Аймақтар • 02 Мамыр, 2023

Суық қару өткізгенге – сыйақы

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында тір­кел­меген қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сатып алу акциясы жүріп жатыр. Былтыр өңір тұрғындары полиция қызметкерлеріне 16 ойық, 140 тегіс ұңғылы және 4 трав­матикалық қару-жа­рақ өткізіп, жалпы сома­сы 10 401 948 теңге мөлшерінде төлемақы алған.

Суық қару өткізгенге – сыйақы

Ел көлемінде ұйымдастыры­лып отыр­ған акцияның мақса­ты айқын. Аталған іс-шара арқылы қару­лы қылмыстардың санын мүмкін­гінше азайтуға ведомство тарапынан айрықша назар аударылып отыр. Тәртіп сақшылары келтірген деректерге сенсек, бес жылдың бедерінде еліміз­дегі қарулы қылмыстардың саны 50 пайызға төмендеген. Акцияға қатысушылардың қарасы биыл да қалың. Өңірдегі заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алуға биыл 10 млн 404 мың теңге қаржы қарас­тырылып отыр.

«Іс-шара басталғаннан бері өңір тұр­ғын­дарынан полиция қызметкерлеріне 9 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 900 мың теңгеден астам қаражатқа 12 атыс қаруы мен 3 патрон тапсы­рылды. Оның ішінде 2 қару – 6,5 мм калибрлі тапанша және 5,6 мм калибрлі мылтық. Одан бө­лек 10 тегіс ұңғылы мылтық және 6,5 мм калибрлі 3 патрон бар», дейді Жамбыл облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подпол­ковнигі Шухратжон Юлдашев.

Кейінгі жылдары тұрақты түр­­де ұйым­дас­­тырылып ке­ле жат­­қан акцияға белсен­­ді қа­тысу­шылардың саны уақыт өткен сайын сирейтін­ге ұқсамайды. Құ­қық бұ­зу­шы­лықтың алдын алуға арнал­ған іс-шара жемі­сін беріп отыр. Бір белгі­лісі, тіркелмеген қаруды полиция қызмет­кер­ле­ріне тапсырған азаматтар 34 мың теңгеден 345 мың теңгеге дейінгі аралықта төлемақы алмақ.

Ішкі істер министрлігі баспа­сөз қызме­тінің хабарлауынша, өткен жылы ел тұрғындарынан 1400 атыс қаруы мен 10 мыңнан астам оқ-дәрі сатып алыныпты. Заңсыз сақталған қаруды өткізген азаматтарға жалпы сомасы 89 млн теңге көлемінде төлемақы төленген. Ал биыл Қазақстан азаматтары қан­ша қару-жарақ өткізетіні жыл соңында нақты­ланбақ.

«Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дә­рілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сый­ақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат тұр­ғылықты жері бойынша полиция бөліміне өтініш бере алады. Сыйақы­лардың мөлшерін құрылған комиссиялар айқындайды. Ерікті түрде тапсырғаны үшін төлем көлемі қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әр дана үшін дербес есептеледі. Өңір тұрғындары осыны қаперден шығармаса екен», дейді Ш.Юлдашев.

 

Жамбыл облысы