Тарих • 12 Сәуір, 2023

Тың игерудің тауқыметі

406 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мына фотодағы адамдарды ескі көздердің көбі таниды. Суретте әңгімелесіп кетіп бара жатқан төрт тұлғаның бейнесі менмұндалап тұр. Арғы жағында – темір жол. Рельс үстінде – жолаушылар пойызы. Маңында топырлаған адам. Сонымен...

Тың игерудің тауқыметі

Бұл сурет туралы анықтамалықта: «Фото 1964 жылы тамыз айында Тың өл­кесінің орталығы Целиноград қала­сынан 60 шақырым қашықта орналасқан Шор­танды стансасында түсірілген» делініпті. Фотоны түсірген адам – Виктор Кутуков.

Жоғарыда айтқанымыздай фотоның өң бетінде – жаймен ғана алға қарай ұм­сына аяңдап бара жатқан төрт тұл­ғаның ішінде, алдыңғы қатарда оң жақта келе жатқан адам – сол тұстағы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Исмаил Юсупов, ал оның қа­сындағы жалаң бас, аяғына қысқа қонышты етік киген – КОКП ОК Бас хатшысы лауазымына 1953 жылы 7 қыр­­күйек күні тағайындалып, бұл қыз­метті 1964 жылдың 14 қазан айына­ дейін атқарған Никита Сергеевич Хрущев. Артқы жақ­тағы екі адамның оң жақтағысы – Тың өлкесінің бірінші хатшысы Федор Коломиец, екіншісі – Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев.

Бұл фото тың игерудің 10 жылдығы қарсаңында түсірілсе керек. Жалпы, қ­азақ даласында жүргізілген аса ауқым­ды науқан тың игеру эпопеясына тоқталар болсақ, алғаш кеңес өкіметі то­лық құрылған 1930 жылы КСРО Егін­шілік халық комиссары Я.А.Яковлев компартияның ХVІ съезі мінберінен жасаған баяндамасында: «Біздің есеп бойынша Қазақстанда егін егуге жарамды 50-55 млн гектар жер бар, соның 36 млн гектары солтүстік өңірде, соны иге­ру керек», деген еді.

Кеңес өкіметі бұл шаруаны бас­тап жіберуге алғашқы жылдары қар­жылық тапшылықтан игере алмаса, кейін Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып кетті де, мойын бұра алмады. Сөйтіп, бұл іс Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолға алынды. Әуелі «КСРО экономикасын дамытудың жолдарын қарастыру» және «Мемлекетті азық-түлікпен қамту» атты бастама көтерілді. Осы мәселені шешу үшін 1950 жылы арнайы комиссия құ­рылды. Бұл комиссия 1952 жылы мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп, аталған мәселе 1953 жылы тамыз айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессия­сында талқыланды.

Кешікпей осы жылдың 3-7 қыр­күйегінде КОКП Орталық Комите­тінің кезекті пленумы өтіп, астық өндіру жайы­н алдыңғы кезекке шығарып, мал ша­руашылығы екінші орынға шегерілді. Нәтижесінде, 1954 жылы өткен КОКП Орталық Комитетінің пленумы «Тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешім қабылдады. Бас хатшы Хрущев тарапынан астық өндіруде Американы қуып жетіп, басып озу туралы ұран тас­талады. Ол үшін Қазақстандағы 6,3 млн гектар алқапты игеру мақсаты қойылып, күллі кеңес халқын «Қазақстанның тың жерлерін игеруге» шақырды.

«Тың игеру үшін» деген ұранмен 1950 жылдардың ортасында кеңес түрмесінен босап шыққан 10 миллио­н адамды (көбі басбұзар, қылмыскер) тайлы-тұяғымен қазақ жеріне түгелдей аттандырады. Аз уақыттың ішінде 1,5 миллион адамды қаңбақша айдап әке­леді. Соның салдарынан 1959 жылы хал­қымыз қара шаңырақ атамекенінде 30 пайыздан аспай қалды.

Көкшетаулық тарихшы-ғалым Қ­а­дыр­­­жан Әбуов: «Қазақ­стан­дағы тың жер­­лерді игеру идеясы тек эконо­ми­ка­лық қажеттіліктен туған жоқ. Ол патша өкі­метінің отарлық саясатын одан әрі жал­ғастыру шарасы болып табылады. Сол тұстағы кеңес елінің басшысы Никита Хрущев «тың эпопеясының» түпкі мақсаты туралы: «Патша өзінің барлық әдісін қолданып, бұл аймақты (Қазақстанды айтады) ұзақ мерзім ішінде орыстарға толтыра алмаса, мен кеңестік тәсілмен бір демде толтырдым», дегенін келтіреді.

Жоғарыдағы сапарында Бас хатшы Н.Хрущев Ақмола өңіріне ағылып келген тыңгерлер алдында сөз сөйлеп:

«…жер­гілікті халықтан үміт күтпеңдер. Қа­зақтар жаратылысында тоғышар, жалқау халық. Мына жердің иесі олар емес, сендерсіңдер. Өз жерлеріңе ие болың­дар!» деп тыңгерлерді елір­тіп, олар мен өлкенің ежелгі тұр­ғын­дары арасына саяси сызат түсіреді. Бұл оқи­ғаның зардабы да болмай қалған жоқ.

Мысалы, көзіқарақты ұлтшыл тұл­ға, тың игеру науқанын өз көзімен көр­ген астаналық Қасым Тәукенов ағамыз: «1960 жылдары Тың өлкелік «Целин­ный край» газетіне «Человек в ушанке» деп қазақтарды есекке теңеп фельетон жазылды. Тың игереміз деп келгендер күні-түні арақтан көз ашпай, мас күйінде көзіне қазақ түссе, тағы жануар­ды көргендей қуа жөнеліп, тепкінің ас­тына алды. Ондай қорлыққа шыдай алмаған ағаларымыз жер-жерлерде қарсы шығып, бой көрсетті. Мәселен, Ақмола базарының ішінде үлкен ақ­сақалдарымыз шананың жетегін қару қылып бейбастақ «қонақтарды» сілтей жапырғандығын көзім көрді. Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколов: «Қазақ халық емес, олар­ды немістермен будандас­тырып жаңа ұлт жасау керек» деген бастама көте­ріп, тәжірибе ретінде Қостанайда Дә­мелі Жақсылықова дейтін қазақ қы­зына шошқа бақтырып, неміс жігі­тіне тұрмысқа шығарып, сол үшін Со­циалистік Еңбек Ері атағын берді. Бұл істі барша қазақ қыздарына үлгі етіп ор­таға ұран тасталды. Газет-журнал жаппай насихаттады», дегенді айтады.

Дәл жоғарыдағыдай тағы бір оқи­ғаны жазушы Сафуан Шаймер­деновтің 1990 жылы жарық көрген «Ағалардың ала­­қаны» атты эсселер жи­на­ғынан кез­­дес­тіруге болады. «– Солтүстік Қазақстан облысында Суаткөл атты ауыл бар, – дейді жазушы. – Тың игеру­ жылдары осы елді мекенге сырттан көп адамдар келеді. Олардың пейілдері – оңайлау жатқан бірдемелер болса қағып кету. Өрістен қайтқан мал ішінен қолына түскен қой-ешкіні көтеріп әкетеді. Көшеде жүрген тауықтарға жем шашып ұстап алады да, мойнын бұрып дорбаға ұрады. Сұрау жоқ, қымсыну жоқ.

Осындай қиын-қыстау күндері колхоз басшысы Ескен қарбалас шаруаларын реттеп үйіне келіп сүтпісірім көз шырымын алуға қисаяды. Енді ұйықтай бергенде үйге бақыра жылап бір әйел кіреді. Үсті-басы сарыала сауыс сүт. Қо­лы-басы қан.

– Шырағым, саған не болды?

– Аналар сүтімді тартып алып, өзім­ді ұрды. Тапа-тал түсте таяқ жейтін бол­дық...

Ескен киініп далаға шығады. Қарақ­шылар әйелдің сүтін тартып алғаны бы­лай тұрсын, басқа бір үйдің тауығын қуып жүр екен.

– Әй, кімсіңдер өздерің. Не істеп жүрсіңдер?

– Онда сенің шаруаң не?

– Неге шаруам болмайды, мен осы ауылдың бастығымын.

– Сендей бастықтың талайын көр­генбіз, жаның барында тайып тұр.

Ашу қысқан Ескен ана екеуін мұрт­тай ұшырады. Бейбуаз әйелдің кегін алып берген басқарма үйіне келіп жантаяды. Көзі ілініп кеткен екен: «Тұр, Ескен, ана­лар қаптап келеді», деген атқосшысы Жә­мидің айқайынан шошып оянып, аласа үйдің терезесінен көз салса, Суаткөлдің арғы жағында жиыр­ма шақты адам бері түсіп келеді.

 – Жәми тез барып торы бестіні әкел!

Майданға барып аяғы кемтар болып оралған Жәми председательдің торы атына жүгіреді. Атты ұстап әкелгенше бірсыпыра уақыт өтеді. Ескен үлкен қақпаның баспасын салып, темір күректің басын қағып тастап, келдегін қолына алады. Бар қаруы осы. Тобыр айғайға басып тұр:

– Жаның барында шық!

– Үйіңе өрт қоямыз!

– Бала-шағаңды қырып тастаймыз!

Осы кезде торы атты жетектеген Жә­ми артқы қақпаға келіп, хабар бе­реді. Сол екі арада атты адамды байқап қалған екі тентек Жәми мен Ескеннің орта­сына түседі. Ескен бірін келдекпен ұрып құ­латып, екіншісін келдектің қала­мы­мен түйреп тастайды. Атқа аяқ арт­қан басқарма қақпа алдында үймелеп тұрған­дарға айғай салады:

 – Мен мұндамын, келіңдер! Тобыр лап қояды. Торыны тебініп ұмтылған бастық оларды қақ жарып өтеді. Қайы­рылып қараса, ат тұяғына ілігіп мер­тігіп жатқан екеу-үшеуге көзі түседі. Шыл­бырына жармасқан еңгезердей қас­қаның басын тақымға қысып, сүйрете жөнеледі. Мысық сияқты саусағын тарбитып ұмтылған келесі біреуін келдекпен ұрып түсіреді. Бұл атаманы болса керек, қалғаны тырағайлап қашады. Көзіне қан толған Ескен қашқындарды бір-бірлеп қуып жүріп баудай түсіреді.

– Осы оқиғадан кейін бір айдан өт­кенде ауылға барсам, жұрттың аузын­­да жиырма бір жігітке қарсы шапқан  Ескеннің ерлігі, – дейді жазушы. Осылай оқиғаның мән-жайына қаныққан Сафуан аға Петропавл түрмесінде жат­қан Ескенге барып жолығады. Сон­дағы Ескен ердің айтқаны: «Ата қазақ­тың «сиыр мүйізін, жылқы жалын төсейді» дегені рас екен. Қайран торы бестім құлағын жымырып алып, қарсы келгенді кеудесімен жапыра құлатып, оңтайы келсе тістеп, басқыншыларға жаудай тиді. Бекерде жығылған адамды бас­пайтын жануар қасиетсіз әлгілерді әдейі таптады» депті кемсеңдеп. Үш айдан кейін Ескен босап шыққан екен. Біздің айтпағымыз: ниеті харам тобырды жылқының өзі біліп, иесімен бірге туған жерін жанын салып қорғағанын көрмейсіз бе?

Айта берсек, жоғарыдағыдай мысал­дар көп. Әйгілі қаламгер М.Шо­ло­­хов: «Қазақстандағы тың игеру жырт­­­­қыштық әдіспен іске асырылды»­ деп бекер айтпаған ғой. Оның сыр­тын­­да Ақмола атырабына белгілі тұл­ға Белібай мен атақты Ыбырай Жайық­баев­тың бейіттері жалғыз түнде жырты­лып кетсе, тың игерілген облыс­тар­да 700 қазақ мектебі жа­былды. Бұл оқиға қазақ жастарының ұлт­тық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды.