Мұнайлы Маңғыстаудың дамуынан тыс, аймақта экология, халық денсаулығы, күн мен жел энергиясын пайдалану, бизнесті өркендету секілді бағыттарда бұдан да қарқынды жұмыс жүргізуге, жетіспей тұрған тұстарды аз уақыт ішінде қалыпқа келтіруге болады. Біріккен Ұлттар Ұйымынан келген делегация осылай деп, бірлесе жұмыс жасау үшін өз бағдарламаларын ұсынды.
БҰҰ-ның бұл ұсынысын қабыл алған Маңғыстау облыстық әкімдігі өзара бірлескен жаңа бағдарламаны ашу мақсатында екіжақты келісімге қол қойды.
Бірлескен бағдарлама БҰҰ-ның UNDP – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, UNESCO – Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі біріккен ұлттар ұйымы, UNFPA – БҰҰ Халық саласындағы қоры, UNHCR – БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы, UNICEF – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры, UN Women – БҰҰ Гендерлік теңдік және әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі құрылымы және WHO –Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сынды жеті агенттіктің білікті мамандары кеңесімен жүзеге асады.
– Маңғыстау облысы қарқынды даму үстіндегі және тарихи көне ескерткіштерге толы өлке. Осы ескерткіштерді әлемдік деңгейде БҰҰ-ның мұрасына енгізуге болады. Облыс әкімдігімен бірлесе жүзеге асыратын бағдарламамыздың мақсаты – жарқын болашақты бірлесе жасау. Бағдарламада жасыл экономиканы дамыту, тұрғындар денсаулығын жақсарту, кәсіпкерлікті өркендету, – деп таныстырды бағдарлама барысын БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Стивен Тулл.
Ауылдық жерлерде жаңа кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асырып, кіші гранттармен қамтамасыз ететін тетіктерді құруға Қазақстан Республикасы Үкіметімен бірге әрекет ететін олар балалар денсаулығы, жынысты және репродуктивтi денсаулық, жұқпалы емес аурулардың алдын алу және емдеу, өзіне өзі қол жұмсау, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты болдырмау бағдарламаларынан құралған БҰҰ-ның ең үздiк деген халықаралық стандарттар мен практикаларды әкелеміз деп отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, су мен энергияны үнемдеу, табиғи апатты азайту және төтенше жағдайларға дайындалу тәжірибелері де назардан тыс қалмақ емес. Бастаған шаруаларының сәтті жүзеге асуы үшін отандық сарапшыларды және халықаралық мамандарды бағдарламаға қатыстырып, семинар-тренингтер ұйымдастыру жоспарланған.
Қазіргі таңда еліміздің Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырыла бастаған бағдарлама үш жылдан соң өз нәтижесін бере бастайды екен. Бағдарламаны ұсынушылар Маңғыстау облысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық, экологиялық саласын дамытуды көздейді, сондай-ақ, денсаулық саласы және жастар мәселесімен айналыспақ. Бұл саладағы кемшін тұстарға көз жеткізу үшін Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасымен қоян-қолтық жұмыс жүргізуді қалайды. Саламатты өмір туралы ақпараттарды, медициналық қызмет көрсетуді аналар мен жастарға қолжетімді етуді өз жұмыстарының басым бағыттары санайды.
– Жасыратыны жоқ, Қазақстанда аналар өлімі жиі орын алады. Бұл көкейкесті мәселеге үнемі инфрақұрылымның немесе жоғары медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі себеп бола бермейді, кей жағдайларда дәрігерлердің науқасқа деген қарым-қатынасынан да мәселе туындап жатады. Емделушінің оңалуына дәрігердің күтімі, өзіне деген қарым-қатынасы үлкен психологиялық әсер ететіндігі анықталған. Біз осы мәселеге назар аудара отырып, Маңғыстау медицинасына Швейцарияның медициналық жүйесін енгізуді ойлаймыз, – дейді UNFPA-БҰҰ Халық саласындағы қорының директоры Н.Ботев денсаулық сақтау саласы бойынша жасалатын жұмыстар жөнінде.
Маңғыстауда БҰҰ бағдарламасын ұсынушы делегация Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаевпен кездесіп, екіжақты келісімге қол қойды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ.