Музей • 06 Сәуір, 2023

Көне карталар сыр шертеді

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде «Қазақ даласы тарихи карталарда: кеңістік пен аумақ құрылымдары» атты көрме ашылды. Онда XVI ғасыр мен 1939 жыл аралығында еуропалық, америкалық, ресейлік картографтар құрастырған тарихи 26 карта таныстырылды. Бұл карталар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жеке коллекциясынан ұсынылды. Тарихи карталарда қазіргі еліміздің құрамына кіретін аймақтар көрсетіліп, бекітілген.

Көне карталар сыр шертеді

Көрмені өткізудегі мақсат – бүгінгі елі­міздің әкімшілік-аумақтық бірлік­терін құрайтын аумақтар бейнеленген бірегей, ерекше құнды карталарды мәдени-ақпараттық айна­лымға енгізу.

Мәдени іс-шараның ашылуында сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов көрменің маңы­зына тоқтала келіп:

«Картография – бірнеше саланы қам­титын күрделі ғылым. Онда тарих, география, бейнелеу өнері, әдебиет пен мәдениет секілді салалар бір арнада тоғысады. Сон­дықтан картографияның кеңінен насихатталуы халқымыздың тарихи санасының жаңғы­руына ықпал етеді», деді ол.

Сондай-ақ Парламент Мә­жілісінің депутаты, тарих ғы­лымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл тарихи гео­графия мен архив ісін те­рең зерттеу мемлекет тұ­тасты­ғының бір кепілі екенін айтты.

Көрме бес бөлімнен тұра­ды. «Атластар дәуірі» атты бірінші бөлімде XVI-XVII ғасырларда жасалған 7 карта қойылған. Авторлары – ағыл­шын, итальян, нидерланд және неміс картографтары. Екін­ші бөлім – «Жаңа заман картографиясындағы Қа­зақ даласы». Онда шетелдік ғалымдар құрастырған 5 карта бар. Мәселен, Джон Керри Ресей империясының картасын жасағанда қазақтардың 1799 жылғы этностық аума­ғын да таныстырады. Үшін­ші бөлім – «Еуропалық кар­то­графияның шарықтау ке­зеңіндегі Қазақ даласы» деп аталған. Мұнда 4 карта бар, ішіндегі ең құндысы – Джон Мартин Рапкиннің «Тә­уел­сіз Тартария» картасы. Бұл карта ша­мамен 1846-1851 жылдары басылса ке­рек. «XIX ғасырдағы Әске­ри топо­граф­тар жұмы­сындағы Қазақ даласы» деген төртінші бөлімде 8 карта ұсы­нылған. Оларды Ресей империясы Бас штабының Қазақ даласын зерттеген офицерлері дайындаған. Ал бесінші бө­лімде «Қазақ КСР. 1939 ж» та­рихи картасы берілген. Бұл кар­тадан Екінші дүниежүзілік соғыс ал­дындағы Қазақ КСР-інің әкім­шілік құрылымын кө­ресіз.