Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Әуелден қазақ ақыны – эпик. Арыға кетсек, алғашқы шығармалар эпикалық дастандар, поэмалар болғандүр. Гомер шалдың нешеме ұрпақты тәрбиелеген «Илиада» мен «Одиссейі» эпикалық туындылар. Борхес сөзіне сенсек, алғашқы туындылар соғыс, шайқас хақында болыпты. Өмір үшін, ұлт ары, жер дауы үшін болған күрестер жыр болып туыпты, хатқа түсіпті. Ұлтымыздың ауыз әдебиетіне бажайласақ, «Қобыланды», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын» жырлары батырлық дастандар. Ғашықтық дастандар, «Бозжігіт», «Сейфүлмәлік», «Таһир-Зүхра», «Ләйлі-Мәжнүн» сынды Шығыстық дастандар бір төбе. Ал алдыңғы бастау бұлақтардан шөлі қана сусындаған «Құлагер» поэмасының ауқымы бөлек. Бір өзі бір дәуірдей, бір өзі заман сұсын, қоғам келбетін, қазақ жанын суреттеген ірі шығарма.
Поэмада түйенің шудасындай тығыз, ат жағындай ірі-ірі сөздер өрген. Бір әрібі түссе бүтін мағынасы жоғалар нығыздалған тармақтар, бір-бірінен ажырағысыз бой-бой суреттер кескінделген.
Қырдағы қара сойыл бақандаған,
Қарада қара жүрек қаһарланған.
Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған.
Таза тас сияқтанған күміс кесек,
Жапырақ секілденген таза төсек.
Жүрегін жуықтаса жаралаған,
Кір өмір, тікен тұрмыс, улы өсек.
Ақын образын сомдауда ақын шеберлігі анық аңғарылады. Жалпыдан шыққан жалқының жан күйі, тосын сезімдері, «тазалықты қолына ұстаған текті құстай» болмысын асқақтата, шабыттан шырқайды. Ортасын олқы көрген дара, шөміштілерге бас имеген дарқан серінің жалғыздығының мәнін ашады.
Әйтеуір Құлагерді мініп баптап,
Жалғыз жан жапан түзге
кеткен ақтап.
Ақ көңіл, асқар жанын
алып қашқан,
Арамнан, айналадан, кірден сақтап.
Міне, осы шумақта Ақан бар, оның тағдыры, бітімі бар. Сонымен Ақан сері осында тұра тұрсын, біз келесіге көшейік.
Поэманың «Ас» атты бөлімінде қазақтың дархан көңілі, асқан пейілі, кемдік көрмей тұрғандағы кеңшілігі білінеді. Құрық тимеген, қылау түспеген көңілдердің дидар-ғанибеті, аста-төк дастарқан, алыс-жақынның бауырмал, береке-бірлігі баян етіледі.
Біреуді білмесе де нән деседі –
Шіреніп насыбайды атуынан.
Міне, бұл қазаққа ғана түсінікті, қазаққа ғана жарасар олпы-солпы әрекет пен түсініктер.
Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,
Қып-қызы билер жатыр
қымыз құсқан.
Жансүгіров поэмасынан тұтас дала әуенін, елдің тыныс-тіршілігін, қып-қызыл билердің қымыз құсқан, түйе кекірікке тойған сұлбасын көресіз. Ақын назарынан ең ұсақ бөлшектер де тыс қалмайды. «Жүз-жүзден жүрген жігіт даяшыға, Ақ көбік мінген аттың жаясында», «Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр, кедейлер отын шауып арқалап жүр», «Бір жерде табақ теуіп етке өкпелеп, боқтасып бір үй жатыр жерді сабап», «Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп, қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған», «Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр, қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған».
Құлагер тағдыры – сол тұстағы қазақ тағдыры, ел тағдыры іспеттес. Қара бұлттай қақырай төнген езгішіл билік жағаға қол салып, мамыражай қазақты талан-таражға салуға тақау кезі еді бұл. Залымдыққа сенбеген ақеділ, арамдыққа ас атқан алпамса ел рухын Ақан сынды ерлер қоғадай сілкіп, азаттық сүйгіштігін қымсынбай танытқан тұс еді.
«Құлагер» поэмасы – ұлттық поэзияның шыңы». Бүгін ағаларымыз айтқан тиянақты, кесімді пікірді мақұлдамауға шарамыз жоқ. Сөз құдіретін білген, ана сүтіне жарыған әр қазақ өз жанын «Құлагер» сүзгісінен өткізіп алса артық емес.