Қоғам • 11 Мамыр, 2023

«Піс, қазаным, бес ай!..» немесе «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қашан қабылданады?

839 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 1 қыр­күйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», деді.

«Піс, қазаным, бес ай!..» немесе «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қашан қабылданады?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі отандық тауар өндірушілерді қуантып тастағаны даусыз. Алайда мүдделі мемлекеттік органдар Президент тапсырмасын орындауға онша асықпайтын тәрізді. Жоғары лауазымды шенеуніктер құдды ертегідегі Шық бермес Шығайбайша: «Піс, қазаным, бес ай!..», дес­кендей болып, маңызды істі әдейі созбаққа салып отырғандай әсер қалдырады. Бірақ оларды Алдар көсеше он ай омала отырып күтуге отандық кәсіпкерлердің жүй­келері шыдағанымен, шаруалары­ қожырап, жағ­дай­­­­лары қиындап тұр.­ Сол се­бепті жуыр­да Парла­мент­ Мәжілісінің депутаты,­ белгілі мемлекет­ және­ қо­ғам­­­ қайраткері Бақ­ты­қо­жа­­ Ізмұхамбетов Үкіметке де­пу­тат­­тық сауал жолдауға мәж­бүр болды.

«Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында отан­­дық өндірісті дамыту, биз­нес­тің айналым қаржысын қамтамасыз ету, өнім шы­ға­рушының қазақ­стандық ұс­та­нымға ұмты­лы­сын қорғау көзделген. Сон­дықтан мем­ле­кеттік сатып алу шар­тын,­ Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­ның халықаралық сауда ережелерін сақтай отырып, ішкі өнімді өндірудің ұтымды жақтарын қарастыру басты назарда болуы қажет. Менің депутаттық сауа­лым­ мал жүнінен сапалы жа­мыл­ғы­ларды дайындайтын отан­дық­ кәсіпкердің өнімін қор­ғау­ға қатысты. Мысалы, Аты­рау­ қаласында италиялық тех­нологиямен 300 тонна қой­дың, 100 тонна түйенің жүнін тазалап, бояп, иіріп, дүниежүзілік стандартқа сәйкес жамылғы шығаратын тамаша өндіріс айналым қаржысының жет­пе­уінен қиындық көріп тұр. Себебі теміржол, балабақша, ауруха­на­, мектеп-интернаттар, демалыс орындары бағасы тө­ме­нірек синтетикалық жа­мыл­­ғыларды сатып алады. Ол жамылғылар шетелдерден­ ке­леді. Бұл жерде кор­­руп­­ция­лық­ қызығушылық та жоқ емес. Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында мем­ле­­кеттік сатып алу кезінде ай­­қын­даушы көрсеткіш – баға емес, оның сапасы болуы керек екені айтылған. Сатып алу шартында денсаулыққа пайдалы табиғи материалдан жасалған жамылғы болуы керек екені қарастырылса, тапсырыс берушілер жергілікті тауар өндірушілердің сапа­лы­ өнімдерін ғана сатып алған болар еді. Оның үстіне, елімізде мал жүнін пай­да­лану мәселесі де аса ма­­ңыз­ды­ екенін ескеріп, «Мем­ле­­­­кеттік сатып алу ту­ра­лы»­­ заңға өзгерістер мен то­лық­­­ты­рулар енгізгенде ішкі өнім­ді қолдайтын осындай ұсыныстарды ескеруді сұ­рай­мын»­, деді мәжілісмен.

Атыраудағы жүн өңдеу фаб­­ри­касында осыдан бірне­ше­­ жыл бұрын біз де болып,­ көп ауылда кәдеге аспай жат­қан қой мен түйе жүнінен та­ма­ша өнімдер шығарылып жат­­қанын өз көзімізбен кө­ріп, тәнті болғанбыз. Кей­бір мей­мандардың қы­зық­­­­­қандығы сондай, түйе­ жү­ні­нен жасалған жа­мыл­ғы­ның­ 5-10 данасын бір-ақ­ са­тып алып жатты. Сол жо­лы­ аталған кәсіпорынның келе­ше­гі жарқын болаты­ны­на үл­кен үміт артып ат­тан­ған едік.­ Өкінішке қарай, Бақ­ты­­қожа Ізмұхамбетовтің де­пу­тат­тық сауалынан оның қа­зір­гі жағдайы мәз емес екені аң­ғарылып тұр.

Депутаттық сауалға Үкі­мет­­­тің қайтарған жауабында:­ «Қазіргі уақытта Қаржы ми­нис­­трлігі сатып алынатын тауар­лардың, жұмыстар мен көр­сетілетін қызметтердің ең төменгі бағасынан сапа­ның, сондай-ақ жергілікті қам­тудың басым болуын көздейтін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңды әзірлеу жұмысын жүргізуде. Осылайша, «Мемлекеттік са­тып алу туралы» Заң жоба­­­сының реттеушілік сая­сат­­­­тың консультативтік құ­жа­­­тында отандық тауар өнді­ру­­шілерді қолдау, сондай-ақ сапалы тауарларды сатып­ алу мақсатында тапсырыс­ берушіге отандық өнім беру­ші­лер өндіретін бірнеше тауар­дың фирмалық атауларын көрсетуге мүмкіндік беру көзделген. Қазіргі кезде аталған заң жобасы мүдделі мем­лекеттік органдармен келі­сілуде», делінген.

Мемлекет басшысы­ атал­ған­ заң­ды әзірлеу қажеттігін өз Жолдауында айтқаннан бері­ сегіз айдан астам уақыт өтті­. Алайда заң жобасы Пар­­ла­мент Мәжілісінің қара­­уына әлі­ түскен жоқ. Осы­ орайда Президенттің биыл­ғы­ 19 сә­уір­де еліміз­­­­дің әлеу­­­мет­­­тік­экономи­ка­лық да­­­­­­му­­ мәсе­ле­ле­рі жөніндегі ке­ңей­тілген кеңесте сөйлеген сөзінде: «Жария етілген көптеген реформа әлі де баяу жүріп жатыр. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет ескі жұмыс тәсілін түбірімен жою үшін ерік-жігер танытуға тиіс»,­ дегені еріксіз еске түседі.

Пайымдап қарасақ, депу­тат­ Бақтықожа Ізмұхам­бе­тов­тің­ Үкіметке жолдаған депу­­тат­­тық сауалындағы: «Бұл жер­де кор­рупциялық қызы­ғу­шылық та жоқ емес», деген сөз­і­ де бекерден-бекер­ ай­­тыл­маса керек. Себебі отан­ды­қ­ өндірісті отыз жыл бойы­ өрге бастырмай келген­ бас­ты фактор – сы­бай­­лас жем­қор­лық­ болғаны белгілі. «Дәнік­­кеннен құныққан жаман» демекші, жосықсыз кәсіп­­керлермен ым-жымы бір­ кей шенеуніктер ескі жүйе­нің «бармақ бас­ты,­ көз қыс­тысына» әбден үй­рен­ген әдет­терінен енді «тоқ­пақ­тың күш­тілігінен» ғана әрең арылып жатқан сияқты...