Ауыл • 17 Сәуір, 2023

Ауылды қолдаудың қадамы

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтің Қызылорда облысына жұмыс сапары Шиелі ауданындағы білім, медицина ұйымдары жұмысымен танысудан бас­талды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Алтай Сейдірұлына саладағы мәселелерді таныс­тырып өтті.

Ауылды қолдаудың қадамы

Аудандағы Жансейіт елді мекеніндегі №133 негізгі мектеп апаттық жағдайда тұр. Қырық бес жыл бұрын салынған ғимаратта 6 сынып бөлмесі, мұғалімдер бөлмесі, медициналық кабинет қана бар. Спорт залы, асхана, акт залы жоқ, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келмейді. Қазір мұнда екі ауысымда 90 оқушы білім алып отыр. Алда оқушылар қатары арта түсетін ауылға жаңа мектеп қажет.

Алтай Көлгінов Байсын ауылын­дағы 250 орындық мектеп құрылысын да көрді. Құны 942,5 млн теңге болатын нысан бір жылда бой көтереді. Аудан орталығындағы іргелі білім ошақтарының бірі – №45 мектеп-гимназиясы ғимараты да апаттық жағдайда тұр. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, апатты және үш ауысымды мектептерді болдырмау, педагогтерді қолдау, қалалық және ауылдық мектептердегі білім деңгейін теңестіру үшін жағдайлар жасалуда. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі биыл басталатын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шешім табады, – деді Алтай Көлгінов. – Биыл «Білім беруді қолдау қоры» есебінен Қызылорда облысында 5 мектеп салынады, оның ішінде дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты бар.

Сапар барысында Үкімет бас­шысының орынбасары Шиелі орта­лық көпбейінді аудандық ауруханасын аралады. Ел саулығын сақтауда ғасырдан астам уақыт қызмет көрсетіп келе жатқан мекемеде 271 қызметкер жұмыс істейді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Қызылордада 27 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді. Қызылорда қаласында қан орталығы, бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы басталды.

Аймақтағы өзекті мәселелердің бірі – жастарды жұмыспен қамту. Үкімет басшысы орынбасарымен жастар кездесуінде осы мәселені шешудегі мемлекет ұсынған мүмкіндіктер туралы айтылды. Атап айтқанда, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу барысында жалақыны субсидиялайтын «Бірінші жұмыс орны» және оқу үдерісінде еңбек тәжірибесін жинауға көмектесетін «Жастар практикасы» жобалары іске қосылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 5-7 жылдан аспайтын мерзімге, жылдық 2,5%-дан бастап, икемді шарттармен 5 млн теңгеге дейін несиелер беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бас­тамаларын қолдайды. Қызылорда облысында 2023 жылы осындай жобаларды іске асыруға 1,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. Қазір 7 өтінім мақұлданды. Бизнесті дамытудың тағы бір тәсілі – халықтың әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтары үшін өтеусіз грант табыстау.

Вице-премьер жастармен белсенді жұмыс істеумен қатар оларды қолдау бағыттағы тетіктер туралы түсіндірме жұмыстарын жүр­гізу қажеттігіне тоқталды.

– Елімізде Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша жас­тар мәселелерін шешудің пәрменді тетіктері енгізілді. Бірақ көп жас­тар мұндай мүмкіндіктер туралы білмейді. Ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін қолдану қажет, деп атап өтті А.Көлгінов.

Қызылорда қаласына қарасты Баймұрат батыр ауылы тұрғын­дарымен кездесуде Алтай Көлгінов тұрғындарды жұмыспен қам­туға бағытталған «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасы туралы айтты. Бағдарламаны Қызылорда облысында жүзеге асыруға биыл 3 млрд теңге қарастырылған.

– «Ауыл аманаты» ауылдағыларға өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар кәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс. Ауылда жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалып, мектептер, ауруханалар, жолдар, инженерлік инфрақұрылым салынуда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

 

Қызылорда