Қоғам • 24 Сәуір, 2023

Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?

965 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан азаматтары жәрдемақы алу үшін құжаттарды көбіне қағаз күйінде тапсырып келді. Бұдан бұлай отбасы деректері цифрландырылады. Қолданыстағы қағаз құжаттар біртіндеп жүйеден алынып тасталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуеметтік қоғау министрі Тамара Дүйсенова «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді?

Елімізде алғаш рет әлеуметтік кодекс қабылданған болатын. Кодекстегі өзгерістердің бірі отбасының цифрлық картасы. Министр бас басылымға берген сұхбатында цифрлық картаның жұмыс істеу жүйесі туралы айтып берді.

«Отбасының цифрлық картасы де­ге­ні­міз – еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Оны енгізудегі мақсат – халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Сондықтан Кодексте біріншіден, Отбасылық цифрлық картаны мем­ле­кет­тік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіледік. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады», деді министр.

Сондай-ақ азаматтар ақпаратты SMS-хабарлама арқылы ала алады.

«Екіншіден – карта отбасылар немесе отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберіліп отыр.

Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі. Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі дерек­тер негізінде тағайындалады деген сөз. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады», деді министр.

Тамара Дүйсенова цифрлық жүйеде қателіктер кеткен жағдайда азаматтар жергілікті халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, цифрлық картаға өзгеріс енгізе алатынын атап өтті.