Диалог аланында бизнес өкілдеріне ғалымдардың тың 11 ғылыми жобасы ұсынылды. Оның ішінде мұнай саласынан туризмге дейінгі жобалар бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласы мен тамақ өнеркәсібіне қатысты ғылыми әзірлемелер де таныстырылды. Іс-шараны өткізуге мұрындық болған «Ғылым қорының» инвестиция және жаңа жобалар департаментінің басшысы Құрманғазы Омаров елімізде ғылым мен бизнес арасындағы ықпалдастық төмен екенін алға тартты.
– Біздің қор ғылым мен бизнес арасындағы ықпалдастықты арттыру мақсатында былтырдан бері бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Мәселен, өткен жылы дәл осындай төрт диалог алаңын өткіздік. Нәтижесі жаман емес. Мысалы, технологияларды коммерцияландыру реакторында 30-дан аса жоба ұсынылса, соның ішінен бірқатар ғылыми жобаны әзірлеген университеттер мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалды. Бұл жобалар өндіріске «Ғылым қоры» тарапынан бөлінген грант немесе бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен енгізіледі. Биыл екінші рет өткізіп отырған іс-шараны Ғылым қызметкерлері күніне арнадық. Бүгінде технологияларды коммерцияландыру реакторына бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық жоғары. Әр кездесуімізге қатысу үшін кәсіпкерлерден өтініштер көп түседі, – деді Құрманғазы Омаров.
Департамент басшысы алдағы уақытта «Ғылым қоры» бұл іс-шараны еліміздің барлық аймағында өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Аталған бағыт бойынша осы жылдың 6 маусымында С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің форумы аясында оқу бағдары бойынша салалық технологияларды коммерцияландыру реакторын ұйымдастыруға ұсыныс келіп түскен.
Диалог алаңында әрбір ғалым бизнес өкілдеріне 3 минут ішінде жобалары туралы айтып берді. Мәселен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі «Биотехнология» ұлттық ғылыми орталығының директоры, профессор София Сағындықова түйе сүтінен жасалған «СофМайя» сусыны туралы баяндады.
– Бұл сусынды ғылыми жетекшім екеуміз бірлесіп жасадық. Сондықтан оның атын «СофМайя» деп атадық. Ендігі мақсатымыз – осы сусынды өндіріске енгізу. Сондықтан бизнес серіктес іздеп жүрміз. Бұл өнім қалай пайда болды, соны айтайын. Анам қант диабетімен ауырды. Соған түйе шұбатының көмегі көп тиді. Шұбатты дайын инсулин деп айтуға болады. Бірақ түйе сүті адамның ішін қатырады. Мұны болдырмас үшін қызылша шырынын пайдалану керек. Қызылша, керісінше ішті жібітеді. Ал екеуі біріккенде жақсы эффект береді. Қысқасы, бұл сусынның қасиеті мол, – деді София Сағындықова.
Сондай-ақ «Ғылым қоры» диалог алаңында виртуалды тур ұйымдастырды. Сол арқылы кез-келген қатысушыға өзін қызықтырған жобамен танысуға мүмкіндік туды. Іс-шараға 100-ге жуық ғылым мен бизнес өкілі қатысты. Арасында халықаралық ұйымдар мен компаниялардың өкілдері де бар. Осы ретте Ғылым және жоғары білім министрінің шешімімен «Ғылым қорына» ұлттық үйлестіру орталығы мәртебесі берілгенін айта кетейік.
Диалог алаңының қорытындысы бойынша ғылыми ұйымдар мен бизнес өкілдері арасында 6 жобаны жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.