Облыстық энергетика басқармасының дерегіне қарағанда, Ақтөбе облысында ай сайын 25 мың тонна жанар-жағармай тұтынады. Ал наурыз айында өңір тұрғындарының жанар-жағармай тұтыну мөлшері 15 пайызға артқан. Бұл Ақтөбе облысы аймағынан өтіп жатқан транзиттік көліктердің арзан отынды көптеп сатып алып кетуімен байланысты. Әсіресе Ресей Федерациясының көршілес Орынбор облысына жанар-жағармай шектеусіз кетіп жатты. Энергетика басқармасы жанар-жағармай бағасы өскен кезде де сатылымда АИ-95 маркалы жанармай 204 теңгеден, ал дизельді отын 260 теңгеден асырылмайды деген уәдесіне қарамастан бүгін бекеттердегі бағаның шарықтап кеткені байқалады.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әттиев Асылханның айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары үшін өңір шаруаларына 800 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Үкіметтен бөлінген арзандатылған дизель отынының бағасы литріне 207 теңгені құрайды. Қазіргі кезде арзандатылған отын Қобда, Мәртөк аудандары жіберілді. Бұл әзірге көктемгі далалық жұмыстарға жеткілікті.