12 Шілде, 2014

Ұстаз ұлағаты

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_9944Бейнелеу өнері – ұлттық мәде­ниеттің өркендеу үдерісінде өзіндік орны бар, халықтың рухын көтеретін шығармашылық саланың бірі. Оның кескіндеме, керамика, мүсін, қолөнер, тоқыма, сәулет, зергерлік және т.б. өзара жанрлары біріге отырып, син­тездік өнерді құрайтындығы бел­гілі. Міне, осы салада Қайыртай Әмірғазин көптен бері тер төгіп келеді. Оны көпшілік білім беру ісін дамытуға, білікті мамандар даяр­­лауға үлкен үлес қосып жүрген ұла­ғатты ұстаз, зиялы азамат ретінде таниды. Ұлттық кескіндеме өнерінің майталманы Қайыртай Жақыпұлы 1949 жылғы мамыр айында Семей облысындағы Аягөз ауданының Ақшатау ауылында дүниеге келді. Аягөз қаласындағы №244 жалпы білім беретін орта мектепті аяқтап, Семей мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсті. Студенттік өмірінің үшінші жылында Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтындағы көркемөнер факультетінің үшінші курсына ауысты. 1972 жылы аза­маттық борышын атқаруға әскерге шақырылды. Қарулы Күштер қатары­нан босаған соң Мәскеудегі институтты бітірді. Еңбек жолын Семей мемлекеттік педагогикалық институты жалпытехникалық пәндер мен қолданбалы өнер кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарудан бас­тады. Ал Қайыртай Жақыпұлы 1980-1984 жылдары бір кезде білім алған Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтындағы қолданбалы сәндік өнер кафедрасы жанындағы аспирантурада оқып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұдан кейін Семейге оралып педагогикалық инситуттың көркемсурет факультетіне жетекшілік етті. Ол шәкірттеріне терең білім, тәлімді тәрбие беріп сый-құрметіне бөленді. Өзі тәрбиелеген талантты шәкірттерімен шын мәнісінде мақтана алады. Бүгінгі таңда оның шәкірттері еліміздің ұлттық өнерін дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүр. Сонымен бірге, институт кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде ұжым мүшелері мен студенттеріне көп қамқорлық көрсетті. Қызметі өсіп 1993-1996 жылдар аралығында Қазақ ұлттық мемлекеттік көркем академиясының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры қызметін атқарып жүріп, Мәскеуде докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Бейнелеу өнеріне сүбелі үлес қосып, 15-тен астам ғылым кандидатын даярлады. Қайыртай Әмірғазиннің елі мен туған жеріне деген махаббатын әр туындысынан көруге болады. Оның өзіндік ерекшелігі мен тума талант иесі екендігін Ғ.Есім, А.Еспенбетов, М.Корешков, Д.Шоқпарұлы, С.Бөрбасов тәрізді тұлғалар кезінде ерекше бағалады. Қазіргі кезде ол Ресейдің Омбы қаласындағы көркемтехникалық колледжді білгірлікпен басқаруда. Елімізге сіңірген ерен еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы ғылым саласының құрметті қызметкері және Ресей Федерациясының бастапқы кәсіби білім беру саласының құрметті қызметкері төсбелгілерімен марапатталды. Қайыртай Жақыпұлы бірнеше ғылыми туындыларды жарыққа шығарды. «Теоретические основы и методика обучения школьников казахскому декоративно-прикладному искусству», «Развитие и модернизация художественного образования Омской области» атты монографиялары жоғары бағаға ие болды. Ол – Омбы қаласында қазақтың қолданбалы сәндік өнерін барынша әйгілеп  жүрген педагог-ғалым. Менің сурет өнеріне деген құмарлығымды байқаған ол түрлі кітаптар мен көрнекті суретшілердің туындыларынан тұратын топтамаларды әкеліп беруші еді. Ұстазым­нан өмірлік тағылым алып, көп нәр­сені үйрендім. Бірде ол мені өзінің ғылыми  жетекшісі, қолданбалы сәнді өнер және дизайн саласының білгірі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Борис Нишумовпен таныстырды.  Кандидаттық диссертациямды даярлау барысында Борис Михайловичтен терең білім-тәлім алып, ғылым кандидаты атандым. Қайыртай Жақыпұлы адал жар, абзал әке, мейірімді ата. Жан жары Бақытгүл әпкемізбен тату-тәтті отбасында Арман, Ерлан атты ұлдарын өсіріп, шаңырағын мәуелі баққа айналдырып отыр. Ұлдарын ғылым саласына баулыса, немересі Асқар атасының жолын жалғастыруда. «Ұстаз еңбегін диқан тірлігімен салыстыруға болады», дейді халқымыз. Өйткені, диқан көктемде жер төсіне сепкен дәнін ала жаздай баптап, күзде жемісін жинайды. Ұстазым да сол секілді. Лайым, солай болғай. Шығармашылығыңыз өрлей берсін, тәлімгер. Мәдуақас Сексенбайұлы, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің доценті, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі