Музей • 04 Сәуір, 2023

Батырдың тағдыры мен тұлғасы

747 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл 1916 жылғы Торғайдағы тарихи көтерілістің қаһарманы Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл ­толуына орай мазмұнды іс-шара ел­ордадан бастау алып, Ұлттық музейде «Батырдың биік тұлғасы: тарихы, зерттелуі, ақиқаты» атты республикалық ғылы­ми-тәжірибелік конференция өтті. Оны Қостанай облысы­ның Мәдениет басқармасы мен Ұлттық музей бірлесіп өткізді.

Батырдың тағдыры мен тұлғасы

Алқалы жиынға Парламент депутаттары, қоғам қайраткер­ле­рі, тарихшы ғалымдар мен батыр ұрпақтары және елорда тұр­ғындары қатысты. Іс-шараға сар­дардың туған елі – Қостанай облысынан арнайы делегация келді.

Конференция Амангелді Имановтың мерейтойына байланысты құттықтаулар легімен бас­талды. Алдымен Ғылым және жо­ғары білім вице-министрі Тал­ғат Ешенқұлов пен Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет ко­митеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев сөз алып, жиын жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейін Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев батыр тойына қандай іс-шаралар жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Амангелді Имановтың 150 жыл­дығына байланысты об­лыс әкімінің тапсырмасы­мен біраз іс-шара жоспары бекіті­ліп, ауқымды жұмыс бас­тал­ды. Мысалы, Амангелді ауда­нын­­дағы батыр атындағы мемо­риалдық музейге жөндеу жүргі­зіледі. Аудан орталығындағы ба­тыр ескерткішінің аумағын абат­тандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Сонымен қатар Амангелді ауданындағы Мәдениет үйі, балалар мен жас­өспірім­дер спорт мектебіне керек құрал-жабдықтар алынады. Қысқасы, біз мәдени, ғылыми іс-шаралардан бөлек, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағ­дайына оң ықпалын тигізетін осын­дай жобаларды жос­парлап отырмыз. Батырдың негізгі тойы қыркүйек айында өтеді. Соған дейін осы жұмыстар аяқталады», деді ол.

Атақты академик Қаныш Сәт­баев кезінде Амангелді Иманов­тың күрескерлік жолына тоқталып, оның батырлығы арғы текті бабаларынан дарығаны туралы мақала жазған. Белгілі ғалым, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы осы тақырыпта ой қозғады.

«Бүгінгі конференция ата­уының өзі батырдың барлық болмысын ашып тұр. Мен негізі химик болғаныммен, бір бүйрегім тарихқа бұрып тұрады. Академик Қаныш Сәтбаевтың халық батыры туралы жазған дүниелері аз емес. Соның бірі – «Амангелді батырдың бабалары» деген мақаласы. Осы мақалада Амангелдінің атасы Иманның Кенесары ханның он жылға жуық жанында жүрген бас батырларының бір болғанын айрықша атап өткен. Сондай-ақ Қаныш ағамыз батырдың немере інісі Бақыт Имановтың «Амангелді» романын қолжазба түрінде оқып, оған жылы пікі­рін білдірген. 1916 жылы 25 мау­сымдағы Ресей патшасының 19-дан 43 жасқа дейінгі қазақ жастары­ның армияның қара жұмысына алу ­туралы жарлығы жалпақ елді дүр сілкіндірді. Жалпы, бұған де­йін де қазақтың төзімі сарқылуға жеткен еді. Өйткені 1893 жылдан 1917 жылға дейін халқымыз 45 миллион десятина жерінен айырылып қалды. Сондықтан жеріңді тартып алып, өзіңді қара жұмыс­қа жегіп жатса, сен оған қалай шы­дайсың. Патшаның мұздай қару­ланған әскеріне Амангелді Иманов алғашында 15 мың көтері­лісшімен қарсы тұрып, одан кейін олардың саны 50 мыңға же­туі, отаршылдық саясатқа деген халқымыздың үлкен қарсылығын көрсетті», деді ғалым.

Академик Хангелді Әбжанов «Қаһарлы 1916 жыл: ұлы бетбұрыс қырлары мен астары» атты баяндамасында сардардың өмірі барынша зерттелді дегенімізбен, әлі де ақтаңдақтар бар екенін айтты.

«Ежелден еркіндікте өмір сү­ріп, азаттықты бәрінен жоғары қойған халқымыз XX ғасырдың алғашқы 20 жылында түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Тап осы жылдары империяны, тіпті әлемді сіл­кін­дірген үш революция Ұлы дала­ның ұлы перзенттерін тарих сахнасына шығарды. Олар отанды сүю­дің басты шарты мемлекет құру екеніне көз жеткізді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі еліміздің барлық аймағын қамтыды. Соның ішінде Торғай өңіріндегі халық батыры бастаған көтеріліс кең көлемде ұйымдастырылды. Қазір елімізде Амангелдіні білмейтін жан жоқ. Сардардың бейнесі әдеби шығармаларда көркем сомдалды. Елді мекендерге, көшелерге есімі берілді. Алайда батырдың өмір жолын әлі де зерттейтін тұстары баршылық», деді ол.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­ты­ның директоры, тарих ғылымдары­ның докторы Зиябек Қабылдинов өз баяндамасында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің басталу себеп­теріне тоқтала келіп: «Біз бүгін халық батырын не үшін дәріп­теп отырмыз. Оған сардардың ме­рейтойы ғана себеп емес. Қазір әлемдегі саяси жағдай өте күр­делі. Сондықтан қазақтың рухын көтеру үшін бізге Амангелді Иманов секілді тұлғалар керек. Отанымызды қорғауға ержүрек ата­мыз сияқты дайын болуымыз қажет», деді профессор.

Содан соң сөз алған батырдың немересі Батырлан Рамазанұлы Амангелдиев өмірінде атасының өнегелі із қалдырғанын жеткізді. «Мен атамды 10 жасымда таныдым. Содан бері қаншама жыл өтті. Техникалық мамандықты игеріп, басқа салада қызмет істесем де, ғұмыр бойы атамның өмірі мен күрескерлік жолын зерттеп келемін. Біраз тарихи құжаттар мен мұрағат материалдарын жинадым. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына орай атам туралы кітабым шықты. Бүгінге дейін ол кісі туралы қаншама әдеби, ғылыми еңбек жазылды. Әлі де жазылады деп ойлаймын. Халық батырын ұлықтап жатқан барлық азаматқа алғысымды айтамын», деді батырдың ұрпағы.

Сондай-ақ конференцияда ел ақсақалы Мұхтар Ходенов, Арқа­лық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері Батырлан Сағынтаев, тағы басқа да ғалымдар баяндама жасап, тұғырлы тұлға туралы жан-жақты ой сараптады.

Одан кейін іс-шара «Халық батыры» атты көрмеге жалғасты. Көр­меге Қостанай облыстық та­рихи-өлкетану музейі, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейі және Амангелді ауданындағы батыр атындағы ме­мо­риалдық мұражайдан әкел­ген құнды жәдігерлер қойылды. Оның ішінде патшаның қазақ жас­тарын тыл жұмыстарына шақыру туралы жарлығына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен сардардың өмір жолын зерделеген тарихи суреттер бар. Әсі­ресе Амангелдінің домбыра­сы мен жақын туыстарының же­ке зат­тары, көтеріліс сарбаз­да­рының қару-жарақтары қонақ­тар­дың қызығушылығын туғыз­ды. Сонымен қатар әйгілі сурет­ші Әбілхан Қастеевтің, Баки Урман­ченің, Нағымбек Нұрмұхаме­дов­тің картиналары, мүсінші Хакімжан Наурызбаев пен Украи­на­ның халық суретшісі Ефим Бело­стоцкийдің мүсіндері көрмені айшықтай түсті. Ал кешкісін мәде­ни іс-шара «Астана» концерт залында «Дала дауылпазы» атты салтанатты концертке ұласты.