «сұр» схема бойынша алып кетіп жатқан экспорт. Мамандардың есептеуінше, өткен жылы шетелдік транзиттік көлік тұтынған дизель көлемі шамамен 150 мың тоннаны құрады. Бұдан басқа, «сұр» экспортпен кеткен отынның көлемі шамамен 200 мың тонна», деді сала басшысы.
Спикердің айтуынша, егер жанар-жағармай бағасы өспейтін болса, онда көрші елдерге заңсыз жолмен отын тасу көлемі де арта береді. Ал бұл өз кезегінде нарықта биыл 850 мың тонна көлемінде тапшылық туындатуы ықтимал.
«Былтыр тамызда тапшылықты азайту үшін әртараптандырылған баға механизмін (шетелдіктер үшін литрі – 450 теңгеден) және бекеттерде лимит (күніне 300 литрден артық сатуға болмайды) енгізген едік. Алайда «көлеңкелі экспорт» шектеу шараларын айналып өтетін жолды қашан да тауып алады. Арзан бағаны сақтап, өндірісті қанша арттырсақ та, тапшылықты жоя алмайтынымызды жұртшылық түсінуі керек. Баға көрші елдерден айтарлықтай төмен болып тұрғанда «заңсыз ағын» жалғаса береді. Қандай шектеу қойсақ та, нәтиже бермейді», деді сала басшысы.
Сондай-ақ Болат Ақшолақов ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне арналған арзандатылған дизель отынын алыпсатарлар қайта сатып жібермеуі үшін түсі өзгертілетінін айтты. Оның айтуынша, бұл тәжірибе осыған дейін де қолданылған.
«Бұл отын жекелеген жұмыс түрлері үшін атаулы түрде жеткізіледі. Одан кейін ол еш жерде – отандық жанармай бекеттерінде де, шекарадағы бекеттерде де пайда болмауға тиіс. Сонымен қатар биыл ПИН-код жүйесі енгізілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жіберілетін барлық отын ПИН-кодпен апарылады және оны қайта сатуға болмайды. Ал отынды бояу – ПИН-кодты айналып өтіп, қолма-қол төлемге сатып жібермес үшін қолға алынып отырған тәсіл. Бояу отынның да, ауыл шаруашылығы техникасының да сапасына ешқандай кері әсерін тигізбейді», деді.
«Сұр» схемамен күресу қиын екенін мойындаған Б.Ақшолақов: «Арзан жанар-жағармайды елімізден сыртқа жіберіп қойып, қарап отырған жоқпыз, бірқатар шараны қолға алып жатырмыз», дегенді де айтады.
Оның айтуынша, теміржол және автомобиль көлігімен жанар-жағармай тасымалдауға тыйым салынған. Ресурс иелерін жанар-жағармай материалдарын құю бекеттеріне тікелей сатуға міндеттейтін заңнамалық нормалар қабылданған. Мұнайды жеткізу және мұнай өнімдерін сату бойынша өнімсіз делдалдар жойылған.
Жанар-жағармай бөлшек бағасына қатысты тиісті бұйрық жобасы 3 сәуір күні ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына жарияланды. Талқылаудан өткеннен кейін жаңа баға 12 сәуірден бастап ел аумағында ресми күшіне енбек.