Әдебиет • 24 Сәуір, 2023

Айбоз атанған ақын

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әлихан Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Бақытжан Тобаяқтың 70 жасқа толуына орай «Арқа мен Жетісу айбозы» атты шығармашылық кеш өтті. Ақынның замандастары, зиялы қауым мен оқырмандар қатысқан іс-шарада кеш иесінің шығармашылығы төңірегінде әңгіме айтылып, қазақ өнерінің көрігі қыза түсті.

Айбоз атанған ақын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жасынан талапшыл, қо­ғам­дық мәселелерге бейжай қарай алмайтын Бақытжан Тобаяқ кін­дік қаны тамған Кербұлақ ауда­нының Құрметті азаматы екенін білеміз. «Мен екі өңірді тел еміп өскен азаматпын» дейтіні бар оның. Жетісу жағында туып, Алматыда оқып есейгенімен, түбі Қарқаралы топырағынан. «Бақытжанның бабасы баяғы Құнанбайды көрген Жанақ ­­ақын – заманында белгілі бол­ған адам. Оның Абайдың әкесі ­Құ­нанбаймен тұстас, поляк­тің жиһанкезі – Янушкевич­пен кездескені тарихтан бел­гілі» деген деректі ертеде оқыған­быз. Кештің «Арқа мен Жетісу айбозы» аталу себебі сондықтан болса керек.

Бақытжан Тобаяқ маман­дығы бойынша инженер болға­нымен, халыққа ақынды­ғы мен журналистігі жақын. Қ.Сәт­баев, Ә.Марғұлан, Е.Бөке­тов, Ш.Шөкин, Ш.Есенов, А.Ма­ша­ни туралы жазбаларын көзі­қарақты ел біледі. Ақындығы өз алдына бір төбе. Ол жарты ғасыр жұртымен бірге соққан жүрек бары мен нәрін халқының игілігіне айналдыру жолында аз еңбектенбеген. Кеш тізгінін ұстаған Жұмамұрат Шәмшінің айтуынша, 1953 жылы туған қаламгер осы уақытқа дейін 53 кітап шығарыпты. Мектепті алтын медальмен бітіргенін, басқа да марапаттарын айтпағанда. Қазақ баспасөзінде жүріп руханият пен мәдениетке сіңірген еңбегі бәрінен асып кететіндей көрінеді.  

Ақынның тойы, мерейлі жасына орай жүрекжарды ле­біздер айтылып, жан-жақтан құттықтаулар мен жылы лепес­тер жетіп жатты. Біреулердің өзі жетіп, біреулердің құттық­тау сөзі жетіп, кеш иесінің мерейін асырып-ақ тастады. Астана қаласы әкімінің, Жетісу облысы әкімінің құттықтау хаттары, Қазақстан Жазушылар одағының жылы лепесі, тағы басқа мәртебелі орындар­дың алғысы мен құрметі бірінен соң бірі оқылып жатты. Солардың арасындағы атаулы құрмет­­тің бірі – «Қазақстанның құр­мет­ті журналисі» төсбелгісін Қазақстан Журналистер одағы Астана филиалының төрағасы Шархан Қазығұл табыстады. Елорда билер кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуарбек Ералы да құрмет көрсетіп, құт­тықтау хаты мен жөн-жоралғы жасады.

Бұрнағы күндері бұл кісі ту­ралы ақын Серік Тұрғынбек­ұлы­ның материалын оқыған­быз. ­Інісі туралы аз толғанбапты ақын. ­Осы жолы кешіне жинал­ған жазу­шылар Қуаныш Жиен­­бай, Жәди Шәкенұлы, Сәді­бек Түгел, экономика ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Сайлау Батыршаұлы бастаған тұл­ға­лар да ақынның бағасын асырды. Сәдібек Түгел «Ұлы дала қырандары» республикалық қо­ғамдық мәдени-әлеуметтік бір­лестік атынан «Ерекше тұлға» медалін кеш иесінің өңіріне тақты. Қаламгердің айтуынша, «Бақытжан Тобаяқтың ақын­дығы мен қаламгерлігі өз алдына, қоғамдық жұмыстарда да белсенді. Кез келген жағдайға бей­жай қарай алмайды. «Арайна, халқым, арайна» деп ұран көтере білген азамат».

Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі Жәди Шәкенұлы замандасының шығармашы­лық тұлғасын жоғары бағалады.

Бақытжан Ошақбайұлы аға­мыз қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңба қалыптастырып, өз орнын алған қаламгер. Келе­шек ұрпаққа әлі де болса бе­ре­рі мол. Осы күнге дейін же­міс­ті қызмет атқарып келе жат­қаны соның белгісі. Жазған өлең­дері, әнге айналған сөздері бо­ла­шақ ұрпақ рухына қызмет етеді деп сенеміз. Әдеби кешке қатысқан оқырмандар мен тұр­ғыластарының белсенділігі біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. «Баталы құл арымас» дегендей, елдің алғысы мен құр­метін иеленуі­мен-ақ, ел үміті­нің арқасында қа­зақ қаламгері ретінде есімі ал­тын әріптермен жазыла бермек­ші», деді ол.

«Сұлулыққа шомылған өлең­дерім – Таң бояуын, Күн нұрын сіміреді» деген ақын жүрегі­нің сәулелі бояуы оқырманын жақсы­лыққа бастайды деп се­неміз.