Қоғам • 12 Сәуір, 2023

Жаңаөзен мұнайшылары келісімге келді

620 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«ҚМГ байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңаөзен мұнайшылары келісімге келді

«БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлері қамаудан босатылып, пойызбен Жаңаөзен қаласына аттанды. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясы мәлім етті.

Еске сала кетейік, 10 сәуірде 60-70 мұнайшы Энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылыққа шыққан болатын. Алайда жұмысшылар бейбіт жиын талаптарын бұзғаны үшін ұсталған еді. Осыдан кейін жұмысшылардың талабы тендер талабымен сай келмейтіні туралы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдірді. Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов тұрғындарға үндеу жасады.

Ал мұнайшылардың талаптарына қатысты Энергетика министрлігі түсініктеме берген. Ведомство бұл мәселе еңбек заңнамасы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қағидаларын ескере отырып, заңнамалық негізде шешілуі тиіс деп санайтынын айтқан.

«ҚМГ байланыс тобы мен «БерӘлі Маңғыстау Company» өкілдері арнайы жұмыс комиссиясын құру туралы келісімге келді.

Ол комиссия «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің талаптарын заң аясында шешу үшін қарастырады. Комиссия құрамына «БерӘлі Маңғыстау Company» компаниясының бұрынғы қызметкерлерінің 10 адамы кіреді.

«Құқық қорғау органдары ұстаған қалған мұнайшылар босатылып, Астана уақыты бойынша 8:57-де пойызбен Жаңаөзен қаласына кетті»,  деп атап өтті компаниядан.

Мұнайшылар да Астананың теміржол вокзалынан видеоүндеу жасап, өздерінің дін-аман екендіктерін айтты және қолдау білдірген жерлестеріне ризашылығын білдірді.