Қазақ ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, отандық және шетелдік кинотанушылар мен кинематографистер қатысқан ғылыми-тәжірибелік конференцияда еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаған майталман, профессор, өнертану кандидаты, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Бауыржан Нөгербек мұраларының бүгінгі киноүрдіс пен кинотану саласындағы маңызы туралы сөз қозғалып, өнертану саласының қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігіне кәсіби мамандар көзқарасы тұрғысынан баға берілді.
Екі күнге созылған тағылымды іс-шараны Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Ғайни Мұхтарова ресми түрде ашып берді. Кино туралы келелі жиынға белгілі қоғам қайраткерлері, қазақ өнерінің майталман тұлғалары, жазушылар мен алыс-жақын шетелдік ғалымдар, Бауыржан Нөгербектің отбасы және шәкірттері қатысты. Кино білгіріне арналған тағылымды конференцияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссер Сламбек Тәуекел жүргізді. Кездесуге келген қонақтар кинотанушы жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
– Біз Баукеңмен замандаспыз, қатарласпыз. Кино саласына да қатар келдік. Бауыржан Рамазанұлы туралы ойлағанда белгілі ресейлік өнер қайраткері, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дмитрий Лихачевтің: «Ақылды да, батыл да, тәрбиелі де болып көрінуге болады, бірақ адам зиялылықты қолдан жасай алмайды» деген сөзі еске түседі. Бауыржанның ерекше қасиеті – таза, шын мәнінде, зиялы адам еді. Көркем болмысы, бойы, ойы, өзінің, көзінің, сөзінің әдемілігі, адам ретіндегі, азамат ретіндегі тартымдылығы, ерекше білімдарлығы, халқына, ұлттық өнерге деген шексіз махаббаты – бәрі-бәрі көрген, тілдескен жанның есінде жарқын әсер қалдыратын, ұмытылмай санада жатталатын», деді мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, журналист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов.
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жазушы-драматург, Мемлекеттің сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова:
– Бауыржан Нөгербек – менің ұғымымда руханияттың, әсіресе кино саласының үлкен қайраткер тұлғасы. Ол кісінің бойынан өнегелі мектеп көргені аңғарылып тұратын еді. Үлкендерді сыйлай білетін ерекше қасиеті бар еді. Қазақ ұлттық университеті ішінен өнертану кафедрасын ашқан кезде Әкім Тарази, Әшірбек Сығай сынды қазақ сөз өнерінің кіл мықтыларын маңайына топтастырды. Осы кісілерді шақыруының өзі оның болашаққа алаңдауы еді. Келешектегі үлкен мамандарды тәрбиелеудегі алдына қойған үлкен арлы, арда мақсаты еді. Бәукеңнің шәкірттерімен де қарым-қатынас ерекше еді. Ол кісі аудиторияда әуелі шәкірттерін тыңдайтын. Бағытын, ойын айқындайтын. Ұстаз бен шәкірт арасында шекара болмайтын. Жастарға үлкен сенім артты, – деді.
Әйгілі киносыншының Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаз болып қызмет еткен өмірінің соңғы жылдарында аз уақыт болса да өнер жайлы тұшымды кеңесін тыңдаған шәкірттерінің қатарында болып, пікірлескенімізді бүгінде біз де теңдессіз бақыт санаймыз.
– 1993 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Кинотану» деген мамандықтың жаңадан ашылғанын біліп, жетекші ретінде Бауыржан Нөгербек қабылдап жатқанын естіп, асқақ арманымызды арқалап, осы мамандық бойынша оқуға түскен едік. Бауыржан Нөгербектің алдын көрген шәкірті ретінде біз алдымен кісі сыйлауды, пікір тыңдау мәдениетін үйрендік. Бүгінде осының барлығын ризашылықпен еске аламын. Бұл – аяулы ұстазымыздың тағылымы, – деді кинотанушы, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли.
Кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Нәзира Рахманқызы да алқалы жиында ұстаз туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, бүгінгі кинотану саласындағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды:
– Жыл сайын көркемдік кеңеске бірнеше жүздеген сценарий келіп түседі. Бәрін оқып, талқылаймыз. Мәселен, былтыр 300-ге тарта сценарий келді. Оның 197-сі орысша, тек 18 жұмыс қана қазақ тілінде жазылыпты. Қорқыныштысы – мен сол ұсынылған сценарийлердің 90 пайызынан өзімді көрген жоқпын. Жаппай еліктеу мен шетелдік фильмдердің кейіпкерлеріне кезіктім. Бірақ есімдері Жанна, Алмагүл, Қуандық, Мақсат деп кете берді. Қазақ киносы дейді, бірақ онда қазақ жоқ. Ұстазымыз Бауыржан Рамазанұлы да өмірінің соңына дейін жаны да, тілі де қазақша сайраған ұлттық кино көруді армандап өтті. Сол арманның орындалуы енді келешек кино мамандары – жастар, мына сіздердің қолдарыңызда, – деп сөзін түйіндеді кинотанушы.
Тұғырлы тұлғаны еске алу іс-шарасы одан әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Ақыш Омар, кинорежиссерлер – Әсия Сүлеева, Болат Қалымбетов, Дәрежан Өмірбаев, киносыншы Гүлнар Әбікеева, кинооператорлар – Әубәкір Сүлеев, Талғат Тайжан бастаған өнер қайраткерлерінің кәсіби талдау пікірлері және тұшымды естеліктерімен мазмұнын байытты.
Конференцияға қашықтан қосылып, Бауыржан Нөгербек туралы естелігімен бөліскен жазушы, драматург Смағұл Елубай (Алматы), кинотанушы, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Гүлбар Толомұшова (Бішкек) сынды ғалым, қайраткерлер естелігі форумға қатысқан көпшілік көңілін толқытты. Одан бөлек кинорежиссерлер Дәрежан Өмірбаев пен Болат Қалымбетовтің халықаралық кинофестивальдерде топ жарып жүрген үздік фильмдері көрсетіліп, шеберлік дәрістері өтті. Сондай-ақ кинотанушы, халықаралық деңгейдегі кино сыншысы, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева болашақ киногерлерге арнап шеберлік дәрісін өткізді.
Тағылымды басқосу соңында Бауыржан Нөгербектің төл перзенті, театр және кино актрисасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек:
– Екі күнге созылған форумда тек әкемізді ғана еске алып қоймай, күллі қазақ киносының ауқымды мәселелері жан-жақты қырынан көтерілді. Олай болуы заңды да. Өйткені әкеміздің өмір бойы арқалап өткен, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырғаны да осы – қазақ киносын өркендету мәселесі ғой. Сол арманға адалдық танытып, тұшымды, көкейкесті мәселелерді қамтыған мазмұнды баяндама жасап, әсерлі естеліктерімен бөліскен іс-шара қонақтарына, әкемнің шәкірттері мен осындай ауқымды да тағылымды дүниені ұйымдастырған Қазақ ұлттық өнер университетінің басшылығына отбасымыздың атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Саналы ғұмырын ғылымға арнап, бар білгенін шәкірттеріне үйреткен әкемнің мәңгілік өмірі енді басталғанын бүгін шын сезіндім және қатты толқыдым. Қазақ киносы барда әкемнің есімінің де өшпейтіні анық, – деп тебірене тіл қатты.
Екі күнге созылған тағылымды іс-шара кинотану ғылымының соны мәселелерін айқындап, нөгербектану ілімін жалғаған жас зерттеушілерге жаңа міндеттер жүктегендей.