– Онкология дертіне шалдыққан науқастарды емдеу шарасы үш түрлі әдістен тұрады. Олар – хирургиялық операция, химиятерапия және сәуле терапиясы. Ем толыққанды болуы үшін осы үшеуі де керек. Алайда біздің диспансерде сәуле терапиясын атқаратын Clinac 600 желілік үдеткіш жабдығымыз 2018 жылдың ақпан айында істен шықты. Сол құрылғы тоқтағалы бері сәулелік терапияны қажет ететін батысқазақстандық 858 науқас еліміздің республикалық және басқа да облыстық онкологиялық орталықтарына жолданды, дейді бізге Батыс Қазақстан облыстық онкология диспансерінің директоры Зейіл Мағзомов.
Ауыр науқастың өзге өңірге барып ем алуы – айтуға ғана оңай шаруа. Қатерлі ісік асқынған кезде көп сырқат жол көтере алмайды. Тәуекел етіп барған күннің өзінде жол, қонақүй, басқа да шығыны мол. «Арық атқа қамшы ауыр», науқасқа ол да артық салмақ. Ал шетелге, алдыңғы қатарлы әлемдік клиникаларға қолы жеткендер ғана барады. Диспансердің статист-дәрігері Күләй Тұрашева 2018-2022 жылдар аралығында батысқазақстандық 13 науқас Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербор, Орынбор, Қазан, Самара қалаларына, 1 пациент Оңтүстік Кореяға сәуле терапиясын алуға барғанын айтады.
Ал облыстық диспансердің радиология бөлімі меңгерушісі міндетін атқарушы Александр Кузнецовтың айтуынша, 2022 жылы Батыс Қазақстан облысында 1 555 адамнан онкология дерті жаңадан анықталған болса, соның 60 пайызына, 800-дей адамға сәуле терапиясы тағайындалған екен. Бірақ олардың аз ғана бөлігі өзге өңірге барып, тиісті емін ала алған.
Әрине, диспансер басшылығы қалыптасқан жағдайды айтып дабыл қағып, өңір басшылығын, тиісті орындарды хабардар еткен еді. Бірақ сәуле терапиясына қажетті медицина жабдықтары өте қымбат тұратындықтан, облыс бюджеті көтере алмайды. Ақыры мұның да жолы табылды. Қазақ-орыс біріккен «МедИнвестГрупп Қазақстан» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Орал қаласына су жаңа заманауи қондырғы жеткізді. Ядролық медицина орталығын іске қосу жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, Батыс Қазақстан облыстық онкология диспансері және «МедИнвестГрупп Қазақстан» ЖШС үшжақты келісімге қол қойды. Бұл жоба 10 жыл мерзімде жүзеге асырылады. Жоба аясында мемлекет тарапынан медициналық орталыққа ғимарат тегін берілді. Сөйтіп, жалпы ауданы 350 шаршы метр ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, халықаралық деңгейдегі медицина құрылғылары орнатылды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін «МедИнвестГрупп Қазақстан» 2 млрд 700 млн теңгеден аса қаржы жұмсапты.
Ядролық медицина орталығын аралап, жаңа жабдықтарды көзімізбен көрдік. «Varian» компаниясының АҚШ-та жобаланып, Қытайда жинақталған «Halcyon» заманауи желілік үдеткіші зауыттан 2022 жылы ғана шығыпты. Яғни бүгінгі таңдағы ең соңғы жетістіктермен қамтылған жабдық. Қазір мұндай құрылғы Қазақстанда Шымкент пен Орал қаласында ғана бар екен. Оралдағы мамандарға жаңа жабдықтың қыр-сырын үйретуге келген инженер, медицина физигі Досбол Уәлшеровтің айтуынша, бұл қондырғы өте ыңғайлы әрі тез қызмет көрсетеді. Мысалы, бір пациенттің ем алуына 10 минут ғана уақыт жұмсалады. Әрі сәуле адам денесіне шашырамай, обыр аурумен зақымдалған нүктеге ғана түседі. Ағзаның басқа мүшелеріне зияны тимейді. Сондықтан адам шаршамайды, бұл емді 20-30 мәртеге дейін ала алады екен. Жалпы, осы «Halcyon» аппараты бір жыл ішінде кемінде 800-ден аса науқасқа қызмет көрсете алады.
– Бұл жобаның мақсаты – өңірде онкология дертіне шалдыққан сырқат санын азайту, науқастың ғұмырын ұзарту және өмір сапасын арттыру. Жаңа құрылғы хирургия жолымен емдеу әдісін азайтып, аспаппен зерттеу көмегімен анықталған ісік жасушаларын радиация әдісімен емдейді. Сәуле терапиясы дерті меңдеген науқастың тән азабын да азайтады. Жаңа ядролық медицина орталығының ашылуы біздің өңір үшін үлкен жаңалық, ерекше қуанышты сәт болды. Орталықтың қызметін батысқазақстандық тұрғындар кепілдік көлем шеңберінде тегін пайдаланады. Одан бөлек, көршілес өңірлерден, Қазақстанның басқа да облыстарынан науқастар келе алады, дейді Зейіл Жөкенұлы.
«МедИнвестГрупп Қазақстан» ЖШС мен онкологиялық диспансер арасындағы келісімшартқа сәйкес, орталықта сәулелік терапия және компьютерлік томография бойынша медициналық қызмет көрсетіледі. Желілік үдеткіште сәуле терапиясын алатын 800 науқастан бөлек, мұнда жылына 1 мыңнан аса науқас компьютерлік томография тексеруінен өте алады.
– Бұл орталықтың ашылуы онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтауға, онкопатологиямен ауыратын науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, осы түрдегі қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің ем-дом шараларын күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатерлі ісік ауруларымен күрестің тиімділігін арттыруға да зор үлес қосады, дейді Александр Кузнецов.
Айтпақшы, дәрігер-рентгенолог А.Кузнецов Ресей Федерациясының Пермь қаласындағы аймақтық онкология орталығында дәл осы «Halcyon» желілік үдеткішінің жұмысы бойынша кіріспе курстан өтіп келіпті. Өзі қазақшаға да жүйрік екен. Қазір ол Оралда радиология бөлімшесінің дәрігерлері мен орта медицина қызметкерлеріне осы құрылғыны пайдалану сабағын жүргізеді. Сондай-ақ бөлімшенің қос қызметкері биыл қаңтар-наурыз аралығында республикалық медицина академиясының Қарағанды филиалында «Рентгенологиядағы мейіргер ісі» курсын екі ай оқып, сертификат алып келіпті.
Батыс Қазақстан облыстық онкология диспансерінде барлығы 36 дәрігер жұмыс істейді. Мамандар толық, тек клинико-диагностикалық зертханаға 1 зертханашы-дәрігер жетпей тұр. Жалпы, онкодиспансер тәулік бойы жұмыс істейтін – 181, стационарлық 55 кереует-орынға есептелген.
– 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, болашақта тағы 63 медициналық құрал-жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясы 18 дана емдік-диагностикалық құрал-жабдықты жаңартып бермек, дейді Зейіл Жөкенұлы.
Міне, осындай шаралардың нәтижесінде өңірде қатерлі ісік салдарынан болған өлім көрсеткіші төмендеп, 2023 жылы 100 мың адамға шаққанда болжамдағы 94,7 адамнан 85,4 адамға түскен.
Қатерлі ісік, онкология аурулары ХХІ ғасырда адамзаттың үлкен мәселесіне айналғаны рас. Әлемдік озық технология, ғылым-білім бұл дертпен барынша күресуде. Сол ақыл-ойдың алдыңғы қатарлы жетістіктері елімізге, соның ішінде шеткері облыстарға да жетіп жатқанына қуаныштымыз.
Батыс Қазақстан облысы