Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, бұл тараптағы жұмыс мысықтабандап жылжуда. Бар шаруаны ақыл таразысына салсаңыз, елді мекендердің ауыз суға жарымай отыру себебі, осы шаруаны атқармақ болып мойнына алған, яки тендерді ұтқан мердігерлердің өз міндетін дұрыс атқармауынан деген ой түюге болады. Бүгінгі таңда отызға жуық нысанның шаруасы – өте өткір күйде. Мәселен, кейбір жобаларды жүзеге асыру мерзімі өтсе де, аяқталуы көп уақытқа созылып кеткен. Оның ішінде бес жыл бойы тиісті жұмысын атқара алмай жүргендер де бар. Мәселен, «Монолит» серіктестігі облыстың бірнеше ауданында ауыз сумен жабдықтау жүйелерін салу және жаңғырту бағытында алты жобаны жүзеге асыруда. Бұл жұмысқа 2 млрд теңгеден аса бюджет қаражаты бағытталған. Өкінішке қарай, іс алға жылжыр емес. Осы арада нақты дерек келтіре кетелік. Зеренді ауданына қарасты Алексеевка ауылындағы сумен жабдықтау нысанын тапсыру мерзімі келісімшартта 2021 жыл деп көрсетілген. Әйтсе де, құрылыс жұмыстары күні бүгінге дейін аяқталған жоқ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің тексеруі кезінде серіктестіктің мамандары мен техникасының жоқ екені анықталған. Тендерден ұтқан «Монолит» серіктестігі барлық жұмысты қосалқы мердігер ұйымдардың күшімен жүргізіп жатыр. Өзінде ешбір материалдық-техникалық базасы жоқ осы серіктестік еліміздің алты облысында 27 жобаны жүзеге асырып жатқан көрінеді. Сонда мемлекеттік сатып алу конкурстарына қалай қатысқан. Әрине, мамандары, қажетті техникалары болмағандықтан, құрылыс жұмысының ұзаққа созылатыны белгілі.
Тағы бір мердігер компания – Ұлытау облысында тіркелген «Дәнекер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл серіктестік Ерейментау ауданына қарасты Сілеті елді мекенінде, Бұланды ауданының орталығы Макинск қаласында, Біржан сал ауданындағы Үлгі ауылында сумен жабдықтау жүйелерін салумен айналысады. Жоғарыда аталған үш нысанның жұмыс кестесінде де айта қаларлықтай артта қалушылық орын алып отыр. Біржан сал ауданының әкімі Достанбек Есжановтың айтуына қарағанда, өткен жылы компаниямен шарт жасалып, ауылда су желісін тарту құрылысын жүргізу үшін қаражат толық көлемде төленген. Алайда осы уақытқа дейін жұмыстың 38 пайызы ғана аяқталыпты. Әкімдік амалсыздан өз ісіне жауапкершілікпен қарамаған мердігермен шартты бұзып, қызмет көрсетушіні жосықсыз деп тану және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу үшін сотқа жүгінген. Ақша өндіріліп алар, бірақ осы уақытқа дейін ауыз судың азабын тартып отырған ауыл тұрғындарына күрделі жайдың күрмеуі неліктен шешілмей отырғанын қалай түсіндіруге болады? Таяуда жаңа конкурс жарияланбақ. Ендігі мердігер өз ісіне тиянақты болса жарар еді. Целиноград ауданында да осы компаниямен жасалған шарт бұзылған. Сот шешімі бойынша серіктестікке бюджеттен төленген 40 млн теңгеге қажетті құрал-жабдықты жеткізу тапсырылған. Жалпы, «Дәнекер» серіктестігі еліміздің бірқатар облысында тапсырыс берушілердің 13 талап-арызы бойынша жосықсыз қатысушы деп танылып отыр.
Бұл тарапта сақалды құрылыс аз емес. 2017 жылдан бастап Щучье қаласындағы су желілері мен нысандарын салу және бірқатар нысанды жаңғырту, Бурабай кенті су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары жалғасуда. 2018 жылдан бері Бурабай баурайындағы балаларды сауықтыру орталықтарына қажетті су құбырының құрылыстары жүргізілуде. Жұмыс кестесінің артта қалуына байланысты бұл жобалардың көпшілігі бүгінгі таңда түзетуді қажет етеді. Себебі құрылысқа қажетті құрылыс материалдары кейінгі бес жыл ішінде айтарлықтай қымбаттап кетті. Мердігер компаниялардың шалағайлығынан салмақ бюджетке түсіп жатыр. Уақытында орындалмағаннан кейін осылай болатыны түсінікті. Тек компания басшыларының халықтың қаражатына және амалсыз сапасыз су ішіп отырғанына көңіл аудармайтыны түсініксіз.
Ақмола облысы